28 Сәуір 2017, 03:15
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев шетелдік дипломатиялық корпусқа және инвесторларға Ұлттық инвестициялық стратегияның жобасы мен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясын таныстыруға қатысты.

Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев кіріспе сөзінде Мемлекет басшысының өңірге шетелдік инвестицияларды тарту бойынша Қазақстанның көшбасшылығын сақтау қажеттілігі туралы тапсырмаларын орындау мақсатында үлкен жұмыс жасалғанын айтып өтті. Нәтижесінде «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы құрылды.

Өз сөзінде ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек инвестициялар тарту және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру саласындағы жаңа әдістер туралы баяндады.
Ол соңғы жылдары елімізде инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде Дүниежүзілік Банктің инвестициялық ахуал мәселелері жөніндегі кеңсе басшысы Нимак Иван инвестициялар тарту бойынша Ұлттық инвестициялық стратегия жобасын таныстырды.
Ол стратегияда қазіргі инвесторларды ұстап қалуға баса назар аударылғанын атап өтті. Үкімет бұл жоспарда омбудсмендермен тығыз жұмыс жасайды.

Мақсаттар, міндеттер және мемлекеттік органдармен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ инвесторларымен өзара іс-қимыл туралы қоғам басқармасының төрағасы Мақсат Қабашев айтып берді.
«Kazakh Invest – бұл жаңа атау ғана емес, бұл тұтас бір парадигманың пайда болуы. Біздің басты назар – инвесторларда. Біз жаңа инвесторлармен келісім жасап, ескілерін де ұмытпаймыз. Олардың не қалайтынын біз білеміз, және біз олардың Қазақстанда жұмыс жасағанын қалаймыз. Kazakh Invest негізгі қағидасы – кедергі келтірмей, көмектесу», – деді М.Қабашев.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Альпаслан Коркмаз бүкіл әлемдегі қазіргі инвестициялық саясат туралы таныстыру жасады. Содан кейін өз сөзінде ол Қазақстанда жұмыс жасай бастаған инвесторлар ел болашағына сенетінін атап өтті. Қорытындылай келе, А. Коркмаз бір командамен инвестициялар тарту бойынша стратегияны жүзеге асыруды бастауға шақырды.

ҚР-дағы Франция елшісі Франсис Этьен қазіргі инвесторларға жасаған қамқорлығы үшін алғыс айтты:
«Таныстыруда инвесторларды қорғау және ұстап қалу стратегиясын көргеніме қуаныштымын. Ел тарихының ең басында Қазақстанның болашағына сенген тарихи инвесторларға, серіктестерге қамқорлық танытып, оларды ұмытпауымыз қажет», – деп атап өтті Ф.Этьен.

Палестина елшісі Монтафер Абу Заид Қазақстанның түрлі қалаларында 20 жылдан астам уақыт өз жобаларын жүзеге асырып келе жатқан палестиналық компанияларға қолдау көрсеткені үшін ҚР инвестициялар және даму министріне алғыс айтты.
«Қазір біздің компанияларымызға виза мәселесі бойынша көмек көрсету үшін сіздің қолдауыңыз қажет», – деді ҚР Премьер-Министріне қарата сөйлеген сөзінде Монтафер Абу Заид.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді Қазақстан виза режимін ырықтандыру мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті. Визасыз режим 45 елге орнатылған. Бұдан өзге, визасыз режим екіжақты негізде 19 елмен жүргізіледі.

Ж. Қасымбек шамамен бір апта бұрын, Араб мемлекеттерінің елшілерімен өткен кездесу барысында осы мәселенің көтерілгенін айтты.
«Біз нақты инвестициялық жобалар бойынша олармен келісімшартқа отыра аламыз. Инвестициялық келісімшарт аясында визалық қолдау мен сүйемелдеу жасауға әзірміз», - деді министр.

ҚЕБҚ атқарушы директоры Юлия Кусиди ҚЕБҚ мен Еуропалық бизнес-қауымдастық жаңа «Kazakh Invest» компаниясына кез-келген көмекті көрсетуге дайын екенін және аталған жұмысқа белсенді түрде атсалысатынын атап өтті.

Македония Республикасының Қазақстандағы елшісі Илья Псалтиров Қазақстан министрлеріне Ұлттық инвестициялық стратегия жайында өзге елдерді ақпараттандыру үшін шетелге жиірек шығып тұруды ұсынды.
«Дәл осылайша сіздер барынша көп инвестор тартатын боласыздар. Мен бұны Македонияның тәжірибесіне сүйеніп айтып отырмын», -деді И. Псалтиров. Сонымен қоса, елші бірнеше македондық компаниялардың Қазақстанға инвестиция салуға дайын екенін хабарлады.

Ислам даму банкі бағдарламаларының үйлестірушісі Рустам Эшонхужаев Ислам даму банкі тобының басшылығы Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан реформаға үлкен қызығушылық танытатынын айтты.
«Ислам банкінің президенті «Kazakh Invest» компаниясының құрылуына қолдау білдіріп, жақын арада әрі қарайғы ынтымақтастық келешегін айқындап, Ислам ынтымақтастығы ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі қорын қаржыландыру мәселелерін шешу үшін Халықаралық ислам сауда-қаржы корпорациясының басшылығын Қазақстанға жіберуге ниетті», - деді Р. Эшонхужаев.

ҚР-дағы ҚХР елшісі Чжан Ханьхуэй қытай тарапы Қазақстан Үкіметінің инвестициялық саясатын қолдайтынын және Қытай елшілігі жақын арада Қытайдың қаржы институттарымен тығыз байланыс орнатуға әзір екенін мәлімдеді.
«Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымызды нығайтудың жақсы платформасы болады деп ойлаймын. Біз қолдаймыз», - деді Ч. Ханьхуэй.

Қорытындылай келе, Б. Сағынтаев Ұлттық инвестициялық стратегияның презентациясына Қазақстанның түрлі елдердегі инвестициялар саласында үлкен тәжірибелері бар серіктестері шақырылғанын айтып өтті.
«Біз өзіміздің елшіліктердің мүмкіндіктерін пайдалануымыз керек. Бізде әр елшіліктің жанында және ҚР СІМ-де инвестициялық кеңесшілер бар. Біз өзіміздің өкілдіктерді орналастыратын басымдықты елдерді анықтадық. Президент тарапынан тиісті қолдау көрсетілуде. Бюджет қалыптастырылды. Міндет қойылды», - деді Б. Сағынтаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу