Ерекше білім беруді қажет ететін 230 мыңнан астам балаға кешенді қолдау көрсетілуде

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы баяндама жасады.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес, адам капиталын және білім беру жүйесін дамыту мемлекет қызметінің негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. 

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев IV Ұлттық құрылтайы отырысында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар әрбір бала толыққанды білім алуға мүмкіндік алуы тиіс екенін атап өтті.

Инклюзия саласындағы мемлекеттік саясат заңнамалық деңгейде, сондай-ақ 2025–2030 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясат тұжырымдамасы», 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы, сондай-ақ «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Дамуында шектеулері бар балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау көрсету туралы» Қазақстан Республикасының заңдары сияқты стратегиялық және бағдарламалық құжаттар арқылы жүйелі түрде бекітілуде.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 0-ден 18 жасқа дейінгі 6,9 млн бала бар, бұл ел халқының 34%-ын құрайды. Соңғы онжылдықта балалар саны 1,5 млн-ға артты. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды инклюзивті ортаға қосу мақсатында жылсайын психологиялық-медициналық педагогикалық консультациялар (ПМПК), түзету кабинеттері, аутизм және оңалту орталықтарының желісі кеңейтілуде. Бүгінгі күні арнайы білім беру ұйымдарының саны 539-ды құрайды, оның ішінде 126 ПМПК, 240 түзету кабинеті, 12 аутизм және 14 оңалту орталығы, 99 арнайы мектеп, 48 арнайы балабақша бар. Ерекше қолдауды қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау бағытында елімізде қоғамдық қорлар маңызды әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді», — деп атап өтті министр. 

Атап айтқанда, «Дара» қоры ерте қолдау қызметтерін дамытып, 27 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашуға қолдау көрсетті. «Қазақстан халқына» қоры барлық өңірлердегі арнайы мектептердің оқу-өндірістік шеберханаларын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Ал «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен аутизмі бар балаларға арналған 11 орталық ашылып, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталып, мемлекеттік меншікке берілді.

Бұған қоса, инклюзивті білім беру жағдайында оқитын балаларға қолдау көрсету үшін 1 мыңнан астам орта білім беру ұйымдарында инклюзивті білімді қолдау кабинеттері ашылды. 

«Биыл жоспар бойынша қосымша 40 қолдау кабинеті ашылады. “Самұрық-Қазына” қорының қолдауымен жалпы білім беретін ұйымдарда 31 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Сонымен қатар “Болашақ” қоры бастамасымен 24 кабинет іске қосылды. 2025–2026 оқу жылының басында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген, оның 70 мыңы бала мектепке дейінгі жастағы және 165 мыңы бала мектеп жасындағы балалар. Бұл көрсеткіштің жыл сайын өсіп отыр», — деп мәлімдеді спикер. 

Оның айтуынша, аталған санатқа жататын балалардың 213,7 мыңы (90%) арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылуда. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 95% құрайды. 

Бүгінде жалпы білім беретін ұйымдарда 96 мыңнан астам бала инклюзивті жағдайда білім алуда.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға 11 мыңнан астам арнайы педагог қызмет көрсетуде.

Дегенмен, өңірлерде 3408 арнайы педагогке қосымша қажеттілік сақталуда. Бұл мәселе ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлерде өзекті.

Сонымен қатар кадрлық қамтамасыз ету мәселесін шешу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Колледжерде «Логопедия» мамандығы бойынша 505 студент «Қолданбалы бакалавр-логопед» біліктілігі берілетін бағдарлама бойынша білім алуда.

«Арнайы педагогтер 17 жоғары оқу орнында даярланады. Бүгінгі таңда арнайы педагогика бағытында 5424 студент білім алады, оның 2087-і мемлекеттік тапсырыс аясында оқып жатыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың күрделі денсаулық бұзылыстарын ескере отырып, педагог кадрларды даярлау жаңартылған кәсіби стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Арнайы педагогика бағыттарының тізімі 8 профильге дейін кеңейтілді», — деді министр. 

Жұлдық Сүлейменова инклюзивті білім беру бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді. Осы орайда, жыл сайын 60 мыңнан астам педагог инклюзивті жағдайда білім беру бағдарламалары бойынша біліктілігін жетілдіреді.

Министрлік 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың кешенді орындалуын қамтамасыз етеді.

Инклюзивті саясат тұжырымдамасына сәйкес балаларға кәсіптік бағдар беру жұмысының тиімді жүйесін құру мақсатында орта білім беру ұйымдарының штаттарына «кәсіптік бағдар беруші педагог» лауазымы енгізілді. 

«Қазіргі уақытта кәсіптік бағдар беруші педагогтердің саны 4,5 мыңға жетті, өңірлерде кәсіптік бағдар беретін 1 мыңнан астам жабдықталған бейіндік сынып ашылды. Ұлттық білім академиясында құрылған Кәсіптік бағдар беру орталығында 2 мыңнан астам кәсіптік бағдар беруші педагог кәсіби құзыреттіліктері бойынша біліктілігін арттырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен алғаш рет «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі және үйлестірілген тәсілді қалыптастыру», — деп түсіндірді спикер.

Оның мәлімдеуінше, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, сапалы және инклюзивті білімге қолжетімділікті арттыруға, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған.

Тұжырымдама аясында сонымен қатар үйде оқитын балалардың үлесін азайту көзделген.

Қазіргі уақытта 17 мың бала (2025 жылы – 19 мың) үй жағдайында білім алуда, олардың 83%-ы мүгедектігі бар балалар. Осы балалардың мектеп қабырғасында сапалы білім алуы үшін білім беру ұйымдарының штаттарына педагог-ассистенттер мен жеке көмекшілер лауазымдары енгізілді. Аталған мамандардың қолдауының нәтижесінде үйде оқитын бала саны 11%-ға төмендеді, 2 мыңға жуық бала мектепке келуге мүмкіндік алды. 

Бұдан әрі үйде оқитын балалардың үлесін азайту мақсатында арнайы сыныптар санын көбейту, кедергісіз орта қалыптастыру және арнайы мамандардың қолдауын күшейту жұмыстары жалғасады.

«Жыл сайын Министрлік ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды тұрақты негізде әзірлеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл шаралар балалардың әлеуметтенуін қамтамасыз етуге және олардың білім беру процесіне толыққанды қатысуына жағдай жасауға бағытталған. Балаларды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін 360 арнайы оқу бағдарламасы және 300-ден астам оқулық, оқу-әдістемелік кешен әзірленді», —деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету кезінде педагогтар, арнайы мамандар мен ата-аналардың өзара әрекетін ұйымдастыру бойынша 160 әдістемелік ұсыным дайындалды.

Бүгінде инклюзивті және арнайы білім беру бағытын дамыту мақсатында Министрлік жанынан Кеңес құрылды.

Кеңес оқу бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру, сапалы кадрлар даярлау, заманауи талаптарға сәйкес инфрақұрылым құру, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық актілерге талдау жүргізу және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысады.

«Қазіргі уақытта оқу бағдарламаларының, оқулықтар мен әдістемелік ұсынымдардың мазмұны жан-жақты зерделенуде. Аталған жұмыстардың нәтижесінде білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуін қамтамасыз ететін білім беру мазмұны жүйелі түрде жаңартылады. Қорытындылай келе, жүргізіліп жатқан жұмыстар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесінің негіздерін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік берді. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасып, инклюзивті білім беру саясатын одан әрі жүйелі дамытуға және әр баланың толыққанды білім алып, қоғамға бейімделуіне жағдай жасауға бағытталады», — деп түйіндеді сөзін министр.

#Білім беру #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу