Инновациялық технологиялар сейсмикалық барлау саласына да қарқынды енгізілуде – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы

Бүгінгі таңда ҚазМұнайГаз жалпы қаржыландыру көлемі 17,3 млрд теңгені құрайтын ғылыми-зерттеу жобалары кешенін жүзеге асыруда. Кешен 80 технологиялық міндетті қамтиды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет отырысында баяндады.

Оның айтуынша технологиялық міндеттер тек компанияның ғана емес, саланың да негізгі және жүйелі сын-қатерлерін шешуге бағытталған. Қорларды ұлғайту, мұнайды тиімді өндіру, көмірсутектерді терең өңдеу мақсатында бүкіл тізбекте жаңа технологиялар үнемі ізделуде және енгізілуде.

«Жобаларды жүзеге асыруға еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары тартылды, бұл мұнай-газ саласының ғылыми әлеуеті мен практикалық қажеттіліктерін біріктіруге мүмкіндік береді. Көмірсутектерді іздеу процесі – бұл тәуекелдері жоғары деңгейде сақталатын, үнемі кешенді шешімдер қабылдауды қажет ететін ғылыми-техникалық тұрғыдан күрделі міндет. ҚазМұнайГаз бес негізгі мұнай-газ бассейннің бассейндік модельдеуін жасады. Бұл жұмыс көмірсутектердің шоғырлану жағдайлары мен қозғалу жолдарын анықтауға бағытталған. Осылайша перспективалы учаскелерді болжау дәлдігі артады», — деді Асхат Хасенов.  

Басқарма төрағасының баяндауынша орындалған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 22 геологиялық барлау жобасын қамтыған портфель қалыптастырылған, оның жиынтық геологиялық ресурстық базасы 4,7 млрд тоннаға жуық шартты отынды құрайды.

Қазақстанда бұрын қолданылмаған инновациялық технологиялар сейсмикалық барлау саласына да белсенді енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, далалық сейсмикалық барлау жұмыстарын 20%-ға дейін жеделдету үшін сымсыз қабылдағыштар, сондай-ақ жұмыстарды қатынауға қиын аймақтар мен аз зерттелген учаскелерде жүргізу үшін электр-магниттік импульстік көздер пайдаланылады.

ҚазМұнайГаз ұлттық компания ретінде геологиялық барлау стратегиясын терең қабаттар мен аз зерттелген учаскелерге бағыттап, күрделілігі жоғары жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда операциялық активтерде мұнайдың алынатын қалдық қоры шамамен 445 млн тоннаны құрайды және оның 50%-дан астамы қиын өндірілетін қорларға жатады. 

Осыған байланысты ҚазМұнайГаз қиын өндірілетін қорларды игеруге тарту үшін инновациялық технологияларды енгізуде. Негізгі бағыттардың бірі – полимерлік су айдау технологиясын ауқымды түрде қолдану. Тұтқырлығы жоғары мұнай кеніштерін игеру үшін бу мен суды кезектеп айдау технологиясы енгізілуде.

«Мұнымен қоса заманауи бұрғылау технологиялары да қолданылып жатыр. Сағасы 45° көлбеу ұңғымалар бұрғылана басталды, бұл қосымша 2,2 млн тонна өндірілетін қорларды игеруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар диаметрі шағын ұңғымаларға арналған Slim Hole технологиясы қолданылып бұрғыланды, бұл шығындарды 30%-ға қысқартуға ықпал етті. ҚазМұнайГазда инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған арнайы Технологиялық сын-қатерлер бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы осы бағдарлама шеңберінде қосымша 434 мың тонна мұнай өндірілді», — деді Асхат Хасенов.  

Оның айтуынша мұнай өндіруді 2040 жылға қарай қосымша 54 млн тоннаға арттыру жоспары ескі кен орындарының өмірін ұлғайтады, осылайша кен орны төңірегіндегі елді мекендердің әлеуметтік тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, халық жұмыспен қамтылады.

Бұдан бөлек, қорлардың шамамен 90%-ын құрайтын 12 негізгі кен орнында цифрлық жұптар енгізіле басталды. Цифрлық жұптар геологиялық-техникалық іс-шаралардың тиімділігін арттыруға, өндіріс көлемін жыл сайын 3%-ға дейін өсіріп отыруға мүмкіндік береді. ҚазМұнайГаздың мұнай өңдеу зауыттары іс жүзінде елімізді жанар-жағармай материалдарының бүкіл көлемімен қамтамасыз етіп келеді. Осыған орай, зауыттардың тоқтаусыз жұмысын жолға қойып, дамыту – стратегиялық маңызды міндет болып саналады.

Бүгінгі таңда тұрақтылық индексін 96%-ға дейін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық шешімдерді енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жеңіл мұнай өнімдерінің шығымы – мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.

Заманауи катализаторлар мен қоспаларды қолдану, технологиялық процестерді автоматты түрде басқару, сондай-ақ өндірісті тоқтатпай ақылды технологияларды енгізу сияқты іс-шаралар арқасында бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 83%-ға дейін жеткізу көзделген. Қайтарымсыз шығындар мен отын тұтынуды төмендету де ерекше назарда, соның ішінде көмірсутек газдарының шығын жолдарын анықтап, оларды бітеу арқылы 8%-дан 5,5%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда үш мұнай өңдеу зауыты Jet A-1 авиаотынын өндіруге техникалық және нормативтік тұрғыдан дайын. Авиация саласын экологиялық таза отынмен қамтамасыз ету мақсатында ҚазМұнайГаз Kaz Food Products-пен бірлесіп биоэтанолды жаңартылатын авиаотынға айналдыратын SAF өндірісі жобасын жүзеге асыруда, биыл жобалық жұмыстары басталады.

Сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модификацияланған битум өндірісіне көшу пысықталуда. ҚазМұнайГаз ғылыми-зерттеу қызметін дамыту аясында көміртегі ізін азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. 

Атап айтқанда, сутегі энергетикасы жүйесінің тізбегін құру бағытында мына жұмыстар атқарылуда:

  • Жаңартылатын энергия көздері негізінде жасыл сутегін өндіретін эксперименттік қондырғы жасалды. 

Нәтижесінде электролизер қуаты 20 кВт болған кезде «жасыл» сутегі өндіру өнімділігі сағатына 5 қалыпты текше метрі деңгейіне жетті. Электр энергиясын өндірудің ең жоғары көлемі – сағатына 32 000 кВт болды.

  • Сутегіні сақтау мен тасымалдауға арналған қорытпаларды жасау. 

Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде материалдағы сутегі қорытпа массасының 0,8%-ы мөлшеріндегі деңгейге жетті, бұл көрсеткіш оның жұмысқа қабілеттілігін және пайдалануға жарамды екенін дәлелдейді.

  • Сутегіні электр және жылу өндіруде қолдану бойынша халықаралық тәжірибе зерделенуде. 

Сонымен қатар елдегі сутегі энергетикасын дамытудың әлеуетін бағалап, негізделген инвестициялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін сутегі әлеуетінің цифрлық платформасы Қазақстанда алғаш рет әзірленді.

«Платформа өңірлердің су ресурстарымен қамтылу деңгейін, күн және жел энергиясының әлеуетін, сондай-ақ сутегі өндірісінің мүмкіндіктері мен өзіндік құнын бағалау көрсеткіштерін сипаттайды. Жоғары оқу орындарымен ынтымақтасу аясында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірге карбамидті қаптауға арналған күкірт-полимерді шығару бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастауды көздеп отырмыз. Күкірт-полимерді өндіру жұмыстары ауыл шаруашылығында карбамидті қолдану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Асхат Хасенов.  

Басқарма төрағасының сөзінше ҚазМұнайГаз CNPC компаниясымен бірлесіп Ақтөбе облысында қуаты жылына 800 мың тонна болатын карбамид өндіру жобасын жүзеге асыра бастады, оны іске қосу мерзімі 2029 жылға жоспарланған. Жетекші мұнай-газ компаниясы ретінде ҚазМұнайГаз елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі және жүйелі сын-қатерлерді шешуге бағытталған инновацияларды бұдан әрі де дамытатын болады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу