28 Қазан 2025, 11:30
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электр энергетикасын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, сондай-ақ энергетика секторы ұлттық компанияларының өкілдері баяндама жасады.
Соның ішінде энергетика министрі еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысы туралы баяндады. Ол еліміздің энергетикалық жүйесі штатты режимде және РФ мен Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен үйлесімді қалыпта жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Елімізде 237 электр стансасы бар болса, оның 79-ы дәстүрлі генерация көздері, қалғаны 158 жаңартылатын энергия көздерінен тұрады. Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қуаттарды кеңейтуге және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шараларды тұрақты негізде қабылдап келеді. Министр 26 ГВт-тан астам жаңа қуат көздерін қосу қарастырылып отырған «Энергетика саласын 2035 жылға дейінгі дамыту жоспары» аясындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатқанын айтты. Жаңа қуаттарды іске қосу қолданыстағы стансаларды жаңғырту арқылы да және жаңа қуат өндіру қондырғыларын салу арқылы да жүзеге асырылады. Осылайша, 2029 жылы Қазақстанның энергетика жүйесін профицитке шығару жоспарлануда.
«Энергетика министрлігі 2029 жылға дейін еліміздің энергетика жүйесінде жаңадан 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосуға мүмкіндік беретін 68 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Былтыр 770 МВт-тан астам жаңа қуат көзі іске қосылған болса, оның 608 МВт-ы дәстүрлі, ал 163 МВт-ы жаңартылатын энергия көздері. Ал 2025 жылға белгіленген 621 МВт-тың 166-сы дәстүрлі генерация, ал 9 нысан, яғни 455 МВт – ЖЭК. Бүгінгі таңда 370 МВт іске қосылды, оның ішінде 216 МВт жаңартылатын энергия қуаты. Жылдың соңына дейін 251 МВт іске қосылады. 2026 жылы шамамен 2 600 МВт, оның ішінде жиынтық қуаттылығы 174 МВт жаңартылатын энергия объектісін енгізу жоспарлануда. 2027 жылы қуаттылығы шамамен 1 500 МВт, оның ішінде 573 МВт-тық 13 ЖЭК объектісін іске қосу қарастырылып отыр. 2028 жылы 2 мың МВт-тан астам қуаттылықты, оның ішінде 245 МВт 3 жаңартылатын энергетика нысанын пайдалануға беру көзделуде. Осылайша, 2029 жылы экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтимыз деп күтіп отырмыз, энергетика жүйесін профицитке шығару жоспарлануда, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді», — деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ энергетика министрі Үкімет отырысында Мемлекет басшысының көмірден алынатын қуат көзін таза көмір технологиясы базасында дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады. Ол министрлік тарапынан қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуды көздейтін экологиялық талаптар мен нормаларға сай келетін бірқатар ірі жобаны, соның ішінде маневрлік режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Ендігісі Екібастұз ГРЭС-3-тің құрылысын салу үшін инвесторды айқындау бойынша тендер өткізілді және Курчатов қаласында ЖЭС салу үшін тендер жариялау жоспарлануда. Тікелей шарттар шеңберінде министрлік «Самұрық-Энерго» АҚ компаниясымен бірлесіп Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыруда, онда түтін газдарын сүзудің озық жүйелері, ауыр металдарды тұтып қалу технологиялары қолданылатын болады.
Маневрлік генерацияны құруға бағытталған аукционды өткізу аясында Астана және Шымкент қалаларында бу-газ қондырғыларын салу бойынша аукцион жарияланды. Жалпы аталған механизм оң нәтижелер көрсетуде және 2022 мен 2024 жылдары жалпы қуаты шамамен 2,5 ГВт болатын бу-газ қондырғыларын салу бойынша 8 жобаның инвесторларын анықтауға мүмкіндік берді. Қытайдан, Еуропадан және араб елдерінен келген стратегиялық инвесторлардың қатысуымен үкіметаралық келісімдер шеңберінде қуаты шамамен 3,8 ГВт жаңартылатын энергия көздері мен 1,1 ГВт энергияны жинақтайтын жүйелерді құруға бағытталған ауқымды жобалар пысықталуда. 2035 жылға дейін жоспарланған жаңартылатын энергия көздерінің электр энергияны тұрақсыз беруін ескере отырып, энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыру үшін, оларды маневрлік бу-газ қондырғылары арқылы теңдестіру жоспарлануда.
Сонымен бірге энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздің отын-энергетика кешенін (ОЭК) цифрландыру барысы туралы баяндады. Ол қазіргі уақытта «Отын-энергетика кешенін бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесі» (EnergyTech) атты салалық платформасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүруде екенін атап өтті. EnergyTech платформасы отын-энергетика кешенінің барлық саласын бір платформа базасына біріктіреді. Ол энергетика секторы, кен пайдалану және қайта өңдеуден бастап көмір өнеркәсібіне дейінгі ОЭК-тің 10 негізгі бағыты бойынша басқару процестерін кешенді үйлестіруді қамтамасыз етеді. Жүйені толық көлемде жасап шығарып, өнеркәсіптік деңгейде қолданысқа енгізу 2026–2027 жылдарға жоспарлануда.
«Биыл барлығы 7 цифрлық сервис пайдалануға берілді, оның ішінде 2 сервис энергетика секторында іске асырылды. Олар – күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оның өту барысын мониторингтеуге арналған цифрлық сервис және шекті тарифті бекітуге арналған цифрлық сервис. 2025 жылы күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оны өткізу барысына мониторинг жүргізу жөніндегі салалық цифрлық сервис бүгінде тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Аталған сервис активтердің толық есебін және бақылауын, нысандардың онлайн-мониторингін жүзеге асырады, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын біртұтас цифрлық ортада жоспарлауды қамтамасыз етеді. Осы уақытқа дейін деректерді бірыңғайландыру, элементтер мен активтер иерархиясын типтендіру және жабдықтарды нормативтер мен жөндеу циклдерімен байланыстыру мақсатында жүйеде барлық нысандардың, тораптар мен жабдықтардың цифрлық тізілімдері құрылды. Енді бүгінде сервис нақты уақыт режимінде генерация нысандарының жұмыс режимдері туралы деректерді қабылдайды. Келесі кезең – қағаз түріндегі ақаулық журналдардан цифрлық тізілімдерге толық көшу. Верификацияланған деректерді жүктеу, жөндеу мерзімдерінің сақталуын тұрақты бақылау және сервистің функционалын жетілдіру – салалық бақылау сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Мониторинг жүргізу жөніндегі салалық цифрлық сервистен күтілетін әсер: күзгі-қысқы кезеңге дайындық мониторингінің жалпы мерзімін 90 күнге дейін қысқарту, және кезеңдегі апаттылық тәуекелін 25%-ға дейін төмендету.
Сол сияқты биыл стансалар бойынша шекті тарифтерді бекітуге өтінімдерді беру және қарау жөніндегі цифрлық сервис те тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Сервис қағаз түріндегі құжат айналымын толық жояды, министрлік қызметінде рәсімдердің ашықтығын және басқарылуын арттырады, сондай-ақ орындалу мерзімдері мен операциялық шығындарды қысқартады. Қазіргі кезеңде сервис 63 субъектіні, 83 генерация нысанын қамтиды, барлығы 1 664 құжат өңделді. Қағаз тасымалдауыштар мен қолмен есептеулерден толық цифрлық процеске көшу нақты нәтижелер берді. Мәселен, мақұлдау регламенттеріндегі бизнес-процестер саны 2 есеге қысқарды, өтініш берушілерге түсетін әкімшілік жүктеме 56%-ға азайды», — деп нақтылады Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша төмен және орта кернеулі желілерде қамту деңгейі әлі де жеткіліксіз. «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба аясында электр энергиясын интеллектуалды есепке алу жүйелерімен қамту үлесін арттыру жоспарлануда. Осыған байланысты үш жыл ішінде 27 электрмен жабдықтау субъектісінде 4 миллион «ақылды» есепке алу аспаптарын орнату көзделген. Күтілетін экономикалық тиімділік: электр энергиясының нормативтік шығындарын қысқарту есебінен 57 млрд теңге құрамақ.
Ал жылу энергиясын есепке алу бойынша да осындай жұмыстар жүруде. Ұлттық жоба аясында жылу энергиясын автоматтандырылған есепке алуды ел бойынша кеңінен тарату жоспарлануда. Бұл тұста жылумен жабдықтау нысандары мен ірі тұтынушылар есепке алу құралдарымен қазірдің өзінде жабдықталған, алайда негізгі олқылық магистральдық және тарату жылу желілерінде болып отыр. Мұндағы жалпы қажеттілікті қамту үшін 52 субъект бойынша шамамен 30 мың «ақылды» жылу энергиясын есепке алу аспабын орнату қажет. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, кешенді есепке алу нәтижесінде жылу энергиясын тұтынуды 15%-ға дейін үнемдеуге болады.
«Ұлттық жоба аясында аспаптандыру кезінде жергілікті есепке алу құралдарын өндірушілерге басымдық беріледі. Интеграцияның бірыңғай архитектурасы барлық есепке алу аспаптарынан деректерді EnergyTech платформасының аналитикалық базасына жинауды қамтамасыз етеді. «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба мен «Электр энергетикасы туралы» заңның аясында ОЭК саласында Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын және Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторын құру көзделген. Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығы автоматтандырылған басқару жүйелерін қорғауға басымдық бере отырып, салалық талаптарды әзірлеуді, ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтарының жұмысын үйлестіреді. Сондай-ақ кибероқиғалардың индикаторларымен алмасып, отын-энергетика кешенінде киберқауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті дамытуы тиіс. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторы ОЭК субъектілерінің технологиялық деректерін Энергетика министрлігінің Ахуалдық-талдамалық орталығына үздіксіз және қорғалған түрде беру үшін қауіпсіз байланыс арналарының жұмысын қамтамасыз етеді», — дейді министр.
Оның айтуынша, Энергетика министрлігінің Ахуалдық-талдамалық орталығы (АТО) 2024 жылдың IV тоқсанында іске қосылған. АТО – EnergyTech платформасының эталондық анықтамалықтары мен біріктірілген онлайн деректер ағындары негізінде ОЭК салаларына мониторинг жасаудың негізгі құралы. Орталық энергия өндіру, тарату және тұтыну нысандарынан келіп түсетін деректерді қорғалған онлайн режимінде жинауды, тексеруді, сәйкестендіруді және талдауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Қазақстанда отын-энергетика кешенінде ЖИ технологияларын қолдану мәселесі белсенді түрде талқылануда. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.
«Осы мақсатта ОЭК саласына ЖИ енгізу жөніндегі акселерациялық топ құрылған, оның құрамына саланың жетекші компанияларының өкілдері кірді. Топтың негізгі міндеті – салалық қажеттіліктерді айқындау және ЖИ технологияларын енгізу бойынша пилоттық жобаларды жүзеге асыру бағытында күш-жігерді біріктіру. Сонымен бірге биыл ЖИ шешімдері бар ғаламдық вендорлар мен IT-компаниялардан тұратын AI-альянс құрылды. Отандық IT әзірлеушілерді қолдау мақсатында министрлік пен Astana Hub резиденттері арасында салаға ЖИ шешімдерін енгізу және сол бағытта бірлесіп сынақтар өткізу жөнінде меморандумдарға қол қойылды», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, биыл екі ЖИ шешімі пилоттық сынақтан сәтті өткен. Оның біріншісі – дрондар мен ЖИ технологияларын пайдалана отырып, әуе электр тарату желілерін дефектоскопиялау, яғни ақауын тексеру. Күтілетін экономикалық тиімділік шығындарды қысқарту есебінен 2,5 млрд теңге болмақ. Екіншісі – роботтандырылған кешен мен ЖИ негізінде жылу желілерінің құбырларына дефектоскопия жасап, ықтимал апаттарды алдын ала болжау. Жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлау нәтижесінде экономикалық әсер 42 млрд теңге деп бағаланып отыр. Екі кейс те қазіргі уақытта нормативтік құжаттамаларын бекіту және кең ауқымда тарату кезеңінде тұр. Министрлік алдағы уақытта да салада ЖИ технологияларын жүйелі түрде енгізу жұмысын жалғастыра бермек.
#Инфрақұрылымдық даму #Энергетика #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу