13 Қазан 2026, 16:14
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.
Жиында Ұлттық экономика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Көлік министрліктері басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу қорытындылары туралы қаржы министрі Мәди Такиев айтып берді.
«Есепті кезеңде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру қамтамасыз етілді. Республикалық бюджет бойынша кірістері жоспарлы көрсеткіштер деңгейінде орындалуда. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстары бойынша жоспардан ауытқулар орын алды. Осы орайда, негізгі себептерге және осы жылдың бюджетін атқару үшін қажетті шараларға тоқталып кетейін», — деді ол.
Оның айтуынша, трансферттерді есепке алмағанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 20,2 трлн теңгені құрап, жоспар 98,5%-ға орындалған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 16,3%-ға жетіп, 2,8 трлн теңге болды. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдері 3 трлн теңгеге артып, жалпы өсім қарқыны 130,3%-ды көрсетті.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, республикалық бюджет кірістері 2,7 трлн теңгені құрап, шамамен 26%-ға артты. Түсімдердің өсіміне, экспорттық тауарлардың әлемдік бағасы, сауда айналымының өсімі және салық мөлшерлемесінің өзгеруі әсер етті. Тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер айналымының өсімі шамамен 14%-ға жетіп, 19,7 трлн теңге болды.
Сонымен бірге, бизнеске қосылған құн салығын қайтару процесі қатар жүргізілді. Есепті кезеңде 811,5 млрд теңге қайтарылды.
Кедендік төлемдер 706 млрд теңгеге өсіп, 3,9 трлн теңгені құрады. Үшінші елдермен тауар айналымы 14,3%-ға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт 11,5%-ға артты.
«Сыртқы сауданың өсуімен қатар, кедендік транзит көлемі де артты. 9 айдың ішінде 1,2 млн транзиттік декларация берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Жалпы тауар айналымының көлемі 13%-дық өсім көрсетіп, 19,4 млн тоннаға жетті.
Есепті кезеңде автомобиль өткізу пункттері арқылы 1,5 млн-ға жуық автокөлік құралы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 19,3%-ға өсіп, 235 мыңға артқан. Осыған байланысты шекара инфрақұрылымын дамыту және кедендік ресімдеуді жеңілдету бойынша арнайы жұмыстар атқарылуда. Кірістер өсімінің бір бөлігі баға және реттеушілік факторларға байланысты болғандықтан, осы жылдың аяғына дейін салық базасын кеңейтуге және әкімшілендіру сапасына баса мән берілетін болады», — деді министр.
Ал жергілікті бюджеттің кірістері 6,9 трлн теңгені құрап, атқарылуы 96,1%-ға жеткен. Аталған кіріс көлемінің өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 102% болып, 125,6 млрд теңгеге артық орындалды.
Жалпы бюджет қаражатының кем түсу көлемі 278,3 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар тоғыз өңірде орындалмады, оның ішінде басым ауытқу Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарында болды. Осыған байланысты әрбір өңірде меншікті кіріс әлеуетін пайдаланған жөн. Әкімдіктер мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесе отырып, жыл соңына дейін қосымша түсімдерді қамтамасыз ететін нақты шараларды қарастыруы қажет.
Шығыстарға келетін болсақ, мемлекеттік бюджет шығыстары 98%-ға атқарылып, қаржыландыру көлемі 26,2 трлн теңгені құрады.
Республикалық бюджет 99,6%-ға атқарылып, шығыстар 19,6 трлн теңге болды. Оның ішінде:
Бұл ретте жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ға атқарылып, 11,9 трлн теңгеге жетсе, атқарылмаған қаржат көлемі 458,4 млрд теңгені құрады.
«Осы айтылғандарды ескере отырып, әкімдіктерден мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінен осы жылдың аяғына дейін бюджетте көзделген параметрлердің мерзімінде және сапалы атқарылуы үшін қажетті шаралар қабылдауды сұраймын. Айта кететіні, «Жалпы сипаттағы трансферттер туралы» Заңға сәйкес келесі жылы өңірлерге 1,2 трлн теңге көлемінде трансферттер бағытталатын болады», — деді Мәди Такиев.
Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жайына тоқталған ол, Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 617,7 млрд теңге болатын 501 жобаның жүзеге асырылатынын айтты. Бұл жобалар бойынша 351 нысан аяқталды.
Инфрақұрылымдық даму қорының есебінен жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 262 жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Оның ішінде ең ірі бағыттар:
«Халық үшін бұл жұмыстардың нәтижесі іске қосылған нысандар болуы тиіс, сондықтан тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктер құрылыстың аяқталуына және пайдалануға беруге ерекше назар аударуы қажет», — деді ол.
Мәди Такиев әлеуметтік саланы цифрлық трансформациялау жайына да тоқталды. Айтуынша, әлеуметтік саланың дер кезінде қаржыландырумен қатар, төлемдерге бақылауды күшейту жұмысы да жалғасуда. Бұл жұмыс Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ең алдымен медициналық қызметтерді сатып алу мен төлемге бағытталған. Qalqan платформасында төлем жасау функционалы медициналық қызметтің 57 бағыты бойынша жүзеге асырылды. Мониторинг пен антифрод-бақылауды күшейту нәтижесінде 9 айда 23,4 млрд теңге көлеміндегі қаржылық шығындарға жол берілмеді. Жалпы алғанда, есепті кезеңде республикалық бюджеттен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 трлн 204,8 млрд теңге бөлінді.
Білім беруді қаржыландырудың цифрлық жүйесіне 6 634 мектеп көшірілді. Тиісті тексеру жұмыстары жалған тіркеулерді анықтауға және де басқада бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Үнемделген бюджет қаражаты 34 млрд теңгені құрады.
Осы жылы Қаржы орталығы арқылы қаржыландыру көлемі 821 млрд теңгеге болса, жыл соңына дейін 1,6 трлн теңгеге жетпек.
#Республикалық бюджет #Қаржы #Үкімет отырысы #ӘЭД«Тиісті министрліктермен бірлесе отырып білім беру ұйымдарының жұмыс нәтижелеріне байланысты қаржының бөлінуін бағалау үшін арнайы көрсеткіштер әзірленуде. Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджеттің атқарылуына мониторинг жүргізуді және бюджетте көзделген қаражат шегінде міндеттемелердің дер кезінде қаржыландырылуын қамтамасыз етеді», — деді министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу