Болжамдардың дәлдігі артып келеді: «Қазгидромет» ауа-райын модельдеу үшін ЖИ қолдануда

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ауыл шаруашылығындағы қазіргі жағдай туралы, экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров алдағы кезеңге арналған ауа райы болжамы туралы, диқандарды қолжетімді отынмен қамтамасыз ету бойынша энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, ал көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов көлік инфрақұрылымының дайындығы туралы баяндады. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімдері баяндама жасады.

2026 жылы вегетациялық кезең елдің солтүстігінен басқа  бірқатар астық егетін өңірлер үшін күрделі жағдайда өтті. Республиканың басым бөлігінде әртүрлі қарқындылық пен ұзақтықтағы құрғақшылық байқалды. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысында тіркелді. Сонымен қатар, Қазақстанның көптеген өңірлері үшін құрғақшылық – климаттық норма.

Ауа райы болжамына сәйкес қазан айында республиканың басым бөлігінде айлық ауа температурасы нормадан 1–2°С жоғары, нормаға жуық - Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында  болады деп күтіледі.

Қазан айында еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жақын, елдің батысы мен солтүстік-батысында нормадан көп, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай облысының жазық бөлігінде нормадан аз болады деп болжанып отыр», — деді ол.

Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, қараша айы жылы болады деп күтіледі республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1–2°С жоғары болады.

Жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде норма шегінде, Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде нормадан көп болады. 

Толығырақ болжамдарды Қазгидромет аптасына екі рет, дүйсенбі және сәрсенбі күндері, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Үкімет Аппаратына ұсынады. Болжам бір аптаға, облыстар мен күндер бойынша нақтыланып беріледі.

«Осы жылдың басынан бері министрлікке ведомстволық бағынысты «Қазгидромет» қызметі жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдарды қолданып келе жатқанын атап өткім келеді. Бұл - WRF сандық моделі, Weather Research and Forecasting – ауа райын сандық болжау моделі. Бұл – ауа-райын болжаудың сандық моделі, ол 2 және 6 шақырым кеңістіктікті қамти отырып, 48 сағатқа және 10 тәулікке дейін болжай алады. Аталған технологияларды қолдану агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдарды, сондай-ақ дауылды ескертулерді қоса алғанда, болжамдардың дәлдігін арттыруға және мемлекеттік органдарды, ұйымдарды және жалпы халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді», — Әлібек Қуантыров.

#АӨК #Экология #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу