05 Қараша 2018, 12:15
Бүгін Digital Bridge халықаралық форумының жұмысы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев шараға қатысушылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді: Startup Genome бас директоры Ж.-Ф. Готьемен, AP-Swiss басқарушы директоры Ж. Ашашпен және Global Catalyst Partners инноваторы К. Элахианмен кездесті.
Кездесулер барысында цифрландыруды дамыту, инновациялар және экономиканың түрлі салаларына заманауи жобаларды енгізу мәселелері бойынша пікір алмасылып, цифрлық әзірлемелер мен автоматтандырылған жүйелер салаларында ірі жобаларды жасау және дамытуға қатысты ынтымақтастық келешегі қаралды.
Global Catalyst Partners қорының негізін қалаушы Камран Элахианмен цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған заманауи және жоғары технологиялық шешімдер тұрғысынан салаларды дамыту мәселесі талқыланды. Б. Сағынтаев атап өткендей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында өршіл міндеттер қойылған: жаңа технологияларды енгізуге, цифрлық теңсіздікті төмендетуге, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтуға баса назар аударылған.
AP-Swiss басқарушы директоры Жозе Ашашпен екіжақты кездесу аясында Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарын басқару, көлік логистикасы және қауіпсіздік, жаңартылатын энергия көздері салаларындағы өзара іс-қимыл келешегіне көңіл бөлінді.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Startup Genom атқарушы директоры Жан-Франсуа Готьемен кездесуі аясында Astana Hub халықаралық технопаркі базасында нәтижелі жұмыс істейтін стартаптар экожүйесін құру тақырыбы қозғалды, себебі технопаркте бүкіл әлемнің технологиялық кәсіпкерлерін тарту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Премьер-Министр бүгінде аталмыш бағыттың «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген басымдықтардың бірі болып табылатынын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу