07 Желтоқсан 2021, 18:30
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конфернциясында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру аясындағы негізгі жетістіктерге, сондай-ақ 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.
Мемлекет басшылығының қолдауының арқасында Жамбыл облысында дамудың оң динамикасы сақталуда. Биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында Жамбыл облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 540 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артық. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 410 млрд теңгеге жетті (+1,5 пайыз). Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі 10 пайызға айналды. Облыс экономикасына 324,2 млрд теңге инветиция тартылды. 598,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді ( өсім – 18,5%).
Егістік алқабы 30 мың гектарға ұлғайып, 752 мың гактарға жетті, 112,1 мың гектар пайдаланусыз жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
41 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, жалпы көлемі 179,8 мың гектарды құрады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жалпы 350,4 млрд теңгені құрайтын 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Жамбыл облысының барлық ауданы мен Тараз қаласында 32 әлеуметтік павильон ашылған. Оларда 19 атаулы өнім нарықтағыдан айтарлықтай төмен бағамен сатылуда. Жыл басынан бері павильондарда жалпы сомасы 22,2 миллион теңгенің 3,9 мың тонна өнімі саудаланды.
Жыл басынан бері 35 көпқабатты тұрғын үй (1899 пәтер) пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен барлығы 44 көпқабатты тұрғын үй (2461 пәтер) тапсырылмақ.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында 479,1 шақырым жолды салу және жөндеу жоспарланған. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 90 пайыздан 95 пайызға, елді мекендер көшелерінің үлесі 77,2 пайыздан 79,2 пайызға артады.
Облыс әкімі әлеуметтік мәселелерді шешу де негізгі назарда екенін баса айтты. Биыл өңірдегі 12 ауылдық елді мекенге (45 мың адам) ауыз су тартылып, нәтижесінде халықты сумен қамту көрсеткіші 82,2 пайыздан 88,7 пайызға дейін өседі деп көзделуде.
Сондай-ақ, 20 елді мекендегі 16 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтылып, тұрғындарды газдандыру үлесі 88,6 пайызға жетеді.
Бердібек Сапарбаев өңірде білім мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. 23 білім беру нысанының (19 мектеп, 4 қосалқы ғимарат) құрылысына 11,1 млрд.теңге бөлінген. Медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 3,1 млрд теңге қаралған.
Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында жыл басынан бері 33,9 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 18,7 мыңы тұрақты. Жамбылдықтардың орташа айлық жалақысы 22,6 пайызға (184,4 мың теңге) өсті.
Бердібек Сапарбаев «Жомарт түлек», «Асарлатып үй салу», «Таразға тарту» сияқты бірнеше өңірлік жобалардың жүзеге асу нәтижелеріне кеңінен тоқталды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыс орталығында 12,7 млрд теңгеге 10 әлеуметтік нысанның құрылысы қолға алынып, оның 2-і пайдалануға берілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу