08 Шілде 2026, 18:22
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев гонконгтық Towngas және Full Vision Capital компанияларының делегациясымен кездесу өткізді, оны Full Vision Capital басқарушы серіктесі, Towngas атқарушы директоры және инвестициялар жөніндегі директоры Алан Чан бастап келді. Келіссөздер барысында тараптар «жасыл» энергетика, тұрақты авиациялық отын, заманауи электр энергиясын жинақтау жүйелері және Алатау қаласын дамыту саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Қанат Бозымбаев Қазақстан энергетикалық тұрғыда көшу саясатын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын және халықаралық инвесторлар мен озық технологияларды тартуға мүдделі екенін атап өтті. Жобаларды локализациялау үшін басым алаң ретінде Alatau City аумағы белгіленді, онда инвесторлар үшін тұрақты жағдайларды, салықтық және кедендік преференцияларды, сондай-ақ жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеуді көздейтін арнаулы құқықтық режим әрекет етеді.
Келіссөздер барысында тараптар деректерді өңдеу орталықтары мен сыни инфрақұрылым объектілерін сенімді түрде энергиямен жабдықтау үшін сұранысқа ие болуы мүмкін электр энергиясын ұзақ мерзімге сақтайтын EnerVenue технологияларын Қазақстанда енгізу перспективаларын қарастырды. Сонымен қатар, EcoCeres технологиялары негізінде тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері мен қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды дамытуға және Towngas Smart Energy шешімдерін, оның ішінде шатырдағы күн электр станциялары мен зияткерлік энергетикалық жүйелерді енгізуге ерекше назар аударды. Заманауи орныққан қала ретінде құрылып жатқан Alatau City осындай технологияларды кешенді түрде енгізіп, кейіннен табысты шешімдерді Қазақстанның басқа өңірлеріне кеңінен тарату үшін пилоттық алаң бола алатыны атап өтілді.
Towngas және Full Vision Capital компаниялары «жасыл» экономика саласындағы жетекші халықаралық ойыншылардың қатарына кіреді. Towngas – тарихы 160 жылдан асатын Гонконгтың ең ірі газ және энергетикалық компаниясы, ол Қытайда 100 миллионнан астам тұтынушыға қызмет көрсетеді және тұрақты авиациялық отын, электр энергиясын жинақтау, жаңартылатын энергетика және жартылай өткізгіш технологиялар саласындағы жобаларды дамытады. Full Vision Capital энергетикалық тұрғыда көшу және тұрақты дамуға байланысты жоғары технологиялық жобаларға инвестициялар салуға маманданған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілігін растады және инвестициялық жобаларды нақты пысықтауды жалғастыруға келісті.


Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу