30 Наурыз 2026, 18:32
Астанада Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Аралды құтқару халықаралық қорының (АҚХҚ) басқарма отырысы өтті.
Отырысқа Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиезода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыгулы Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және АҚХҚ атқару комитетінің төрағасы Асхат Оразбай қатысты.
Қырғыз Республикасы отырысқа бақылаушы ел ретінде қатысты. Делегацияны Су ресурстары қызметінің директоры, министрдің орынбасары Алмаз Жээналиев басқарды.
Бүгінгі отырыстың маңызы ерекше. Ол Қазақстан Республикасының АҚХҚ төрағалығының қорытынды кезеңінде өтіп отыр және Қорды құрған мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындықтың негізгі кезеңі болып саналады.
«Елдеріміздің бірлескен жұмысы мен мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында трансшекаралық су ресурстарын басқару және Арал теңізі бассейніндегі жағдайды жақсартуға бағытталған өңірлік бастамаларды ілгерілету бойынша тұрақты өзара іс-қимыл жүйесін сақтап қала алдық. Өткен кезеңде Қордың жүйелі жұмысын қамтамасыз етіп, сындарлы диалогті сақтауға және бірқатар маңызды бастаманы ілгерілетуге қол жеткіздік. Бүгінгі кездесу алдағы уақытта мемлекет басшыларының қарауына ұсынылатын негізгі мәселелер бойынша келісілген тәсілдерге келуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Қанат Бозымбаев iс-шараны ашу барысында.
Отырыс қорытындысы бойынша бес бірлескен шешімге қол қойылды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 22 сәуірде Астанада өтетін Қорды құрушы мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысына дайындық, есепті кезеңдегі АҚХҚ Атқару комитетінің қорытынды жұмысы, сондай-ақ Қордың ұйымдастырушылық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру мәселелері бойынша шешімдер қабылданды.
Сонымен қатар АҚХҚ Атқару комитеті мен халықаралық даму серіктестерінің бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырудағы қызметін үйлестіру тәртібін реттейтін құжат және Қор басқармасының келесі отырысының күн тәртібі бекітілді.
Бұдан бөлек, Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу, басқару және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жоспарының жобасын әзірлеу, сондай-ақ 2026-2036 жылдарды «Орталық Азияда суды ұтымды пайдалану бойынша практикалық іс-қимылдар онжылдығы» деп жариялау мәселелері қаралып, назарға алынды.
Еске сала кетейік, Қазақстан Солтүстік Арал теңізін сақтау бағытында кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жоба аясында теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделген. Соның нәтижесінде су айдынының аумағын 3 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Министрлік сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал – Сырдария бассейнінің ирригациялық жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеуде. Бұл суды неғұрлым тиімді пайдалануға және үнемделген көлемді Солтүстік Аралға бағыттауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимдерін келісу және мемлекетаралық уағдаластықтарды қатаң сақтау нәтижесінде соңғы үш жылда Солтүстік Аралға 6 млрд текше метрден астам су келген. Соның арқасында Солтүстік Аралдағы су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 млрд текше метрден 2025 жылдың соңында 23 млрд текше метрге дейін өсті.







Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу