17 Қараша 2026, 11:31

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірушілерді қолдау және саланың экспорттық әлеуетін кеңейту шаралары туралы баяндама жасады.
Отандық өндірушілерді қолдау және шаруашылықтарды технологиялық жаңғырту нәтижесінде биылғы жылдың он айында өсу қарқыны қалыптасты.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 8,9 трлн теңгені құрап, 5,2%-ға өсті. Өсімдік шаруашылығындағы өсім 6,4%-ды, мал шаруашылығында 3,2%-ды құрады. Азық-түлік өндірісі 13%-ға өсіп, 3,6 трлн теңгеге жетті.
Бүгінде елімізде шамамен 270 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші жұмыс істейді. Олардың 25 мыңға жуығы мемлекеттен субсидия алады. Субсидия алушылардың 90%-ы шағын және орта шаруашылықтар құрайды.
«Субсидиялау – бұл шығындардың бір бөлігін өтеу екенін атап өткен жөн. Шаруашылықтар алдымен тұқым мен техника сатып алады, қажетті минералдық тыңайтқыштарды енгізіп, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолданады. Содан кейін олардың нақты жұмсаған шығындарының бір бөлігі өтеледі. Сонымен қатар субсидия беру жүйесі жетілдірілуде. Қазір шаруалар өтінімдердің қай кезеңде тұрғанын көре алады. Барлық деректер автоматты түрде тексеріледі. Бұл мемлекеттік қолдаудың ашық әрі әділ берілуіне мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр.
Шаруаларға жеңілдікпен берілетін несие көлемі де едәуір артып келеді. 2025 жылы бюджеттен 153 млрд теңге бөлініп, соның есебінен ауыл шаруашылығына 1 трлн теңге жеңілдетілген несие берілді. Ал биыл бұл көрсеткіш көлемі алғаш рет 1,2 трлн теңгеге жетті. Бұл шаруашылықтарға қажетті ресурстарды уақтылы сатып алып, дала жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді.
Несие қолжетімділігін кеңейту үшін қаржыландырудың алты каналы іске қосылған. Сонымен қатар кепілі жеткіліксіз шаруашылықтар үшін қарыздарға кепілдік беру тетігі қолданылады. 2027 жылғы егіс жұмыстарын қаржыландыруды да ерте басталады. Өтінімдер қабылдау биылғы жылдың 1 қазанда басталды. Қайта өңдеу көлемін арттыру мақсатында өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатына жеңілдікпен несие беру жалғасуда.
Биыл осы бағытта 120,8 млрд теңгеге 227 өтінім қаржыландырылды.
«Өсімдік шаруашылығында қол жеткізілген нәтижелерге мемлекеттік қолдаудың да әсері зор. Ауыл шаруашылығында тыңайтқыш енгізу көлемі де жоспарлы түрде ұлғайып келеді. 2026 жылдың 10 айында шаруалар 2,1 млн тонна тыңайтқыш енгізді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 400 мың тоннаға көп», — деп толықтырды спикер.
Тыңайтқышқа сұраныстың артуы отандық өндірістің дамуына және тыңайтқыш шығару көлемінің ұлғаюына ықпал етуде. 2026 жылдың 10 айында 936 мың тонна тыңайтқыш өндірілді. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 4%-ға көп (2025 жылдың 10 айында – 896,4 мың тонна).
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 7,5%-ға жетті. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 8%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен бірге ескі техниканың үлесі азайып келеді. 2023 жылы техниканың тозу деңгейі 90% болса, 2025 жылы 70%-ға, ал биыл 63%-ға дейін төмендеді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 60%-ға түсіру жоспарлануда.
«Бұл нәтижелерге жеңілдетілген лизинг бағдарламаларының арқасында қол жеткіздік. Осы жылдың 10 айында лизинг арқылы сатып алынған комбайндар көлемі 21%-ға, ал трактор саны 16%-ға өсті. Ең маңыздысы, сатып алынатын техниканың 95%-ы өз отанымызда өндірілген. Бұл отандық зауыттардың жұмысына да оң әсерін тигізуде», — деп баяндады Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, агромашхолдинг компаниясы 10 айда 1 233 трактор шығарған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Сондай-ақ «Казрост Инжиниринг» кәсіпорны – 262 комбайн шығарды. Бұл 2025 жылдың көрсеткішінен 72%-ға артық.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі де артып келеді. Биылғы он айда өсімдік майының өндірісі 24,1%-ға өсіп, 938 мың тоннаны, ұн өндірісі 10,8%-ға өсіп, 3,2 млн тоннаны, кондитерлік өнімдер өндірісі 7,1%-ға өсіп, 210 мың тоннаны құрады.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімдер экспорты да артып келеді. Қаңтар-тамыз айларында оның көлемі 35,1%-ға артып, $3 млрд-қа жетті. 2023 жылмен салыстырғанда өсімдік майының экспорты 40%-ға өсіп, 705 мың тоннаны, ұн экспорты 30%-ға өсіп, 1,38 млн тоннаны, кондитерлік өнімдер экспорты 17%-ға өсіп, 51,1 мың тоннаны құрады.
Саланың кеңеюімен қатар инвестиция көлемі де артып келеді. Биылғы тоғыз айда тамақ өнімдерін өндіру саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 2,1 есе өсіп, 373 млрд теңгеге жетті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылуда. Осы бағытта 2029 жылға дейін жылына жалпы көлемі 5,8 млн тоннаға дейін астық шикізатын өңдейтін алты ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Алғашқы нәтижелер бар. Биыл Түркістан облысында “Қазкрахмал” зауыты, Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жобасы іске қосылды. “Қазкрахмал” зауытында жүгеріден модификацияланған крахмал мен глюкоза-фруктоза шәрбаттарын өндіру көзделген. Fufeng жобасы аясында крахмал, аминқышқылдары, жемшөп, жүгері ақуызы мен жүгері дәнінің ұрығын қамтитын өнім түрлерін шығару жоспарланған. Бұл өнімдерге әлемдік нарықта сұраныс өсуде», — деді мәлімдеді ауыл шаруашылығы министрі.
Айдарбек Сапаров 2029 жылға дейін тағы төрт жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Оның екеуі Ақмола облысында, біреуі Қостанай облысында және біреуі Астана қаласында орналасады. Бұл жобаларды жүзеге асыру – қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін ұлғайтуға, отандық астыққа сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биылғы 9 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 1,4 трлн теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе көп.
Бүгінгі таңда отандық және шетелдік инвесторлармен жалпы сомасы 2,4 трлн теңгені құрайтын инвестициялар туралы 13 келісім жасалды. Инвесторлар қатарында Fufeng Group, Mars, Coca-cola, Carlsberg, Tiryaki Holding, Шинлайн және басқа да компаниялар бар.
#АӨК #Үкімет отырысы #Өңдеу өнеркәсібі«Бұл жобаларды жүзеге асыру отандық ауыл шаруашылығы шикізатына сұранысты арттыруға, қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейтуге және өңірлерде жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы аталған барлық нәтиже – жүйелі мемлекеттік қолдаудың отандық өндіріс көлемін арттыруға және инвестиция тартуға жағдай жасайтынын көрсетеді. Министрлік алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, өнімділікті арттыруға, қайта өңдеуді дамыту мен отандық өнімдердің экспортын ұлғайтуға баса назар аударады», — деп түйіндеді сөзін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу