Digital Qazaqstan форумында цифрлық қаржы картасы таныстырылды

Шымкент қаласында өткен Digital Qazaqstan форумында Қаржы министрлігі Электрондық қаржы орталығымен бірлесіп, «е-Қаржымині» жүйесінің «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» модулінде (МҚЦК) жүзеге асырылған тауарлар айналымына талдау жасау мүмкіндіктерін таныстырды.

Бұл бағдарлама еліміздегі тауар айналымының тұтастай сипатын анықтап, өңірлер бөлінісінде қолжетімді аналитиканы қалыптастыруға бағытталған. Озық шешім Қазақстан картасында бөлшек сауда туралы мәліметтерді визуализациялап, оларды ауқымды түрде талдауға мүмкіндік береді.

Жүйе бақылау-кассалық машиналарын, сондай-ақ сауда  және әкімшілік-аумақтық бірліктерді қоса алғанда, нысандардың түрлі санатына сәйкес біртұтас аналитиканы қалыптастырады. Бұған қоса түрлі кезеңдердеге байланысты, сондай-ақ тауарлар рейтингін қалыптастыру мен өңірлік ерекшеліктерді анықтауға қатысты талдау да қолжетімді.

Қолданыстағы нұсқада аналитика фискалды чектердің деректері негізінде қалыптасады. Әрмен қарай электронды шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарын интеграциялау арқылы деректер көздерін кеңейту көзделген. Бұл талдаудың толықтығы мен ауқымдылығын одан әрі арттыруға жол ашады. Осы ретте Ұлттық каталогтағы тауарлардың бірегей цифрлы кодтарын, яғни NTIN идентификаторларын пайдалану деректерді түпкілікті сәйкестендіріп, салыстыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айта кетейік. Биылғы 1 қаңтардан бастап NTIN-ді қолданудың міндеттелгені тауарларды түпкілікті сәйкестендіруді қамтамасыз етіп, тауар айналымын талдаудың салыстырмалы және ашық жүйесін қалыптастыруға септігін тигізді.

МҚЦК-нің функционалы өңірлер, сауда нысандары мен салық төлеушілер арасында салыстырмалы талдау жүргізуге, сондай-ақ сұраныс құрылымы мен тауар ағындарындағы өзгерістерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік қаржының цифрлы картасына негізделген тауар аналитикасы нақты тауарлар мен аумақтардың призмасы арқылы алғаш рет экономикалық белсенділікті көруге жол ашып отыр. Бұл тұтынушылық деңгейдің құрылымын тереңірек түсініп, өзгерістерге жедел ден қойып, барынша дәл шешім қабылдауға мүмкіндік беретін тың құрал», — деді ҚР қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.

Модульдің тұсаукесері – экономиканың ашықтығын арттыруға және мемлекеттік қаржының талдамалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған цифрлық құралдарды көпшілікке таныстыру іс-шараларының бір бөлігі.

Сондай-ақ форумда «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» (КБЖК) жобасы да таныстырылды.

Аталған жоба «бір терезе» қағидаты аясында жүзеге асырылып, отандық бизнестің министрліктің ақпарат жүйелерімен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған. Портал негізгі сервистерді біртұтас цифрлы кеңістікте біріктіріп, кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтер мен деректерге бір жерден қол жеткізуге мүмкіндік береді.

КБЖК функционалы бірыңғай авторизациялау мен рөлдерді басқаруды, қызметкерлерге өкілеттікті беруді, орталықтандырылған хабарландыру жүйесін, контрагенттермен өзара әрекеттесуге арналған ішкі чатты, аналитикалық құралдарды және бизнес деректерін визуализациялауды, сондай-ақ ЖИ-бизнес көмекшісі мен салық қызметтерін қамтиды. Портал бизнес үшін бірыңғай цифрлы экожүйені қалыптастыра отырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланады.

Бүгінде жүйеде 15 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, базалық функционал іске қосылған, сервистерді дамыту мен кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда, онда кәсіпкерлердің ұсыныстары ескерілді.

«Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті – мемлекет пен бизнестің арасындағы өзара әріптестіктің тың шешімі. Біз кәсіпкерге жан-жаққа сабылып, іздеуді қажет етпейтін орталықтандырылған қызмет ортасын құруға мән беріп отырмыз. Онда ведомствоның барлық негізгі сервисі біртұтас цифрлы кеңістікте қолжетімді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтып, процестердің ашықтығын арттырады және бизнеске өз кәсібін дамытуға жол ашады», — деді қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.

Озық жобаның Digital Qazaqstan форумындағы таныстырылымы мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен кәсіпкерлерге арналған заманауи сервистерді кеңейту жөніндегі кешенді жұмыстың бір бөлігіне айналды.

#Президенттің тапсырмасы #Цифрландыру #Қаржы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу