Алматы облысында жаңа визит-орталық ашылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Іле Алатауы ұлттық паркінде орналасқан Turgensai визит-орталығының ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ шараға мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, «QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаев және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. 

Turgensai – Іле Алатауы ұлттық паркінің картасындағы екінші визит-орталық. Ол заманауи стандарттарға сай құрылған. Мұнда облыс туристері мен қонақтарына ұлттық парктің қызметі туралы барлық қажетті ақпарат ұсынылатын болады.

«Ел басшылығы экотуризмді дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөледі, бұл туралы тиісті тапсырмалар берілді. Алматы өңірінде ұлттық парктер көп, осыған орай өңір  экотуризмді дамытудың негізгі бағыты саналады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Алматы кластерінің аумағындағы үш ұлттық паркке келушілер саны оның алдындағы жылдар көрсеткіштерінен асып түсті. 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша да ұлттық парктерге келушілер саны артқан. Мұның бәрі экотуризмнің дамып, аталған мәдениеттің халық арасында кеңінен таралып келе жатқанын байқатады», — деді вице-премьер Ералы Тоғжанов.

Turgensai орталығында келушілер ұлттық паркпен танысып, Түрген шатқалының қол тимеген табиғаты бойынша саяхаттауды бастайды. Орталық Алматыдан 80 шақырым жерде, табиғат ескерткіштеріне бай Түрген шатқалында орналасқан. Визит-орталықтан Аюлы сарқырамасына дейін жаяу жүруге болады, оның биіктігі – 30 м. Жолдың ұзындығы – 1,3 км, ол әлеуметтік және барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді. Бұдан басқа, Түрген шатқалы автожолының бойында пайдалы минералдарға бай бес бұлақ бар, сондай-ақ ыстық радонды бұлақтар бар. Орталық аумағында туристер «Қайрақты» сарқырамасын, Шынтүрген шырша ормандары, Сиверс алмасының табиғи резерваты және басқа да табиғи объектілерді тамашалай алады. Түрген шатқалы Сақ қорғандарымен де танымал, олардың бірінен Алтын адам табылған.  

«QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаевтың айтуынша, визит-орталық мәдениеті өмірімізге енуі тиіс, ол қазақстандықтар мен шетелдік қонақтарға өз демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

«Осының арқасында қарапайым азаматтар қауіпсіз маршрут пен демалып, күш жинайтын жерлер туралы мағлұмат ала алады. Осының есебінен ұлттық парктер аумақты таза ұстап, сонымен қатар инфрақұрылымды дамытып, жақсарта алады», — деді ол.

Turgensai кешенінің өзінде ақпараттық стенд, дәріс залы, кәдесый дүкені, тамақтану орны, қоғамдық дәретхана, ойын алаңы мен террассалар бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдар мен кішкентай балалары бар ата-аналар үшін Turgensai пандустармен жабдықталған.

Жақын арада осындай визит-орталықтар Алтынемел мен Шарын ұлттық парктерінде ашылмақ. Онда арнайы кэмпинг және глэмпинг аймақтары болады. Қазіргі уақытта ұлттық парктер инфрақұрылымы ыңғайлы: навигация, көруге арналған алаңдар, суы таза фонтандар, дәретханалар, көлеңке түсіретін қалқалар бар.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу