Ақмола облысында үш ауысымды оқыту жойылды – Марат Ахметжанов

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірді әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. 

«Облыста оң нәтижелерге қол жеткізілді. Өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 10 айда 1,4 мрлн теңгеге жетіп 13%-ға артты. Өсім өңдеу және тау-кен өндіру салаларында өндіріс көлемінің артуымен негізделеді. 41 млрд теңге сомасына 9 өңдеу өнеркәсібі жобаларының ішінен 7 жоба іске қосылды, ал қалған екі жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда», — деді өңір басшысы.

Марат Ахметжанов Ақмола облысы құрамында алтын бар рудалар мен қойыртпаларды өндіруде ел бойынша көшбасшы аймақ екенін атап өтті. «Қазақалтын» ЖШС, «Алтынтау Көкшетау» АҚ және «RG Gold» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындар осы салаға айтарлықтай үлес қосты. Тау-кен байыту өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 175,1 млрд теңгені құрады. 

Аймақ әкімінің сөзінше, биыл облысқа 530 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Инвестицияның негізгі көлемі екі жел электр станциясының құрылысы, темір жол жүк тасымалы және басқа да жобалар есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар әкімдік тарапынан Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулын енгізу жұмысы жалғасуда, ол – 4,6 мың жұмыс орнын ашу арқылы 726,7 млрд теңгеге 67 жоба.   

Марат Ахметжанов Бірыңғай индустрияландыру картасы да жаңа өндірістерді ашуға әсер еткенін айтты. Биылғы жылы 26 млрд теңге сомасына үш жобаны іске қосу жоспарлануда, бұл шамамен 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жеке инвесторлардың арқасында 178 млрд теңгеге 138 жоба іске асырылды, ол 1,5 мыңнан астам облыс тұрғындарын жұмыспен қамтуға ықпал етті.    

Сонымен қатар Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аграрлық сектордың дамуы туралы айтты. Ақмола облысы жыл сайын еліміздің жоғары сапалы азық-түлік бидайының төрттен бірін өндіретін жетекші ауыл шаруашылығы өңірлерінің бірі болып табылады. 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 664 млрд теңгені құрады.

«Күрделі табиғи-климаттық жағдайлар өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру көлеміне айтарлықтай әсер еткеніне қарамастан, диқандардың қажырлы еңбегінің арқасында біздің облыс 3 млн тоннадан астам астық жинады», — деп атап өтті Ақмола облысының әкімі.

Сондай-ақ Марат Ахметжанов зардап шеккен фермерлерге көрсетілетін көмек туралы айтып берді, Үкіметтің резервінен субсидиялаудың барлық бағыттары бойынша берешекті өтеуге 16,1 млрд теңге бөлінді, банктік сыйақыларды өтей отырып, кредиттік міндеттемелер 1 жылға ұзартылды, 3-класты бидай үшін 120 мың теңге және 4-класты бидай үшін 105 мың теңге сомасында ауыл шаруашылығы өніміне сатып алу бағасы белгіленді.

Әкімнің айтуынша, аймақта мал шаруашылығы дамып келеді. Ет өндірісі артты. 352 мың тонна сүт өндірілді, 608 млн дана жұмыртқа алынды. Бұдан бөлек, облыста 46 жаңа ет және 5 сүт-тауарлы фермасы құрылды, сондай-ақ 15 млрд теңге қолжетімді кредиттік қаражат есебінен 7 СТФ қаржыландыру арқылы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен кредиттеу жөніндегі бағдарламаны іске асыру басталды.

Өңірде жұмыс істейтін 73 өңдеуші кәсіпорынның өнімділігі артты, бұл облысқа азық-түліктің едәуір мөлшерін өндіруге және Бұланды ауданында Макинск құс фабрикасының 3-кезегін, Аршалы ауданында «Ақ-Дала Агро» ЖШС пайдалануға беру есебінен «ақ» ет өндіру бойынша көшбасшылардың бірі болуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Марат Ахметжанов Ақмола облысының Астана маңы аудандарында өмір сүру мен жұмыс істеу үшін тартымды инфрақұрылым құру туралы айтып берді.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз елорда әкімдігімен бірлесіп Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатырмыз. 303 іс-шарадан тұратын тізбесі құрылды. Алдын ала тізімге әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді, өрт сөндіру деполарын және басқа да маңызды объектілерді салуға қатысты жобалар енгізілген», — деді ол.

Сондай-ақ әкім Астана агломерациясының аймағына кіретін Аршалы, Шортанды және Целиноград аудандарының, сонымен қатар Қосшы қаласының аумақтары 180 мыңнан астам адам тұратын және ең үлкен маятниктік көші-қон байқалатын Ақмола облысының ең тығыз қоныстанған аумақтарының бірі болып табылатынын атап өтті.

«Қала маңындағы аймақта тұру және жұмыс істеу үшін қолайлы жағдайлар жасау елордаға көші-қонды қысқартуы мүмкін, бұл өз кезегінде қаланың көлік және әлеуметтік инфрақұрылымына жүктемені азайтады», — деп өңір басшысы.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облысының облыс орталығында келер жылы су құбыры және кәріз тазарту құрылыстарын салу бойынша жобаларды іске асыру басталатынын хабарлады. 

«Ауыз судың сапасын жақсарту мақсатында облыс орталығында су құбырын тазарту құрылыстарын қайта құру және кеңейту жобасы іске асырылуда. Биыл облыс бюджетінен осы мақсаттарға қаражат бөлінді. БАӘ-ден жабдықтар жеткізушілермен келісімшарттар жасалды. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны іске асырғаннан кейін 177 мың адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Тазарту құрылыстарының өнімділігі тәулігіне 30 мың м3 құрайды», — деді ол.

Қолданыстағы су тазарту құрылыстары 1970 жылдан бастап пайдаланылуда. Жаңа жобада блок-модульдік электролиз қондырғысын қолдана отырып, заманауи жабдықтар орнатылады. Жобаны іске асыру қаланы қажетті көлемде және кепілдендірілген сапалы сумен қамтамасыз етуге, барлық санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кәріз тазарту құрылыстарын салуға қатысты Марат Ахметжанов Көкшетау Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген 69 қалада КТҚ жобаларын іске асыру кестесіне кіргенін атап өтті. 

«Өнімділігі тәулігіне 50 мың текше метр болатын бұл жоба 2010 жылы басталды. Қазіргі уақытта жоба түзетуді талап етеді және жобалауға арналған техникалық тапсырманы «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-мен келісу процесі жүргізілуде», — деп атап өтті М. Ахметжанов.

Сонымен қатар Дубайда «Metito» араб компаниясымен Көкшетау қаласы үшін сарқынды суларды тазарту жөніндегі жобаны іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Ақмола облысының аумағында Нұра топтық су құбырына жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарының барысы туралы баяндады. 

Ұзындығы 337 км Нұра топтық су құбыры облыстың Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының аумағында тұратын 14 мың ақмолалықтар үшін сумен жабдықтау көзі болып табылады. 70-жылдары салынған нысанның көп бөлігі апатты жағдайда. Жиі тесілулер тұрғындардың әділ шағымдарын тудырды. Биылғы жылдың мамыр айында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Брифинг барысында Марат Ахметжанов осы өзекті мәселенің шешілгені туралы айтты.

«Бүгінгі таңда су құбырын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, онда екі мердігер ұйым жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 50 км траншея қазылды. 33 км-ден астам құбыр төселді, оның 6,2 км ауыстырылды және пайдалануға берілді», — деп атап өтті облыс басшысы.

Оның айтуынша, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп құбырдың апатты магистральдық бөлігін ауыстыру технологиясын өзгерту жөнінде жедел шешім қабылданған. Қазір аудан тұрғындарының үйлерінде 7 айдан кейін алғаш рет жүйелі су беру жүргізілуде.

Жалпы облыс бойынша 2025 жылға қарай жобалау-сметалық құжаттар әзірленген 38 ауылды қоса алғанда, 65 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін салу жоспарлануда, 27 ауылда әзірлеу сатысында тұр. Сондай-ақ 105 ауылда су тарататын кешенді блок-модульдер немесе пункттер орнату жоспарланған. Бүгінгі таңда облыс халқының 94,3%-ы сапалы сумен жабдықтауға қол жеткізе алады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Өңірде медицинаға ерекше көңіл бөлінеді. Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл ауылдық жерлерге 85, қалалық жерлерге 31 дәрігер келді. Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың тиімді жүйесін құру мақсатында көтерме төлемдер ұлғайтылды. Қалалық жердің мамандарына 1,5 млн-нан 2,5 млн-ға дейін және ауылдық жерлерге 2,5 млн-нан 5 млн-ға дейін. Қосымша сирек мамандықтар үшін 100 ең төменгі  жалақы – 8,5 млн бөлінді. Бұл қаражат «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме төлемдер мен кредиттерден бөлек бөлінетін болады», — деп атап өтті облыс әкімі. 

Сонымен қатар жыл сайын оқу гранттары бөлінеді, мысалы, резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриатқа оқуға 50 грант. Орта буын медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінеді. Жалпы денсаулық сақтау жүйесінде көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша барлық жоспарланған іс-шаралар жалғастырылатын болады.

Ақмола облысының 270 мектебі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Марат Ахметжанов брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, өңір әкімдігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Ақмола облысының елді мекендерінің сапалы интернет байланысына қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі 2024-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойғанын айтты.

«Біз қала мен ауыл арасындағы айырмашылықтарды азайту мақсатында жаңа технологияларды пайдалануды жақсартуға тырысамыз. Сондай-ақ білім беру саласында цифрландыруға ерекше назар аударамыз. Жақында біздің облыс, 30 мыңнан астам оқушы оқитын 270 ауылдық мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша «Starlink» пилоттық жобасына енді», — деді өңір басшысы.

Пилоттық жоба Целиноград ауданы Майшұқыр ауылының орта мектебінде іске қосылды, онда оқушылар елімізде алғашқылардың бірі болып жоғары жылдамдықты интернетті пайдаланушылар болды. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында өңірде үш автомагистральды – «Астана – Көкшетау», «Астана – Ерейментау», «Астана – Аршалы» интернетпен қамтамасыз ету қарастырылды. Сонымен қатар Ақмола облысында 306 ауылды оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ Көкшетау қаласында 5g стандартының 56 базалық станциясын орнату жоспарлануда.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде үш ауысымды оқыту мәселесі шешілгенін айтты. Оқушы орындарының тапшылығын шешу бойынша да үлкен жұмыс жүргізілуде. 

«Демографиялық өсу қарқыны білім беру жүйесі үшін үлкен сынақ болып табылады. Мектептердің жетіспеушілігі елдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Биыл жаңа 5 мектепті іске қосу есебінен біз үш ауысымды оқытуды жойдық. Алайда елордалық өңірде және облыс орталығында мектептердің шамадан тыс жүктелуі мәселелерін шешу жұмысы жалғасуда. Жыл соңына дейін 3 мектепті іске қосу жоспарланып отыр, тағы 6 нысанның құрылысы жүргізілуде», — деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кетсек, облыстың шамадан тыс жүктелген аймақтарының бірі Қосшы қаласы болды. 1 қыркүйекте бірден 2700 орындық 2 мектеп ашылды. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 22,6 мың оқушы орнына 18 мектепті іске қосу жоспарланған, оның 9-ының құрылысы басталды.

Бұдан бөлек, Марат Ахметжанов облыс орталығында ЖЭО салудың жоспарлары мен перспективалары туралы айтып берді. 

Еске сала кетейік, Көкшетау облыс орталықтарының қатарына кіреді, онда электр энергиясының жеке көзі жоқ және жыл бойы ыстық су жоқ.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ел Үкіметімен бірлесіп ЖЭО салу жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, жылу және электр энергиясын үздіксіз беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өткен айдың басында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында Көкшетау қаласында ЖЭО салу бойынша меморандум жасалды. Жобалық-сметалық құжаттама түзетілуде», — деп атап өтті өңір басшысы.

Айта кетейік, бүгінде қаладағы жылумен жабдықтау көзі аудандық қазандықтар болып табылады. ЖЭО құрылысы экономикалық тиімсіз жылыту жүйесін электр және жылу энергиясын өндірудің жоғары тиімді аралас тәсілімен ауыстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсартуға, халықты ғана емес, өнеркәсіптік кәсіпорындарды да электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірде табиғи газды жеткізу басталған кезде ЖЭО қазандық жабдығын қатты отыннан (көмірден) газға ауыстыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу жоспарланған, нәтижесінде қоршаған ортаға әсер ету төмен деңгейде болады.

Бұдан бөлек, Марат Ахметжанов өңірдің туристік әлеуетіне тоқталды.

«Биыл туристерді орналастыру қызметінің көлемі бойынша Ақмола облысы республикада Алматы және Астана қалаларынан кейін үшінші орында. Қазір облыста жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық туристік жоба сәтті жүзеге асырылуда. 2024 жылға инвестиция көлемі 25 млрд теңгеден асатын 30 жаңа жоба жоспарланған. Биыл Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасына қол қойылды», — деді өңір басшысы.

Алдағы уақытта аквапарк, тау шаңғысы курорты мен конгресс-холл құрылысына, құны 30 млрд теңгеден асатын инфрақұрылымдық жобалардың құрылысына және курорттық аймақты цифрландыруға ірі инвесторлар тартылатын болады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағы туристердің жалпы легі жылына 1 млн-нан астам адамды құрайтын келулердің жалпы құрылымында көшбасшы болып табылады.

«Ауылдың инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Санитариялық жағдайын жақсарту мақсатында тазалық және абаттандыру жұмыстарына үш есе көп қаржы бөлініп, тазалау және қоқыс шығару кестесі күніне алты есеге дейін ұлғайтылды. Биыл 500 орындық екі автотұрақ салынды. Болашақта 3000 орындық автотұрақтарды салуға мүмкіндік бар», — деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ ол облыстың туристік кластеріне 600-ден астам кәсіпорын кіретінін, онда 22 мыңнан астам ақмолалықтардың жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Аймақ басшысының сөзінше, облыстың басқа аудандарында да туризм қарқын алуда. Елордалық аймақтарда демалыс туризмі белсенді дамып келеді, бұл елдің басты курортына жүктемені жеңілдетеді. Ақкөл, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласы осы бағыттағы ең келешегі бар өңірлер  болып саналады.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясы соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу