Астанада Құрбан айт мерекесі басталды

Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды мұсылмандардың Құрбан айт ұлық мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, Елбасы құттықтауына мешітке келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев және Астана әкімі Әсет Исекешев қосылды.

«Құрметті отандастарым! Баршаларыңызды бүгінгі мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт күнімен құттықтаймын. Менің Жарлығыммен бұл күн бүкіл мұсылмандарға, халқымызға, Қазақстанға жұмыстан босатылып, парызын орындасын деген ниетпен мереке күні болып жарияланды. Осы айлардың ішінде халқымыз намаз оқып, құлшылық жасап, Алладан тілек тіледі. "Құрбан" сөзі – Аллаға жақындау деген сөз. Қолынан келетін азаматтар құрбан шалып, тілегін тілеп жатыр. Бұл – Алланың көрсеткен жолы. Әрқайсыңыз елдің тыныштығын, бала-шағаның аманшылығын намаз оқып, тілеген шығарсыздар. Сол тілектің барлығы елімізде орындалсын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы осы айтулы күнде қазақстандықтар игі істер атқарып, құрбандық шалатынын айтты. Сондай-ақ, Президент еліміздің тұрғындарын жағдайы жоқ отбасыларға, жетімдерге, қарттар мен барлық мұқтаж жандарға қайырымдылық танытып, көмек көрсетуге шақырды.

«Осы үш күнде ізгі істер атқару керек. Бұл күндері ағайын-туысқан бір-бірімен қауышып, сезімдерін білдіріп, осыған дейін болған ауыртпалықтарды кешіріп, алға бірге қадам басады. Барлық мұсылмандардың бір-біріне бауыр екенін үнемі есте сақтап жүруіміз қажет», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Құрбан айт — мұсылман қауымын бейбітшілік пен татулыққа, өзара түсіністікке шақыратын қасиетті мейрам. Ол Ораза аяқталғаннан кейін 70 күннен соң басталып, үш  күнге созылады. Бұл күндері мұсылмандар мүмкіндігі болса құрбандық шалады, мал сояды (жылқы малынан басқа).

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу