03 Қараша 2026, 11:10
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын ұсынды. Құжат 12 бағыт бойынша 96 іс-шараны қамтиды.
Ұлттық экономика министрінің сөзінше инфрақұрылымдық жаңғыру бағыты аясында «Халықтық құрылыс» даму жоспары бекітіледі. Сонымен қатар 2027 жыл Халықтық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланады. Негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Қалалық ортаны жаңартудың жүйелі негізі ретінде ірі қалаларды ұзақмерзімді дамытуды ескере отырып, қала құрылысы құжаттарын әзірлеу, сондай-ақ олардың цифрлық сыңарын жасау жүзеге асырылады. Жалпыұлттық жоспар аясында сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуды қаржыландыру, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету қарастырылған.
Көлік-логистика әлеуетін нығайту аясында елдің инфрақұрылымын кеңейту негізгі бағытқа айналады. 2027 жылдың мамыр айында Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған, ал маусым айында ірі әлемдік компанияны тарта отырып, Астанада әуежай құрылысы басталады. Сонымен қатар 2027 жылдың соңына дейін «Бақты – Аягөз» теміржол желісін пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл Қазақстанды Еуразиядағы көлік-логистикалық хабқа айналдыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болады.
Автокөлік саласында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу мен қайта құру жұмыстары жалғасады, оның ішінде «Арал – Каспий» және «Көкшетау – Петропавловск» күре жолдары қарастырылған.
«Барлық автокөлік өткізу бекеттерін толық қайта құру, сондай-ақ зияткерлік көлік жүйесін енгізу арқылы жүк тасымалын электрондық құжаттарға көшіру жүзеге асырылады. Энергетиканы дамыту бағыты аясында негізгі міндеттердің бірі тұрақты энергия артықшылығын қамтамасыз ету болып саналады. Жаңа электр стансаларын салу және қолданыстағы станцияларды жаңғырту, оның ішінде “таза” көмірлік генерацияны және электр беру желілерін дамыту жалғасады. Сала үшін стратегиялық бағдар ретінде елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақмерзімді энергетикалық теңгерім өзектендіріледі. Атом саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. 2027 жылдың соңына дейін АЭС-тердің жеке қажеттіліктері үшін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын қалыптастыру және “Мойынқұм” АЭС бойынша Үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланған. Сала үшін білікті кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілетін болады», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану және индустриялық-технологиялық даму саласында осы жылдың соңына дейін айрықша маңызды металдар қорларын басқарудың ұлттық жүйесі жасалады. 2027 жылы елдің индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету тетіктерін енгізу, сондай-ақ «Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы» ақпараттық жүйесін толығымен толтыру арқылы геологиялық деректердің ашықтығын қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар геологиялық барлау тәсілдері өзгереді. Озық технологияларды қолдануға және цифрлық геологиялық карталарды қалыптастыруға басымдық беріледі.
«Агроөнеркәсіп кешенін және су ресурстарын жетілдіру саласында мал шаруашылығы, өнімді қайта өңдеу және сақтау бағдарламаларын ұзақмерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін қолдау жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап барлық ауыл шаруашылық өндірушілердің агрологистикалық орталықтардың инфрақұрылымына тең қол жеткізуі қамтамасыз ету жоспарланған. Су ресурстарын басқару бөлігінде 2027 жылдың наурызында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру аяқталады. Инвестициялық саясат саласында 2027 жылы мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы функциялардың қайталануын жоюға, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, ортақ және цифрлық басқаруды қамтамасыз ете отырып, ұлттық инвестициялық саясат түбегейлі қайта қаралады», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Отандық өндірісті қолдау саласында «Халықтық құрылыс» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобалары үшін құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды шығаруды дамытуға ерекше мән беріледі. Сонымен қатар жедел тәртіппен «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізілетін болады. Шағын және орта бизнесті дамыту саласында осы жылдың соңына дейін Орта кәсіпкерлікті дамыту жоспары бекітіледі. Құжат кәсіпорындарды ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қарастырады. Сонымен қатар бақылау жүйесін қайта жүктеу және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін үзіліс ретінде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің мақсатқа сәйкестігі туралы шешім қабылданады.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше «Халықтық цифрлық экономика» бағыты аясында үшінші суперкомпьютерлік кластер пайдалануға беріледі. Цифрландырудың бұдан арғы бағыты жасанды интеллектіні коммерцияландыруды және блокчейн технологияларын белсенді дамытуды қамтиды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін маркетплейстер мен сауда желілері арқылы өткізу үшін жағдай жасалады. Макроэкономикалық саясат саласында мемлекеттік бюджетті консервативті және шынайы макроэкономикалық болжамдар негізінде қалыптастыруға ерекше назар аударылатын болады. Заңнамалық қамтамасыз ету бөлігінде осы жылдың соңына дейін Құрылтайға «Капитал нарығы туралы» Заң жобасы, сондай-ақ бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, қалыптастырылған салық заңнамасына нақты өзгерістер енгізілетін болады. 2027 жылы Қазақстан қор биржасы (KASE), Астана халықаралық қаржы орталығы және Alatau City арасындағы серіктестікті нығайта отырып, Қаржы нарығын дамытудың бірыңғай стратегиясы туралы Жарлық бекітіледі. Қаржы жүйесін кешенді жаңғыртудың қорытынды кезеңі мемлекеттік қазынашылық жүйесін толық цифрландыру болады.
«Әлеуметтік саясат және адами капиталды дамыту саласында азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған негізгі бастамаларды атап өтейін. Халықтың табысын арттыру үшін ең төменгі айлық жалақы мөлшері 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі. Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің учаскелік қызметі мамандарының жалақысы тәжірибесі мен жүктемесіне қарай сараланған қосымша төлемдер есебінен арттырылатын болады. Атаулы әлеуметтік қолдау көрсету бөлігінде жыл соңына дейін отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың жаңа цифрлық тәсілдерін пилоттық сынақтан өткізу аяқталады, мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады. Білім беру саласында келесі жылдың соңына дейін балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте бағалау бойынша мәселе пысықталатын болады. Сонымен қатар мұғалімдер қауымын институционалдық қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Педагогтерге түсетін артық жүктемені есептер санын азайту, оның ішінде цифрлық платформалар мен жүйелердегі есептерді қысқарту есебінен айтарлықтай төмендету жоспарлануда. Реформалардың институционалдық негіздерін күшейту аясында тиісті Кешенді жоспар қабылданатын болады. Мемлекеттік қызметкерлер үшін жаңа этикалық стандарттар мен қағидаттар енгізіледі», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Жүргізіліп жатқан өзгерістердің стратегиялық бағдары ретінде елдің дамуының ұзақмерзімді құжаты әзірленетін болады. Бұл құжатты Президент Әкімшілігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі және Стратегиялық зерттеулердің Қазақстандық институты әзірлейді.
#Білім беру #Инвестициялар #Мемлекет басшысының Жолдауы #Серік Жұманғарин #Экономика #Құрылыс«Бұл ретте, әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыруға Үкіметтің өзі жауапты болғандықтан бұл жұмысқа белсенді араласамыз және елдің дамуына елеулі үлесімізді қосамыз. Үкіметпен Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының барлық бағыттарының уақтылы және сапалы орындалуы қамтамасыз етілетін болады. Ұсынылып отырған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын қолдауларыңызды сұраймын», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу