Жаңартылған алғашқы 30 теміржол вокзалы 1 шілдеге дейін пайдалануға беріледі

Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов, сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау Қарағанды, Абай және Жетісу облыстарының әкімдері  баяндама жасады. 

Көлік саласы еліміздің экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары бұл сала тұрақты дамып келеді. Мәселен, соңғы бес жылда көлік және қоймалау қызметінің көрсеткіштері 2 жарым есеге артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,2 триллион теңгені құрады. Бұл – инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық көлік дәліздерін дамыту, тасымал көлемін арттыру бағытында атқарылған жұмыстың нәтижесі.

Қазақстандағы жалпы жүк айналымының 57%-ын теміржол көлігі құрайды. Сондай-ақ ол көлік саласындағы жалпы өнімнің үштен бірін қамтамасыз етеді. Теміржол көлігі экспорт пен транзитті тиімді жүзеге асырады. Сондықтан ел экономикасындағы стратегиялық маңызы зор. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту өнеркәсіптің дамуына, экспорт көлемінің артуына және еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге тікелей ықпал етеді.

Теміржол саласында негізгі үш бағыт бар. Олар – локомотивтер мен вагондар паркі, және  магистральдық теміржол. Бұл элементтерді дамыту үшін өткізу қабілетін көбейту жұмыстар, осылайша болашақтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беру іс-шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

«2014-2019 жылдары локомотив сатып алу көлемінің төмен болуына байланысты, ол парктің тапшылығына әкелген еді. Соңғы жылдары локомотивтер паркін жаңарту бойынша ауқымды бағдарлама орындалды. 2028 жылға дейін отандық өндірістегі жаңа локомотивтерді тасымалға қосу жалғасатын болады. Қазіргі таңда локомотивтер паркі тасымалдау қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде локомотивтердің тозу деңгейі 74 %-дан 49 %-ға дейін төмендеді. Қазіргі уақытта локомотивтердің орташа жасы 30 жылдан 21 жылға дейін қысқарды.

Сонымен қатар, локомотивтердің техникалық жағдайы жақсарып, дизель шығыны біраз қысқарды. Әлемдегі жетекші өндіруші Wabtec мәліметі бойынша ҚТЖ-ның локомотивтері 93 мемлекеттің арасында ең тиімді деп есептеледі. Өндірісті және сервисті локализациялауға ерекше назар бөлінген. Бұл жұмыстар отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсерін тигізеді», — деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда жүк вагондары нарығы толықтай бәсекелестік ортада жұмыс істеп жатыр. Парк саны шамамен 147 мың вагонды құрайды. Оның көп бөлігі жеке меншік операторлардікі. Тасымалдау тиімділігін арттыру мақсатында жаңарту жұмыстары жалғасуда. 

Сонымен қатар, жолаушылар вагондарын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Соңғы жылдары 650-ден астам вагон жаңартылды. Ал                  2030 жылға қарай жаңарту деңгейі 90 %-ға жетпек. Негізгі мақсат – азаматтарды қауіпсіз әрі жайлы теміржол көлігімен қамтамасыз ету.

«Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды «Теміржол вокзалдарын жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал қамтылған. Қосымша жергілікті мемлекеттік органдар вокзал маңындағы алаңдарды жөндеп жатыр. Алғашқы 30 вокзалды биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануға береміз.

Теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында 754 шақырым жаңа жол салынып, 3 мың шақырым жолдың модернизациясы бітіп жатыр. Нәтижесінде тасымалдау мүмкіндігі мен транзиттік әлеует артады», — деді министр.

Теміржол желісінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру үшін бірқатар жаңа жобалар ұсынылуда. Олардың қатарында Астана-Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс-Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Сондай-ақ Қызылжар-Шұбаркөл-Есіл және Индербор-Мақат бағыттарының модернизациясы жоспарланған.

Транзитке байланысты негізгі ірі жұмыстар жүзеге асырылған. Нұрлан Сауранбаев қазіргі кезде Қазақстандағы үлкен мекемелер мен кен орындарына назар бөлу қажеттігін айтты. Оның ішінде Қарағанды облысы Қарағайлы өңіріндегі кен орындарына баратын жолды модернизация жасау керек.

Содан кейін көптен бері көтеріліп жатқан жоба – Индербор-Орал. Бұл жоба бір жағынан Оралды тікелей жолмен байланыстырады және Батыс Қазақстандағы кен орындарын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл екі жол перспективті жобалар қатарына қосылды.

«Қазақстан барлық негізгі бағыттар бойынша халықаралық көлік дәліздер желісін қалыптастыруда. Еліміз – Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа, Парсы елдері және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасында маңызды байланыстырушы көпір. Бүгінгі кезде Қазақстан арқылы Еуропаға Қытайдың 80% жүгі өтеді.

Сонымен қатар, елімізде және шетелде терминалдарды дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Соның нәтижесінде Қазақстанның бірыңғай логистикалық экожүйесі қалыптасып келеді. Бұл жүйе, Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы негізгі көлік-логистикалық тораптарды қамтиды.Қазіргі кезде маршрут бойында жеті терминал бар. Қосымша тағыда жеті терминал саламыз», — деді ол.

Транзит – теміржол саласының басты драйвері. Соңғы бес жылда транзит көлемі 20 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өсті. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, 2030 жылы транзит көлемі 67 миллион тоннаға, ал 2040 жылы 100 миллион тоннаға жеткізу жоспарда.

Сондай-ақ қазіргі таңда теміржол саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Саланың барлық негізгі объектілері бойынша «деректер көлі» – Data Lake қалыптастыруда. Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен аналитиканы қолдану арқылы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шығындар азайып, қауіпсіздік күшейеді. Осылайша, Министрлік саланың цифрлық саясатын қалыптастырды, іс-шараны орындалуын бақылауда ұстап отыр.

Алдағы үш жыл ішінде 1 мың 391 шақырым жаңа теміржол салу, мың шақырым жолды жаңғырту, жылжымалы құрамды жаңарту, терминалдық желіні кеңейту және цифрлық сервистерді дамыту көзделіп отыр. Аталған іс-шаралар теміржол желісінің өткізу қабілетін арттырады. Бұл шаралар Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі орнын нығайтуға және ұлттық экономиканың өсуіне қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.

#Инфрақұрылымдық даму #Көлік #Логистика #Цифрландыру

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу