Еңбек нарығындағы сұраныстың 50%-дан астамы ТжКБ мамандарына тиесілі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды.

Отырыс барысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту туралы баяндама жасады. Кадрларды даярлау жүйесі және жоғары оқу орындарының колледждермен әріптестігі туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларға қажеттілік туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндады. Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың баяндамалары тыңдалды.

«Біз инженерлік-техникалық кадрлар даярлаудың жаңа архитектурасына көшудеміз. Жұмыс төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – кадрлық тапшылықты болжау және жаңа мазмұндарды анықтау. Кадрларға қажеттілікті кешенді болжауға сүйенетін болсақ, қазірдің өзінде сұраныстың 50%-дан астамы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарына тиесілі. Биыл 73 мың кәсіпорынға жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша орта мерзімді қажеттіліктің 55%-ы техникалық және кәсіптік білім беру мамандары, қолданбалы біліктіліктер. Сауалнама нәтижелері және QS (Quacquarelli Symonds) халықаралық агенттігінің зерттеу қорытындысы негізінде білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні, өндірістік оқытуды, жаңа стандарттар мен біліктіліктерді бизнес талаптарына сай бейімдеп, болашақ құзыреттерді қалыптастырамыз», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, қосымша 20 өңірлік мамандықтар атласы әзірленген. Оларда 2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалып, қолданыстағы мамандықтардың трансформациясы көрсетілген. Атлас негізінде білім беру бағдарламалары жаңартылды, мәселен 2022 жылы небәрі 7 бағдарлама ғана болған болса, 2026 жылы жаңа мамандықтар саны 1 983-ке жетті. Жаңа мамандықтардың айқын мысалы — дрондар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелерін басқарушылар. Мамандарды даярлау азаматтық авиация, аэроғарыштық инженерия, жерді қашықтықтан зондтау және ұшқышсыз аппараттарды басқару бағыттары бойынша 8 жоғары оқу орнында жүргізілуде. Студенттер контингенті 430 адамды құрайды.

«Екінші бағыт – колледж бен жоғары оқу орны арасындағы алшақтықты жоя отырып, бірыңғай білім беру вертикалі құрылуда. Бүгінгі таңда 103 жоғары оқу орны колледж түлектері үшін 1158 синхрондалған білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Оларда 39,6 мың адам оқып жатыр. 36 жоғары оқу орнының меншігінде 38 колледж бар. Одан басқа 30 жоғары оқу орны 100 колледжбен серіктестік қатынас орнатқан. Техникалық және кәсіптік білім беру нәтижелерін автоматты түрде тану, оқу мерзімін қысқарту, формалды емес білім беруді тану, микробіліктілік пен дуальды оқытуды жалғастыру енгізілді.

3 жоғары оқу орны базасында Лу Бань шеберханалары ашылған. Олар колледж түлектерінің техник, технолог және инженер деңгейіне дейін өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бір алаңда заманауи жабдықтар, технология, білім беру бағдарламасы және халықаралық сертификаттау жүйелері біріктірілген», — деді ол.

Үшінші бағыт – дуальды оқыту. Бүгінде 76 жоғары оқу орнының 50 мыңнан астам студенті 6 мың кәсіпорын базасында дуальды оқытудан өтіп жатыр. Бір ғана мысал, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Кореяның Dong–Eui университетімен бастаған өндірістік бағдарлама тікелей «KIA Qazaqstan» ЖШС зауытына мамандар даярлайды. Биыл оқып жатқан 138 студенттің 62-сі жұмысқа орналастырылды. Барлық жоғары оқу орнында инженерлік дайындық бойынша Work-Based Learning (жұмыс орнында оқыту) бағдарламасы енгізілуде.

«Төртінші бағыт – бизнеспен серіктестік. Тек қана бір мысал, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның портфельдік компанияларында жыл сайын 10 мыңнан астам студент дуальды оқыту мен өндірістік тәжірибеден өтеді.

Ірі техникалық жоғары оқу орындарының негізінде арнайы өндірістік кеңестер құрылды. Енді кәсіпорындар тек жұмысқа орналастыруға ғана емес, сонымен қатар құзыреттерді анықтауға, бағдарлама мазмұнына, құрылымына, нәтижені бағалауға тікелей қатысады.

Осы модельдің бір мысалы, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірігіп оқу-өндірістік полигонын ашты. Онда 15 оқу аймағы, кәсіптік жабдықтары бар 3 ұңғыма жұмыс істейді. Студенттер көмірсутектерді барлаудан бастап, өндіру, дайындау және тасымалдауға дейінгі толық технологиялық циклді меңгереді», — деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, ендігі міндет – жасанды интеллект, жаңа технологиялардың өзгеруіне қатысты еңбек функциялары, біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету. Бұл міндетті Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып жатқан Ұлттық мамандықтарды трансформациялау орталығы атқаратын болады. Орталықтың тұжырымдамасы әзірленген. «Атамекен» ҰКП-мен келіссөздер жүргізілген. Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығының ұйымдастырушылық моделі әзірленуде. Бизнес, жоғары оқу орындары мен технологиялық серіктестердің қатысуымен серіктестік ядросы қалыптасуда.

#Білім беру #ҒЖБМ #Ғылым #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу