ЭЫДҰ стандарттарын корпоративтік басқаруға енгізу жаһандық капитал нарықтарын қазақстандық компанияларға қолжетімді етеді — Ғалымжан Қойшыбаев

Қазақстандағы корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері Астанада Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің мұрындық болуымен өткен «Корпоративтік басқару – жаңа сын-тегеуріндер» форумында талқыланды. 

Форумда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік компанияларды корпоративтік басқару жөніндегі жетекші принциптеріне қосылуды жоспарлап отырғанын айтты.

Биыл ЭЫДҰ кеңесі салалық министрлер деңгейінде Корпоративтік басқарудың жаңартылған принциптерін қабылдап, кейіннен ол «Жиырмалық топ» көшбасшыларымен бекітілді.

«Ұсынымдар имплементациясы және ЭЫДҰ стандарттарын корпоративтік басқару тәжірибесіне енгізу жаһандық капитал нарықтарын қазақстандық компанияларға қолжетімді етеді», — деді Ғалымжан Қойшыбаев.

Сонымен қатар ол тиімді стратегиялық және транспарентті менеджмент ұзақ мерзімді кезеңде компаниялардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі элемент екенін, сол себепті Қазақстан Үкіметі корпоративтік басқару процесіне озық тәжірибелерді енгізуге ерекше мән беретінін атап өтті.

Форумға жетекші халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдар өкілдері, ұлттық компаниялар мен холдингтердің, қаржы құрылымдарының басшылары және тағы басқалар қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу