14 Мамыр 2018, 13:01
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның (КХҰ) бас директоры Уильям Лейси Свинг мырзамен кездесті.
Кездесу барысында көші-қон үдерістерін басқару, заңсыз көші-қонмен, адам саудасымен күрес, сондай-ақ, кез-келген статустағы мигранттарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласында КХҰ-мен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Анықтама: Қазақстан Республикасы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымына (КХҰ) толық құқықты мүшесі ретінде 2002 жылдың желтоқсан айында қосылды.
КХҰ өкілдігі Алматы қаласында 1997 жылдың қараша айында ашылды. Ұйымның Астанадағы офисі 1999 жылдан бастап жұмыс істейді.
Үкімет Қазақстанның 2017–2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын бекітті. 1998 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Босқындардың мәртебесі туралы 1951 жылғы конвенцияға және оның 1967 жылғы хаттамасына ресми түрде қосылды.
2016 жылғы 19 қыркүйекте Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым БҰҰ құрамына қосылды.
Қазақстан мен КХҰ Алматы процесі — Орталық Азия елдеріне және өңірге көші-қон саласындағы аймақтық консультациялық процестер, Орталық Азиядағы халықаралық көші-қон және босқындарды қорғау мәселелері бойынша диалог алаңы аясында өзара белсенді әрекет етеді. Алматы процесіне 7 мемлекет: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Түркия және Түркіменстан кіреді. Иран мен Пәкістан бақылаушы мәртебесіне ие. 2016 жылғы қыркүйек айында Алматы үдерісіне төрағалық ету Қырғыз Республикасына берілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу