Қарағанды облысында фармацевтикалық кластер құрылады
Бастамашылар отандық фармацевтикалық өндіріс дамуына қосымша инвестициялар тартуға үміттенеді, деп мәлімдеді Қарағанды облысының өнеркәсіптік және индустриалды-инновациялық даму басқармасында.
«Фармацевтикалық кластер» консорциумын құру туралы меморандумға қол қойылды. Ол дәрілік препараттардың дайын түрлерін жасайтын және өндіретін, осы салаға қажетті білікті мамандарды даярлайтын кәсіпорындар мен ұйымдардың басын қосады», - делінген ведомство хабарламасында.
Бүгінгі таңда аймақтық фармацевтикалық кластерге қатысушылардың құрамына дәрілік өсімдік өндірісімен, жаңа дәрілік препараттардың дайын түрлерін жасаумен және өндірумен, олардың өндірісі үшін қосалқы материалдарды алумен, фармацевтикалық өнеркәсіпке қажетті білікті кадрларды даярлаумен, фармацевтикалық өнімнің маркетингі және дистрибюциясымен айналысатын 15 кәсіпорын енеді. Олардың қатарында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ, «Қарағанды мемлекеттік медицина университеті» ШЖҚ РМК, «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС, «Астана медициналық университеті» АҚ, ҚР Президенті Істерін басқару медициналық орталығы, «Қызыл-Май» Фирмасы» ӨК және тағы басқалары бар.
Фармацевтикалық кластер құрудың басты мақсаты: аймақ кәсіпорындарының бірегей фармацевтикалық өнім жасауына және оның өндірісіне тиімді қатысуына; ғылым, білім және өндіріс ықпалдастығын тереңдетуге және кеңейтуге, білім мен ғылым жүйесінде инновациялық белсенділікті арттыруға; отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту үшін инвестициялар тартуға; аймақ кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасын кеңейтуге; фармацевтикалық кластер шығаратын өнімнің қосылған құнын қалыптастыруға кәсіпорындардың тікелей қатысуына ықпал ету болып табылады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз