ҚР Үкіметі басшысы Алматыдағы жауынның салдарын жою бойынша жұмысты жеке бақылауына алады
Сейсенбідегі селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қалада өткен жауынның салдарын жою аясында қабылданған шаралар туралы есебін тыңдады.
«Қазіргі уақытта Алматының біріктірілген аумағын ескерсек, жалпы ұзындығы 221 шақырым болатын 28 өзен бар. Осыған байланысты мүмкін 21 су тасқыны учаскесі алдын ала анықталған. Ақпан мен наурыз аралығында коммуналдық қызметтер ұзындығы 188 км болатын өзендерді, арналар мен арық желілерін тазалады, 5000 астам текше метр қар, 17 мың текше метрден астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылды», - деп мәлімдеді Б.Байбек.
Қала әкімінің мәліметінше, «тек мамыр айында орташа норма - 108 мм кезінде нормадан екі есе артық - 200 мм жауын-шашын түсті, ал 17 маусымда айлық норма - 60 мм кезінде 3 сағаттың ішінде 47, ал тірек жерлерде 50 мм дейін жауын-шашын жауды».
Ол мұндай аномалды жағдай соңғы рет 1957 жылы болғанын айтып өтті. Б.Байбек 17 маусымда барлығы қала аумағында 94 су басу оқиғасы орын алғанын хабарлады. Олардың ішінде жеке тұрғын үйлерде - 25, аулалар аумағында - 69.
«ТЖ жөніндегі департамент базасында салдарды жою үшін азаматтық қорғау қызметі, 110 адамнан тұратын аудандардың коммуналдық қызметтері, 28 техника бірлігін тартумен штаб құрылды. Барлық мәселелер шешілді. Нәтижесінде кешке қарай су басқан негізгі жерлер тазаланып, таңға қарай жалпы қала бойынша барлық жұмыстар аяқталды», - деді Б.Байбек.
Оған қоса, қала басшысы аталған жағдай тұрақты бақылауда екенін айтып өтті.
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов әкімнің баяндамасын тыңдаған соң таяу уақытта Алматыға барып, бұл жұмысты жеке бақылайтынын жеткізді.
«Таяу арада Сіздерге баруды жоспарлап отырмын. Сіздің жаңағы айтқандарыңызды өз көзіммен көріп шыққым келеді. Сізбен бірге жаңағы айтқан жерлермен жүріп өтеміз. Қай күні екенін кейін белгілеймін», - деді К.Мәсімов әкім Б.Байбекке қарата сөйлеген сөзінде.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз