03 Наурыз 2026, 16:12
Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын жүзеге асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды. Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары туралы, «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол жұмыстарын жүзеге асыру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау туралы баяндады. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайы 97,5%-ды құрады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Үкімет отырысында өңірдегі автожол жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Ол облыс аумағындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6459,9 шақырымды құрайтынын атап өтті. Былтыр өңірде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары саласында жалпы құны 16,2 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
«Аталған жобалардың 2-еуі толық аяқталып, пайдалануға берілді. 1 жоба бойынша қазіргі уақытта реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты 3 жоба 2027-2028 жылдарға ауыстырылды. Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 3,2 млрд теңге көлемінде жоспарланған орташа жол жөндеу бойынша 6 жобаның 5-еуі толық аяқталды, 1 жобаның құрылысы келесі жылы аяқталады. Өңірдің жол инфрақұрылымын жүйелі дамыту бағытында жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайы 97,5%-ды құрады, бұл жол сапасының жақсарғанын көрсетеді», — деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Аймақ басшысы «Ақтау – Форт-Шевченко» автомобиль жолын реконструкциялау мәселесіне тоқталып, жоба қазіргі уақытта бюджет қаражатының шектеулігіне байланысты толық көлемде қаржыландырылмағанын хабарлады. Жалпы алғанда, жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру көзделген. I кезең ұзындығы – 30 шақырым, нақты 10,5 млрд теңге бөлініп игерілген. Жұмыстарды аяқтау үшін республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша қаржыландыру қажет етіледі. Қазіргі уақытта ұзындығы 23 шақырым учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. II кезең ұзындығы – 31 шақырым. Қазіргі уақытта ұзындығы 5 шақырым учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімдігі тарапынан республикалық бюджеттен қосымша қаражат тарту, сондай-ақ объектілердің басымдығы, құрылыс дайындығының деңгейі және көліктік маңыздылығы ескеріле отырып, бюджет қаражатын қайта бөлу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 19 жобаға 3 млрд теңге сомасында қаржы қарастырылған. Оның ішінде 4-еуі толық аяқталып, пайдалануға берілді, 15 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы ұзындығы 139 шақырым көше-жол желісінің 19 жобасын жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Оның ішінде ұзындығы 55,4 шақырым болатын 8 жоба толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінде жалпы ұзындығы 83,6 шақырымды құрайтын қалған 11 жобаны жүзеге асыру жалғасуда. Былтыр «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы жалпы ұзындығы 5,9 шақырым болатын 2 жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Аталған жобалар 2026 жылға өтпелі.
Облыс әкімінің сөзінше жол құрылысы жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында 2025 жылы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығымен 607 млн теңге сомасына үшжылдық келісімшарт жасалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын сапа сараптамасын қамтуды жергілікті автомобиль жолдарының желісі бойынша 100%-ды құрады. 200 нысанға шығу жүргізіліп, 185 млн теңге сомасына 688 материал сынамасы тексерілді. 2025 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жүргізілген жөндеу жұмыстарын сақтау мақсатында салмақтық габаритті бақылаудың 2 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылды: KR-1 «Ақтау – Форт-Шевченко» және KR-5 «Ақтау – Құйылыс» бағыттарында. 2026-2029 жылдарға тағы 11 автоматтандырылған өлшеу стансасын орнату жоспарланып отыр, соның ішінде:
Өңірдің жол инфрақұрылымын жүйелі дамыту жұмысы тиіс деңгейде жалғасады, жобаларды жүзеге асыру облыс әкімдігінің бақылауында.
Атырау облысында 2025 жылы 235 шақырым жол жөнделді
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және кемшіліктерді жою жөніндегі шаралар туралы баяндады. Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6542 шақырымды құрайды.
«Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6542 шақырымды құрайды. 2025 жылы 45 елді мекенде 78 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 235 шақырым жол жөнделіп, автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 83%-ға жетті, осы жылы бұл көрсеткішті 86%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Жол көлік саласына келетін болсақ, жол құрылыс жұмыстарының сапасына баса көңіл бөліп отырмыз. Бірінші кезекте нысандарда қоғамдық бақылау ұйымдастырылған, одан бөлек жол сапасын қамтамасыз ету мақсатында техникалық қадағалаумен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» арқылы зертханалық тексерулер күшейтілді. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 370,0 млн тенге қаражат бөлініп, 78 жоба 100% толықтай қамтылды. 2025 жылы жол-құрылыс жұмыстарының мониторингінің нәтижесінде 484 ақау анықталды. Мердігерлер тарапынан кепілдік міндеттемелері шеңберінде 150-ге жуық ақау қалпына келтірілді. Нысандарды қабылдау ақаулар толықтай қалпына келтірілгеннен кейін орталықтың оң қорытындысымен жүзеге асуда. Ақаулардың анықталуы бақылаудың күшейтілуі нәтижесінде сапаға айрықша көңіл бөліп отырғанымыздың айғағы», — деді облыс басшысы Серік Шапкенов.
Оның сөзінше автокөліктердің рұқсат етілген салмақ нормаларын бақылау және жолдың мерзімінен бұрын тозуын алдын алу мақсатында автоматтандырылған өлшеу стансалары орнатылып жатыр. Бүгінде, облыстық маңызы бар жолдарда жоспарланған 4 дана өлшеу құрылғыларының 3-уі іске қосылды, осы жылы тағы 1 данасын қондыру жоспарланып отыр. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 9 автоматтандырылған өлшеу құрылғыларын орнату жоспарда, қазіргі уақытта 2 данасы қондырылған, қалған 7 данасын орнатуды осы жылы бастап, келесі жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Жол инфрақұрылымының сапасын арттыру және бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда.
Биыл ШҚО-да 300 шақырымнан астам автомобиль жолдарын қамтитын жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарының 94%-ы нормативтік талаптарға сай келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді. Ол өткен жылы ауылдық елді мекендерге апаратын 90 шақырым кірме жолға 3,8 млрд теңгеге және негізгі туристік рекреациялық аймақтарға апаратын 160 шақырым жолға 5 млрд теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
«Аталған жұмыстар биыл да жалғасады. Туристік бағыттар бойынша 114 шақырым жолды және ауылдық елді мекендерге апаратын 100 шақырымнан астам кірме жолды жөндеу жоспарлануда. Шығыс Қазақстан облысының автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы 10,6 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде өткен жылы жол-көлік инфрақұрылымының нысандарын жөндеу және салу бойынша 30 млрд теңгеге 355 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелері қамтылды. Сонымен қатар күрделі салымдар көлемін ұлғайту бағытына басымдықпен қайта бөлу қамтамасыз етілді, оның ішінде, құрылыс пен қайта жаңғыртуды қаржыландыру 2 еседен астам: 3,8 млрд теңгеден 7,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Шемонаиха қаласындағы құны – 7,7 млрд теңге болатын Үбі өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жобасы әзірленді. Сонымен қатар Өскемен қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы бойынша жоба әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу – биыл шілде айына жоспарланып отыр», — деді облыс басшысы.
Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше «E-Joldar» платформасын жүзеге асыру аясында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына цифрлық паспорттар әзірленген. Осы жылы бұл жұмыс аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көше-жол желісінде жалғасатын болады. Сондай-ақ биыл ауыспалы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру және облыстың 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары мен көшелерін қамтитын жаңа жобаларды іске қосу көзделуде. Аталған мақсаттарға шамамен 20 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Өткен жылдан кен тасымалдайтын жүк көліктерінің қозғалыс бағыты бойынша Үлкен – Нарын – Күршім және Шемонаиха – Секисовка учаскелерінде автоматтандырылған өлшеу жүйесінің екі кешенін орнату басталды. Осы жылдың соңына дейін жобаны аяқтау жоспарланған. 2027–2029 жылдарға тағы 2 автоматтандырылған өлшеу жүйесінің кешенін орнату көзделуде.
Биыл күзде Жетісу облысында 8 көпірді реконструкциялау аяқталады
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында өткен жылғы кезеңдегі автожол саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар және 2026 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.
«Жетісу облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4,0 мың шақырымды құрайды. Жалпы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 108 көпір орналасқан. Оның ішінде 15 көпір апатты деп танылған болатын. 15 көпірді реконструкциялау және күрделі жөндеу мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді. Жобалардың жалпы құны – 12,7 млрд теңгені құрады. Бүгінгі күнде 5 көпірді күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Оның сегізі бойынша қайта жаңғырту жұмыстары биыл күзде толық аяқталады. Қалған екі көпірдің жөндеу жұмыстарын биыл жыл соңында аяқтау үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге қаражатты бөлу жоспарланған. Нәтижесінде, жоспарланғанындай барлық 15 апатты көпірлер биыл реконструкциядан және күрделі жөндеуден соң пайдалануға беріледі. Жалпы бүгінгі күні облыс арқылы өтетін 1050 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі – 100 %-ды, жергілікті маңызы бар 3 мың шақырым жолдар бойынша – 95%-ды құрайды», — деді Бейбіт Исабаев.
Облыс басшысының сөзінше осы жолдардың нормативтік жағдайын қамтамасыз ету мақсатында облыста 2024 жылдан бастап 10 автоматтандырылған өлшеу стансасы (АСИ) орнатылған. Барлық жол жөндеу жұмыстарының сапасы Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен қадағаланады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу