Елімізде ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңгеге жетті — Сауда және интеграция министрлігі

ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында сауда саласының дамуы туралы баяндады. Ол бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымының көлемі 15,3%-ға өсіп, 36,2 трлн теңгеге жеткенін хабарлады.

Негізгі өсім азық-түлік сегменті есебінен қамтамасыз етілді. Оның өсімі шамамен 30%-ды құрады.

«Бірінші жарты жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңгені құрап, 15,3%-ға өсті. Негізгі Өсім азық-түлік сегменті есебінен қамтамасыз етілді. Оның өсімі шамамен 30%-ды құрады. Отандық агроөнеркәсіп өндірушілерінің сыртқы нарықтағы ұстанымдары да нығаюда. Қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша азық-түлік экспорты 34,4%-ға өсіп, $1,6 млрд-ты құрады. Сонымен қатар импортқа тәуелділік төмендеді. Оның үлесі 14,7%-ға дейін қысқарды.  Бүгінде Қазақстан ең қажетті өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді.  Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша 100% қамтылған.  Азық-түлікке жатпайтын секторға келсек, бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12% өсіп, $10 млрд-тан асты. Ал импорт көлемі 4,4%-ға ғана өсті. Қазақстанның ішкі нарығы отандық өндірушілер үшін сұраныстың басты көзі болып қала береді. Сауда министрлігі ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін кеңейту жөніндегі шараларды жүзеге асыруда. Мемлекеттік қолдау шараларын ескере отырып, заңнамада отандық азық-түлік тауарлары үшін сөре кеңістігінің кемінде 50%-ын, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар үшін кемінде 30%-ын бөлу көзделген», — деді Арман Шаққалиев.

Министрдің сөзінше қосымша құқықтық өзгерістер әзірленген. Отандық өнімнің үлесі  әрбір тауар санатында қамтамасыз етіледі. Бұл қазақстандық өнімнің ұсынылуын арттыруға мүмкіндік береді. Отандық тауарлар сауда орындарының ең сұранысқа ие сөрелерінде орналастырылып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен таңбаланады. Бұл отандық тауарларға сұранысты арттырады. Оған қоса «Жаңа өндірушілер» үшін сөрелер мен «жасыл сөрелер» көзделген. Осыған ұқсас талаптар Kaspi, Halyk Market, Clever, TEEZ және тағы басқа отандық электрондық сауда алаңдарында енгізілуде. Заңмен сауда желілерінің отандық өндірушілермен жеткізу шарттарын жасасудан негізсіз бас тартуы тыйым салынды. Сауда желілерімен жыл сайын меморандумдар жасалады. Онда отандық өнімді ілгерілету жөніндегі нақты міндеттемелер қамтылған.

Ірі сауда объектілері мен базарлар үшін жалдау ақысын қалыптастырудың ашық ережелері белгіленді. Оны жылына бір рет ғана қайта қарауға болады. Жыл соңына дейін отандық өндірушілерді сауда желілерімен тікелей байланыстыратын QazTrade Retail цифрлық платформасын іске қосу жоспарланған. Ел бойынша жыл сайын 10 мыңнан астам жәрмеңке өткізіледі. Жыл басынан бері 4 600 жәрмеңке өткізілген. Отандық өндірушілерге ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріндегі сауда орындары тегін беріледі. Ұлттық талдау орталығымен бірлесіп, отандық өнімді ілгерілету үшін тұтынушылық маркетингтің заманауи құралдары енгізілді. Қазақстандық ірімшікті ілгерілету жөніндегі пилоттық жоба барлық өңірде Магнум, Анвар, Смолл сияқты қырық ірі  республикалық және өңірлік сауда желісінде жүзеге асырылуда. Пилоттық жоба алғашқы айда нәтиже беріп, қазақстандық ірімшіктің сатылымы 7%-ға өсті. Қазіргі уақытта пилоттық жобаның ауқымын кеңейту үшін жаңа тауар санаттарының тізбесі айқындалуда. Отандық өндірісті қолдаудың маңызды бағыты техникалық реттеу жүйесін жетілдіру болып саналады. 

«Ахуалдық штабтың жұмысы күшейтілді. Барлық бақылау органдарының іс-қимылы біріктірілді. Мемлекеттік бақылау күшейтілетін 11 басым тауар тобы айқындалды. Жыл басынан бері шекарада шамамен 13 мың автокөлік бірлігі тексерілді. 13 мың өнім үлгісіне / бақылау сатып алулары жүргізілді. Нәтижесінде 1800 сынама талаптарға сәйкес келмеді, 1100-ден астам сәйкестік сертификаты жойылды. Ұлттық стандарттар отандық өндірушілерді қорғау үшін қолданылады. Жаңа стандарттың арқасында цемент өнімінің өндірісі бір жарым есеге артты. Дәл осындай жұмыс тас өңдеу, панельдер мен полимерлік құбырлар бойынша жүргізілді. Аграрлық секторда «Халал» стандарттарды енгізе отырып, отандық ет өнімінің экспорты екі жылда 50%-ға өсіп, шамамен $170 млн-ға жетті», — деді министр.

Тауарларды толық қадағалау үшін ұлттық тауарлар каталогының базасында «Сауданың цифрлық айнасы» бірыңғай цифрлық жүйесі қалыптастырылуда. Ұлттық тауарлар каталогына 85 мың тауар мен көрсетілетін қызмет түрі енгізілген, 67,7 пайдаланушы тіркелген және 30 млн тауар цифрландырылған. Ұлттық каталог мемлекеттік сатып алу порталымен, электрондық шот-фактуралар, кедендік, «1С» жүйесімен, сондай-ақ сауда желілерімен және маркетплейстермен интеграцияланған. Отандық тауар өндірушілердің тізілімімен интеграциялау аяқталуға жақын. Осының нәтижесінде қазақстандық тауарлардың толыққанды дерекқоры қалыптасады. Бұл тауарлар қозғалысы, баға динамикасы, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі туралы объективті ақпарат алуға және мемлекеттік қолдау шараларын атаулы түрде қолдануға мүмкіндік береді.

«Прототип әзірленді, оны өнеркәсіпте пайдалануға енгізу дайындығы жүргізілуде. Биылғы жылдың бес айында шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,5%-ға артып, $11,8 млрд-қа жетті. Қазақстанда өндірілген тауарлардың шамамен 44%-ы экспортталады. Экспортты қолдауды күшейту және жеткізілім географиясын кеңейтуде ең алдымен Еуразиялық Экономикалық Одақ, Орталық Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Қытай елдеріне басымдық береміз. Жыл сайын 300-ден астам қазақстандық экспорттаушының қатысуымен шамамен 10 сауда-экономикалық миссия өткізіледі. Жаңа экспорттаушыларды өсіру үшін жыл сайын 120 компания экспорттық акселерация бағдарламасынан өтеді», — деді министр.

Қаржылық қолдау шаралары кеңеюде. Бірінші жартыжылдықта ғана Экспорттық-кредиттік агенттіктің сақтандыру қолдауының көлемі 400 млрд теңгеден асты. Жыл соңына дейін ол 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады. Жыл сайын шамамен 6 млрд теңге экспорттаушылардың логистикалық шығындарын өтеуге бағытталады. Нәтижесінде экспорт құрылымы өзгеруде. Соңғы бес жылда жоғары өңделген өнім экспорты екі жарым есеге өсіп, $11,1 млрд-ты құрады. Оның шикізаттық емес экспорт құрылымындағы үлесі 38,8%-ға жетті. Келесі кезең – дайын өнімді сыртқы нарыққа ілгерілету. Ол үшін отандық өнімді Lulu Hypermarket, Carrefour, Gross, Panda, Spinneys және тағы басқа ірі шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыру жөніндегі жаңа қолдау шарасы пысықталуда. Министрліктің стратегиялық міндеті – қазақстандық тауарлардың ішкі нарықта нығайтып, олардың сыртқы нарықтарға шығуына және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісінің өсуіне жағдай жасау. Сауда саясаты мен мемлекеттік қолдау шаралары бұдан әрі де отандық өндірісті дамытуға бағытталады.

#Сауда #ҚР Сауда және интеграция министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу