Астықты тәулік бойы қабылдау, қолжетімді дизель отыны және субсидиялар бойынша қарыздар – Үкіметте шаруаларды қолдауға арналған бірқатар шара әзірленді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Егін жинау науқаны жөнінде жедел штабтың отырысын өткізді.

Егін жинау науқанында фермерлер үшін астықты кептіруге қажетті дизель отынының қолжетімділігі, ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен фермерлердің несиелерін ұзарту, субсидиялар бойынша қарыздарды жабу мәселелері өзекті болып отыр. 

Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында соңғы екі аптада жауын-шашын толастамай тұр. Қазгидрометтің болжамы көңіл көншітпейді: жауын-шашын 17 қыркүйекке дейін жалғасып, аяз түседі, соның салдарынан солтүстік өңірлерде жаңа дәннің өніп кетуі және ылғалдың жоғарылығынан сапасының төмен болу қаупі бар. 

«Қазір біздің басты міндетіміз – ауа райы қолайсыздығының салдарын азайтып, фермерлерге барлық қажетті қолдауды көрсету және келесі жылға сапалы тұқым қорын қамтамасыз ету», — деді Айдарбек Сапаров. 

Бірінші шара – астықты қабылдау кәсіпорындары мен карантиндік қызметтер астықты қабылдау кезінде тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ ҚТЖ компаниясымен астық тасымалдайтын вагондарды уақытылы жеткізу мәселесі пысықталатын болады. Бүгінгі таңда елімізде элеваторлардың жалпы сыйымдылығы 29,9 млн тоннаны құрайды, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында – 13,1 млн тонна және ауыл шаруашылығы өндірушілерінде – 16,8 млн тонна. Бұл өткен жылдардан қалған өнім мен биыл орылатын егінді сақтауға жеткілікті.

Екінші шара – астықты кептіру үшін қосымша дизель отынын бөлу. Шешім Энергетика министрлігімен бірлесіп қабылданды. Тиісті нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қазір тиісті органдармен келісіліп жатыр. Игерілмеген дизель отынының қолда бар қоры жеткілікті болмақ. Ал астық өңдеушілер мен лицензиясы бар элеваторларға қосымша көлем бөлінетін болады.

Үшінші шара – қаржы институттары мен Азық-түлік корпорациясы шаруаларға несиелер мен лизингтерді төлеу мерзімін ұзарту мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтайтын болады. «Бәйтерек» холдингінің қаржылық ұйымдары тарапынан қолайсыз ауа райынан зардап шеккен фермерлердің несие мен лизинг мерзімдерін ұзартуға берілген әрбір өтініші жеке тәртіппен қаралатын болады. 

Төртінші шара – қосымша субсидиялар бойынша борыштарды жабу мәселесін жеделдету. Қосымша қажеттілік 171 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражатты бөлу кезінде қолда бар және қосымша бөлінген қаржының уақытылы игерілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ туындайтын проблемаларды шеше отырып, қысқа мерзімде субсидиялаудың ақпараттық жүйесін дайындау қажет. 

Бесінші шара – келесі жылға фермерлер үшін сапалы тұқым қорын құру. Ол үшін «Қазагрэкс» Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп, қоймаларда қалған астықтың өткен жылғы қорларына зерттеу жүргізеді. Олар барлық талап етілетін сапалық сипаттамаға сәйкес келсе, Азық-түлік корпорациясы 2022 және 2023 жылдардағы егіннің астығын бөлек сақтау есебінен сапалы тұқым қорының сақталуын қамтамасыз етеді. 

Жедел деректер бойынша 8 қыркүйекке дейін Қазақстанда 4,8 млн га астық жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 28%-ын құрайды. Орташа өнімділігі 10 ц/га болған кезде, 4,8 млн тонна астық жиналды.

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу