25 Қараша 2026, 17:25
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасының Жобалық кеңсесінің отырысы өтті. Жиында 2027 жылға арналған жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және отандық өндірушілердің қатысу мәселелері қаралды.
Келесі жылы жылу, электр және су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасады. Жаңа және өтпелі жобалардың жалпы құны 822,6 млрд теңгені құрайды. Жүзеге асыруға 366 жоба дайын. Қаражатты ең белсенді игеріп жатқан өңірлер қатарында Жетісу, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары бар.
Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен тоғыз өңірдегі 135 жобаға мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша сатып алу рәсімдерін жеңілдету, желілерінің тозу деңгейі жоғары коммуналдық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту және шығындар негізді түрде ұлғайған жағдайда жобалардың құнын қайта қарауды көздеу ұсынылды.
Вице-премьер 15 желтоқсанға дейін тиісті түзетулерді дайындап, жыл соңына дейін Үкіметтің тиісті қаулысын қабылдауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитетіне өңірлермен бірге түйткілді мәселелерді апта сайын қарау, ал жоба жетекшілеріне нысандарды толық пайдалануға берілгенге дейін сүйемелдеу жүктелді.
Келесі жылдың жобалары бойынша шарттарды дер кезінде жасасуға ерекше назар аударылды. Мәселен, қазіргі уақытта 106 жобаға конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Алматы қаласының, Алматы және Атырау облыстарының әкімдіктеріне желтоқсан айының соңына дейін 2027 жылға белгіленген барлық жоба бойынша шарттар жасасу тапсырылды.
Отырыс барысында ЭКСЖ жобасын қаржыландыру мәселелері де қаралды. Коммуналдық кәсіпорындардың қарыз қаражатына қолжетімділігін жеңілдету үшін субсидиялау және банктік реттеу қағидаларына өзгерістер әзірленді. Қаржы ұйымдары тиісті түзетулер қабылданғаннан кейін мақұлданған жобаларды қаржыландыруға кірісуге дайын. Қанат Бозымбаев субсидиялау қағидаларына енгізілетін өзгерістерді тіркеуді үш күн мерзімде аяқтауды тапсырды.
Ұлттық жобаны жүзеге асыруға қазақстандық өндірушілерді тарту мәселесі өз алдына бөлек қаралды. ЭКСЖ-нің электрондық платформасында материалдар мен жабдықтарға 3 мыңнан астам тапсырыс қалыптастырылып, отандық кәсіпорындармен 120 шартқа қол қойылды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» жүргізген мониторинг 18 өңірдегі 75 жобаны қамтып, 14 нысанда отандық өнімді пайдалану жөніндегі талаптардың бұзылғанын анықтады.
Қанат Бозымбаев бақылауды күшейту және отандық өндірушілердің өндірістік қуатын, өнім құнын және жеткізу мерзімдерін ескере отырып, олардың қатысуына экономикалық жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
«Алдағы кезеңдерге арналған міндеттерді орындауға әлде де болса уақыт бар, ойын ережелерін нақты айқындап, қолда бар барлық цифрлық құралдарды қолданып, қателіктерге жол бермеуіміз керек», — деді вице-премьер.
2027 жылы жеті өңірде: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарында электр желілерін реконструкциялау жоспарланған. Жобаларды жүзеге асыру үшін кабель өнімдері, электр тарату желілерінің бағаналары және басқа да жабдықтар қажет.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне отандық кәсіпорындар өндірісті алдын ала жоспарлай алуы үшін 1 қаңтарға дейін өңірлердің келесі жылға арналған материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілігін жариялау тапсырылды.
Тапсырмалардың орындалуы желтоқсан айында өтетін Жобалық кеңсенің қорытынды отырысында қаралады.
#Жылумен жабдықтау #Инфрақұрылымдық даму #Энергетика #Қанат БозымбаевҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу