Басты мақсатымыз – жұмысшы кадр даярлауды экономика мен өндірістің сұранысына барынша сәйкестендіру

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған жүйелі шешімдері бұл саланы жетілдіруге ерекше мүмкіндік беруде. 

«Жалпы, мұндай қолдау мемлекеттік қаржыландыру көлемінің ұлғаюына, мемлекеттік білім беру тапсырысының кеңеюіне, студенттер контингентінің өсуіне, түлектер санының артуына, дуальды оқыту практикасының кеңеюіне негіз болды. Бүгінгі таңда қаржыландыру 424 млрд теңгені құрайды. 3 жыл ішінде өсім 108 млрд теңгені немесе 34%-ды құрады, бұл ТжКБ жүйесіне мемлекеттік қолдаудың күшейгенін нақты аңғартады. Студенттер контингенті 542 мың адамнан 556 мың адамға дейін өскенін атап өткім келеді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы көлемінің дәйекті түрде ұлғаюы байқалады. Жалпы, үш жыл ішінде өсім 48 мың орынды құрады», — деп атап өтті министр. 

Сонымен қатар жиын барысында түлектер саны жыл сайын өсіп келе жатқаны ерекше атап өтілді.

Үш жылдық кезеңде жұмысқа орналастыру көрсеткіштерінің айтарлықтай жақсарғаны байқалып:

●  мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандар саны 72 мыңнан 90 мың адамға дейін;

●  жұмысқа орналасқан түлектердің жалпы саны 92 мыңнан 112 мың адамға дейін ұлғайған.

«Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін нәтижеге айналдыру. Осы мақсатта 2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі бағыттары – кадр даярлауды экономика сұранысына бейімдеу, бизнестің қатысуын кеңейту, білім беру мазмұнын жаңарту және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру», — деп түсіндірді спикер. 

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы үш жылда жұмысшы біліктіліктері бойынша мемлекеттік тапсырыс 3,7%-ға өсіп, 131 мың орынға жеткен. Колледждерге қабылдау 5,8%-ға артып, 57,8 мың студентке артқан.

Сонымен қатар жалпы жұмысшы мамандықтары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 68%-ды құрап, 3%-ға артты. Студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілді. Шәкіртақы мөлшері 2 есеге өсіп, 43 мың теңгеге жетті. Жатақханамен қамтамасыз ету деңгейі 10%-ға артып, 95,4%-ды құрады.

Бұл көрсеткіштер ТжКБ саласын қаржыландыру, кадр даярлау және студенттерді әлеуметтік қолдау көлемінің артқанын көрсетеді.

«ТжКБ мазмұны еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес жаңартылуда. Қазіргі уақытта 552 кәсіптік стандарт негізінде 14 494 білім беру бағдарламасы әзірленді. Оның 4 348-і жұмысшы біліктіліктері бойынша. Оқыту 188 мамандық бойынша жүргізіледі. Сұраныстың болмауына байланысты 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау қарастырылуда. Еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы тізілімнен шығарылды», — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова. 

Сонымен бірге Сыныптауыш 20 жаңа мамандықпен толықтырылып, осы бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленді. Студенттердің кәсіби құзыреттерін кеңейту үшін микробіліктіліктер мен Майнор (Minor) қосымша  бағдарламалары енгізілуде. Жұмысшы біліктіліктері бойынша білім беру бағдарламаларында жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметте қолдану дағдылары қамтылады.

Білім беру бағдарламаларының тізілімі Career Enbek Ұлттық біліктілік жүйесі платформасымен интеграцияланды. Бұл бағдарламалардың мазмұнын кәсіптік стандарттармен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Спикердің мәлімдеуінше, 27 колледждің бағдарламалары халықаралық салалық талаптарға сәйкестігі бойынша жаңадан бағаланды. 2027 жылдың соңына дейін тағы 30 колледжді осындай бағалаудан өткізу жоспарланып отыр.

Бұл өзгерістер білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына және халықаралық салалық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

ТжКБ жүйесін жаңғырту қажеттілігі демографиялық және еңбек нарығындағы өзгерістермен тікелей байланысты. 2030 жылға қарай еңбек нарығының жыл сайынғы қажеттілігі 225–256 мың адамды құрайды. Сұранысы жоғары мамандықтардың 70%-дан астамы ТжКБ жүйесіне тиесілі.

«Бүгінгі таңда жұмыс берушілер кәсіби біліммен бірге коммуникативтілік, сыни ойлау, бейімделу және цифрлық сауаттылық дағдыларына басымдық беруде. Жаһандық таланттардың бәсекеге қабілеттілігі индексі (ГИК) бойынша Қазақстанның көрсеткіштері жақсарды. Кәсіптік және техникалық дағдылар бойынша 122-ші орыннан 83-ші орынға көтеріліп, өз позициясын 39 сатыға жақсартты. Әлемдегі технологиялық өзгерістер де мамандықтар құрылымына әсер етуде: 200-ден астам жаңа мамандық пайда болады, 100-ге жуық мамандық трансформацияланады, 125 мамандық бойынша сұраныс төмендейді. Осы үрдістер ТжКБ жүйесін еңбек нарығындағы және технологиялық өзгерістерге алдын ала бейімдеуді талап етеді», — деді спикер.

Оның айтуынша, бүгінде еңбек нарығының болжамы экономика сұранысы мен колледждердегі кадр даярлау көлемі арасында алшақтық бар екенін көрсетеді. 

Қазіргі таңда өнеркәсіп саласына – 183 мың, құрылысқа – 102 мың, ауыл шаруашылығына – 73 мың, IT саласына – 12 мың маман қажет. Кадр тапшылығы әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында байқалады.

Сондай-ақ үздік он жұмысшы мамандығы бойынша кадрларға тұрақты сұраныс сақталып отыр, олар жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығы, энергетика және автосервис салалары.

Министр білім беру жүйесінің сапасы педагогтердің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта колледждерде 42 901 педагог жұмыс істейді, оның 40 367-сі, яғни, 95,4%-ы жоғары білімді. 

Өндірістен колледждерге 1 934 маман педагогтік қызметке тартылды. Дегенмен, республика бойынша 2 093 педагогке қажеттілік сақталып отыр.

«Бүгінде педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру жұмысы жалғасуда. 9 245 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, 17 487 педагог цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесінде қолдану бойынша қайта даярланды, 132 педагог шетелдік тағылымдамадан өтті. Келесі кезеңде педагогтерді халықаралық әдістемелер (BOPPPS, TBLT) бойынша даярлау, салалық стандарттармен сертификаттау, озық кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу және тәлімгерлік арқылы Hard & Soft skills дағдыларын дамыту жүзеге асырылуда», — деп толықтырды сөзін министр. 

Сондай-ақ елімізде халықаралық біліктілігін растаған педагогтер үшін аттестаттау рәсімін жеңілдету  қарастырылуда. Кадр даярлау сапасы колледждердің материалдық-техникалық базасына тікелей байланысты.

Жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер есебінен 174 колледж, жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауымен 13 колледж қайта жабдықталды. Соған қарамастан, 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет етеді.

«Бүгінгі таңда Үкіметтің қолдауымен еліміздің 11 өңірінде 20 мың орынға арналған 13 заманауи колледж салу жоспарланып отыр. Бұл өңірлердегі тапшылықты азайтып, жастарды заманауи, жабдықталған ортада сапалы кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Дуальды оқыту – теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын негізгі тетік. Соңғы үш жылда дуальды оқытумен қамтылған студенттер саны 108 мыңнан 138 мыңға дейін өсіп, 7,8 пайызға артты. Қамту деңгейі 35%-ды құрайды.

Бүгінде 552 колледж 11 700 кәсіпорынмен бірлесіп дуальды оқытуды жүргізуде. Өңірлер бойынша жоғары көрсеткіштер Алматы қаласында, Алматы, Қостанай, Жамбыл облыстарында және Астана қаласында.

Сапалы кадрлар даярлау үшін Қостанай облысында Германияның білім беру орталығымен бірлескен Халықаралық дуалды оқыту орталығы, Қызылорда облысында ең алғаш заманауи Құзыреттілік орталығы ашылды.

«Алдағы міндет – көрсеткіші төмен өңірлерде кәсіпорындарды көбірек тартып, дуальды оқытумен қамтуды кемінде 40%-ға жеткізу. Колледждер мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтудің маңызды тетігінің бірі – кәсіпорындардың қамқорлығы. Қазіргі уақытта 4 126 кәсіпорын 613 колледжбен әріптестік орнатқан. Олар материалдық-техникалық базаны жаңартуға, өндірістен мамандар тартуға, практиканы ұйымдастыруға және түлектерді жұмысқа орналастыруға қатысады», — деді спикер. 

Ірі серіктестер қатарында «СарыАрқаАвтопром», «Казхром», ERG, «Казцинк», «Қазақмыс», Еуразиялық энергетикалық корпорация, «Техно-Николь – Казахстан», Altyntau Kokshetau бар.

Мұндай әріптестік колледждердің материалдық базасын өндіріс талаптарына бейімдеуге, практикалық даярлықты күшейтуге және түлектерді жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Осы тәжірибені барлық өңірде кеңейту ұсынылады.

Жұмысшы мамандықтарына кәсіби бағдар беру мектептен басталады.

Осы бағытта 2026–2027 оқу жылына арналған бірыңғай медиажоспар бекітілді. Мектептерде 1 000 бейіндік сынып ашылып, 7–11 сынып оқушылары үшін «Мансап компасы» платформасы іске қосылды. Үш пилоттық өңірде ауыл шаруашылығы бағытындағы агросыныптар жұмысын бастады.

Министрдің айтуынша, жастардың кәсіби шеберлігін дамытуға WorldSkills және басқа да халықаралық чемпионаттарға қатысу ықпал етуде.

Бұл ретте жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылық үшжақты серіктестік арқылы қалыптасады:

Мемлекет – тегін білім алуға мүмкіндік жасайды;

Колледждер – бәсекеге қабілетті кадр даярлайды;

Жұмыс берушілер – лайықты еңбек жағдайы мен мансаптық өсуді қамтамасыз етеді.

Спикер өз сөзінде аталған шаралар оқушының мамандықты саналы таңдауын қамтамасыз етіп, кәсіптік бағдарды еңбек нарығындағы нақты сұраныспен байланыстыруға бағытталғанын атап өтті.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі еңбек нарығында жұмысшы маманнан кәсіби біліктілікпен қатар заманауи технологияларды меңгеру, сыни ойлау, өзгерістерге бейімделу және практикалық міндеттерді орындай алу талап етіледі.

Осыған байланысты кадр даярлауда төрт негізгі жаңа бағытқа – кәсіби (негізгі мамандығы), когнитивтік (сыни ойлау), технологиялық (ЖИ және цифрлық технологиялар) және кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға басымдық беріледі.

«Министрлік білім беру бағдарламаларын өндірістегі технологиялық өзгерістерге бейімдеу, тәжірибелік даярлықты күшейту, кәсіпорындармен әріптестікті кеңейту және жұмысшы мамандықтары бойынша түлектердің жұмыспен қамтылуын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырады. Басты мақсатымыз – жұмысшы кадр даярлауды экономика мен өндірістің сұранысына барынша сәйкестендіру», — деп түйіндеді сөзін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова. 

#Білім беру #Жұмыспен қамту #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу