ЕТЖ-ны 110 мың теңгеге дейін арттыру және ШОБ-ты тексеруге үш жылдық мораторий: Ұлттық экономика министрлігінің 2027 жылға арналған жоспары

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдар басшылары баяндама жасады. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин өз сөзінде бірқатар мәселеге тоқталды.

«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты  Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы  азаматтардың әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестицияларды тарту, салық және бюджет саясатын жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау бойынша  нақты міндеттерді қойды. Ұлттық экономика министрлігі келесідей жұмыстарды  жүзеге асырады. Халық табысының артуы экономиканың тұрақты сапалы өсуі және инфляцияның төмендеуі есебінен қамтамасыз етіледі. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық еңбекақының ең  төменгі мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Қажетті қаражатты бекіту және бөлу келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетте көзделетін болады. Инфляцияны одан әрі төмендету мақсатында тарифтік  саясатпен кешенді түрде инфляция деңгейін бақылау және  төмендету бойынша іске асырылып жатқан шаралар аясындағы  жұмыс күшейтіледі», — деді ол.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерді ірілендіруді ынталандыру үшін орта бизнесті  дамыту жоспары әзірленуде. Құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық  жаңғырту, бизнеске әкімшілік қысымды бәсеңдету тетіктері  көрсетіледі.

Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге  және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу  мәселесі қаралады. 

Халықтық цифрлық экономиканы құру шеңберінде  кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары маркетплейстерді, банктерді және логистиканы қоса алғанда, цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен біріктірілетін болады. Сондай-ақ сыни экономикалық тәуелділіктерді басқаруда  және сценарийлік талдауларды әзірлеуде жасанды интеллектінің  заманауи технологиялары қолданылмақ.

Ал салық заңнамасын жетілдіру бөлігінде осы жылдың  басынан бері Жобалық кеңсе аясында жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда бизнес-қоғамдастық өкілдерінің ұсыныстарын  ескере отырып, Салық кодексіне нақты өзгерістер пакеті дайындалды. Ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастырылады. Қазақстанның жағдайына барынша бейімделген  тәсіл әзірленеді.

«Жолдау аясында Мемлекет басшысы инфрақұрылымның «ауқымды құрылысы» бағытын белгіледі. Ол үшін Инфрақұрылымдық даму қоры құрылды. Бюджет кодексіне Қор қызметінің құқықтық негіздерін,  жобаларды қаржыландыру тәртібін, сондай-ақ қазынашылық  сүйемелдеу мен қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылау  тетіктерін айқындайтын түзетулер дайындалды. Негізсіз және тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды  интеллект технологиялары белсенді қолданылатын болады.

Алатау қаласының арнайы құқықтық режимінің инвестициялық  тартымдылығын арттыру мақсатында Алатау қаласындағы сот  жүйесінің қызметі жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істейді. «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға түзетулер әзірленді. 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін аталған түзетулер  Құрылтайдың қарауына енгізіледі», — деді Азамат Әмрин. 

Бұдан бөлек, инвестицияларды тарту жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында «Бәйтерек» холдингі инвестициялық саясат саласында қосымша функциялармен  қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік басқару жүйесін реформалауда мемлекеттік  аппарат жұмысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ оны  цифрландыру және жасанды интеллектімен өзара іс-қимыл  жағдайында жұмыс істеуге бейімдеу – маңызды міндет. Құқықтық және қаржылық сипаттағы шаралар қабылданып,  жаңа экономика жағдайында Мемлекеттік басқару жүйесін  реформалаудың кешенді жоспары әзірленеді. Министрлік Мемлекет басшысының Жолдауын орындау  бойынша жан-жақты шаралар қабылдайтын болады.

#Инфрақұрылымдық даму #Мемлекет басшысының Жолдауы #Салық саясаты #Цифрландыру #Экономика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу