04 Ақпан 2025, 12:42

«Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев Үкімет отырысында автожолдардың сапасына сараптама жасау жұмыстары туралы баяндады.
Ол 2024 жылдың қорытындысында кәсіпорын сапа сараптамасымен қамтуды республикалық автомобиль жолдары желісі бойынша 100%-ды, жергілікті желі бойынша 99%-ды құрағанын хабарлады. 47 мыңға жуық жол-құрылыс материалының сынамалары зертханалық сынақтан өткізіліді. Автомобиль жолдарының 22 мың шақырымына аспаптық тексерулер және диагностика жүргізілді.
«Жалпы, 2023-2024 жылдардағы нәтижелерді салыстыра келсек, жолдардың сапасы бойынша оң динамикасы байқалады. 2023 жылы жергілікті желіні қамту 89%-ды құраса, 2024 жылы 99%-ға дейін жетті. Сәйкес келмейтін жол-құрылыс материалдары мен ақаулар саны 16%-ға азайды. Сапасыз жұмыстарды қайта құру 5%-ға дейін төмендеді. Диагностика қорытындысы бойынша, орташа жөндеу жұмыстары есебінен жол жабынының тегістігі 5%-ға жақсарды. Аталған көрсеткіштер уақтылы қабылданған шешімдердің арқасында, нәтижесін берді», — деп атап өтті Болатбек Айтбаев.
Сондай-ақ спикер адами факторды азайту мақсатында кәсіпорын сапаны бақылаудың цифрлық технологияларын дамытып, енгізіп жатқанын айтты. Осындай шешімдердің бірі – жасанды интеллект принциптеріне негізделген жол жабындысындағы ақауларды автоматты түрде тану жүйесі. Бұл әр 100 шақырым үшін диагностикалық деректерді өңдеу уақытын 4 күннен 4 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Кәсіпорын ведомстволық сараптама үшін бірыңғай электрондық портал әзірледі. Ол бизнес-процестердің ашықтығы мен бақылауын, құжаттарды қауіпсіз сақтауды қамтамасыз етеді. Портал қажетті құжаттар санын 15-тен 5-ке дейін қысқартуға, рәсімдеу уақытын 3 айдан 15 күнге дейін азайтуға және сараптамалар санын 5 есеге арттыруға мүмкіндік берді.
KazRoadLab ақпараттық жүйесі енгізілді, ол сапа сараптамасының барлық процестерін көрсетеді, сондай-ақ жол-құрылыс материалдарын сынауды автоматтандырады. Жабдықтан алынған деректер бірыңғай жүйеге автоматты түрде жүктеліп, деректерді алу процесін жеделдету және адами фактордың қатысуын болдырмау арқылы ашықтықты қамтамасыз етеді.
«Орындаушылық құжаттаманы бақылау» ақпараттық жүйесі аяқталуда. Бұл жүйе орындаушылық құжаттаманы жүргізу процесін автоматтандырады және қажетті құжаттамаларсыз нысандарды пайдалануға беруге жол бермейді.
«Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК бас директоры жұмысты жақсарту үшін қабылданып жатқан басқа да шаралар туралы айтып берді. Атап айтқанда, оның айтуынша, автомобиль жолдарының сапасын сараптамамен толық қамту мақсатында Парламент Мәжілісі қабылдаған заңнамалық түзетулер әзірленді.
«Анықталған ақауларды түзетпей нысандарды пайдалануға бермеуге қатысты қазіргі уақытта норма енгізіліп, орташа жөндеу нысандарында қолданылуда. Аталған норма құрылыс нысандары бойынша келісім-шарттарда қарастырылған, сонымен қатар нормативтік-құқықтық актілеріне тиісті түзетулер енгізілуде», — деп түсіндірді Болатбек Айтбаев.
Жүргізілген жұмыстардың сапасына бақылауды күшейту бойынша келесі шаралар қабылданды:
13 нормативтік-техникалық құжат жаңартылды;
жол сапасының сараптамасы аясында материалдарды минималды сынау санын реттейтін қағидалар әзірленді, бұл қолданылатын кіріс материалдарын бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді;
техникалық қадағалау жұмысына тұрақты бақылау жүргізілуде. 2024 жылы 251 бұзушылық анықталып, оның нәтижесінде Сәулет басқармаларымен 19 инженердің аттестаты тоқтатылды.
Абай және Ұлытау облыстарында сынақ зертханалары ашылып, 200-ге жуық заманауи жабдық сатып алынды.
Сонымен қатар сапаны арттыру шаралары бойынша келесі үш мәселе айтылды:
Атап айтқанда, орташа жөндеу жобаларында құжаттар тиісті деңгейде жүргізілмейтіні хабарланды. Аталған мәселені шешу үшін «Орындаушылық құжаттаманы бақылау» жүйесі енгізілуде. Биыл жүйені Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласында пилоттық енгізу жоспарланған, ал толықтай 2026 жылы іске қосылады.
Сондай-ақ жергілікті әкімдіктерде білікті жол мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Көп жағдайда жол нысандарына тапсырыс беруші ретінде жалпы коммуналдық мәселелер бойынша бөлімінің қызметкерлері жетекшілік етеді. Мәселені шешу үшін әр өңірде инженер-жолшы мамандарынан құралатын жобаларды басқару бойынша консультанттар қызметін құру қажет.
Сонымен қатар техникалық қадағалау сарапшыларын аттестаттау қағидаларында жол саласы мамандығының болмауы. Газ және мұнай құбырлары құрылысында, азаматтық-өндірістік құрылыс саласында және басқа да бағыттарда жұмыс істейтін мамандар жол нысандарында бақылауға құқылы.
Тиісті мамандарымен жол саласын техникалық қадағалауды ұйымдастыру үшін арнайы «Көлік құрылысы» мамандығын енгізу ұсынылуда.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу