ЕЭК Кеңесі агроөнеркәсіптік кешендегі бірлескен жобаларды қаржыландыру тетігін және органикалық өнімді тану туралы келісім жобасын мақұлдады

Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысында агроөнеркәсіптік кешендегі кооперацияны дамыту, техникалық және кедендік реттеу, тауарларды таңбалау, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ішкі нарығын қорғау шараларын қолдану мәселелері қаралды. Қазақстандық тарапты Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды.

Қабылданған негізгі шешімдердің бірі – ЕАЭО елдерінің агроөнеркәсіптік кешеніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыру туралы ереже жобасын мақұлдау. Өнеркәсіптік кооперацияны қолдаудың қолданыстағы тетігіне ұқсас, Одақ бюджеті есебінен кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көзделген. Қаржылық қолдау алудың негізгі шарттары – жобаға ЕАЭО-ға мүше кемінде үш мемлекеттің кәсіпорындарының қатысуы және субсидиялау мерзімінің бес жылға дейін болуы.

Аталған тетік өндіріс орындарын құруға және жаңғыртуға, ауыл шаруашылығында селекциялық, цифрлық және технологиялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге бағытталған жобаларды қолдауды көздейді. Құжат Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына шығарылады.

Агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты дамыту бағытындағы тағы бір маңызды қадам – ЕАЭО-да органикалық өнімді тану тәртібі туралы келісім жобасының мақұлдануы. Құжат органикалық өнімді өндіру мен сертификаттауға қойылатын бірыңғай талаптарды қалыптастыруды, сәйкестік сертификаттарын өзара тануды, сондай-ақ өнімді таңбалауға қойылатын талаптарды біріздендіруді көздейді. Келісімді іске асыру өзара саудадағы кедергілерді жоюға және қазақстандық өндірушілердің органикалық өнімдерін Одақ елдерінің нарықтарында өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Келісім жобасы қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу мақсатында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жіберіледі.

Техникалық реттеу саласында қазақстандық тарап әзірлеген ЕАЭО-ның «Синтетикалық жуғыш заттар мен тұрмыстық химия тауарларының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті қабылданды. Құжат өнімнің қауіпсіздігіне, қауіптілік түрлері бойынша жіктелуіне, ескерту таңбаларына және қауіпсіздік паспорттарын ресімдеуге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Техникалық регламент 2032 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп көзделген.

Қабылданған бірқатар шешім бизнес үшін кедендік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған. Атап айтқанда, ұлттық заңнамада басқа талап белгіленбеген жағдайда,  уәкілетті экономикалық операторлар уақытша сақтау алаңдарындағы тауарларға қатысты кеден органдарының рұқсатынсыз жүзеге асыра алатын операциялар тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарында таңбалаудың әртүрлі түрлері, тауар партияларын бөлу, жөнелтілімдерді қалыптастыру, тауарларды сұрыптау, буып-түю және қайта буып-түю бар. Бұл өзгерістер бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, шығындарды төмендетуге және логистикалық процестерді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелуді кедендік реттеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, шетелде ұзақ уақыт тұрған немесе ЕАЭО елдеріне көшіп келетін азаматтардың мүлкін кедендік бажсыз әкелу шарттары, сондай-ақ жеке пайдалануға арналған тауарларға жатпайтын заттар санатының тізбесі нақтыланды.

Ет өнімдерінің жекелеген түрлерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Тізбеге шұжық өнімдері, ысталған, тұздалған және кептірілген ет өнімдері, сондай-ақ еттен дайындалған өнімдердің жекелеген түрлері енгізілді. Бұл ретте ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет өз аумағында таңбалауды енгізу мерзімі мен тәртібін дербес айқындайды.

Қытай, Вьетнам және Таиландтан әкелінетін жүк автомобильдерінің шиналарына қатысты демпингке қарсы шараларды қолдану мәселелеріне баса назар аударылды. Қазақстандық тарап жүк автомобильдері шиналарының белгілі бір көлемін демпингке қарсы баж төлемей әкелу мүмкіндігін сақтауды, сондай-ақ отандық автомобиль техникасын өндіруге және сатудан кейінгі қызмет көрсетуге арналған шиналарды импорттау кезінде аталған бажды төлеуден босатуды қолдайды. Бұл мәселені одан әрі Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында талқылау жоспарланып отыр.

#АӨК #ЕАЭО #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу