15 Қараша 2023, 19:30
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз конференциясы өтті. Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баяндама жасады.
Ең алдымен аймақ басшысы Костенко атындағы шахтада қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқаны жөнінде айтты.
«Бүгінгі таңда барлық 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем алды, кәмелетке толмаған және 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды», — деп хабарлады Ермағанбет Бөлекпаев.
Мемлекет қаза тапқан кеншілердің отбасыларына әрі қарай да қолдау көрсететін болады. Өз тарапынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 44 отбасына 10 жылдық жалақы төледі. Қаза тапқан кеншілердің, олардың жұбайының, ата-аналары мен балаларының несиелері өтелді. Сондай-ақ жұмыс беруші пәтер сатып алады – әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр пайдалы алаң есебімен, 18 жасқа дейінгі балаларға сақтандыру төлемдері болады (оқу кезеңінде 23 жасқа дейін). Қазір зардап шеккен төрт адам медициналық мекемелерде ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа және жеңіл деп бағалайды. Пациенттер барлық қажетті медициналық көмекті алуда.
Әрі қарай Ермағанбет Бөлекпаев облыстың биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық қорытындысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Қарағанды облысында көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін автопарктерді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін 195 автобус сатып алынады, оның 187-сі сатып алынды.
«Нәтижесінде Қарағанды маңына қызмет көрсететін автобустардың 50%-ы жаңартылады», — деп атап өтті облыс басшысы.
Биыл 1354 шақырым автожол жөнделді, оның ішінде 700 шақырымы жергілікті желі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 22 ауылдық елді мекенде жол жөндеу жұмыстары аяқталды.
Сондай-ақ аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев өңірді тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар жасалып жатқанын айтып берді.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысының барлық энергия көздері штаттық режимде жұмыс істеуде. Жылу желілерін салу және реконструкциялау бойынша 17 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр.
Қарағандыда ұзындығы 21,5 км жылу желілерін жөндеу және жаңғырту аяқталды, бұл 70-ке жуық тұрғын үй мен 13 әлеуметтік нысанды жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
«Өңірде жылу желілерін салу және реконструкциялау бойынша 17 инфрақұрылымдық жобаның ауқымды жұмысы мен іске асырылуы жүріп жатыр. Қарағандының жаңа аудандарында жылу тапшылығы мәселесін шешу үшін үшінші жылу құбырын салып жатырмыз», — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Теміртауда 28 шақырымға жуық жылу желілері жөнделді. Осының арқасында 500-ге жуық тұрғын үй мен 50 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін Шахтинск ЖЭО-да бірқатар проблемалар туралы мәлімделген болатын. Негізгі және қосалқы жабдықтар, үш қазандық және екі турбина жөнделді. Жылу көзі штаттық режимде жұмыс істеуде.
Аймақты газдандыру да жалғасуда. Газ тарату желілері 5,5 мың жеке үйге жеткізілді. Қарағанды мен Теміртаудағы үшінші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуда.
Қарағанды мен Теміртау тұрғындарының әлеуметтік осал топтарының үйлерін газға қосу үшін бір реттік төлемдер бөлінді. Барлығы 86 млн теңгеге. Оларды 225 отбасы алды. Жеке сектор тұрғындарын газға қосуға арналған пайызсыз қарыздың арнайы бағдарламасы әзірленді.
Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысында агроөнеркәсіптік кешен саласында 7,4 млрд теңгенің 24 жобасы аяқталғанын хабарлады. Жалпы құны 10 млрд теңгеге 28 инвестициялық жоба іске асырылуда. 193 жұмыс орны құрылады. Бүгінгі таңда өңірде егіс алқабының 97%-ы жиналды.
«Қолайсыз күн райы егін жинауға және астық сапасына әсер етпеді. 651 мың тонна астық, 254 мың тонна картоп және 32,3 мың тонна көкөніс жиналды», — деді Қарағанды облысының әкімі.
Сондай-ақ ол облыста мал басы көбейгенін атап өтті. Былтырғы жылдың деңгейінде ет өндірісі қамтамасыз етілді, биыл сүт 1,8%-ға, жұмыртқа 8%-ға көбірек өндірілді.
Бұдан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігінің өсуін атап өтті. Қарағанды облысы кәсіпкерлер үшін тартымды бола түсуде. Аймақ бизнесті жеңіл жүргізу бойынша ел рейтингінде екінші орынға ие болды.
«Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,2%-ға өсті – бұл 100 мыңнан астам жаңа салық төлеушілер. Белсенді халықтың жартысы, бұл облыстың әрбір екінші тұрғыны шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. ШОБ өнімін шығару 1,2 трлн теңгеге жетті», — деді өңір басшысы.
Облыс республикада бірінші болып бөлшек салық мөлшерлемесін екі есе төмендетті. Осының арқасында өзгерістер енгізілген сәттен бастап салық төлеушілер саны алты есе өсті. 900-ден астам кәсіпкер бизнесті қолдаудың жаңа шарасын пайдаланды.
Ірі компанияларға қызмет көрсетуге 800-ден астам ШОБ кәсіпорындары тартылған. Бұл қосымша жұмыс орындарын ұсынады. 6 мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналастырылды.
Облыс әкімінің сөзінше, өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Жастардың бизнес-идеяларын іске асыру үшін жылдық 2,5% мөлшерлемемен несиелер және 365 кәсіпкерге арналған гранттар мақұлданды. Ұлттық жоба бойынша 212 грант берілді. «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 396 бизнес-жоспар мақұлданды. Жыл соңына қарай барлық бағдарламалар бойынша бизнесті қолдау жобаларының портфелін 5,5 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ Ермағанбет Бөлекпаев ұлттық жобалардың, бағдарламалардың және жеке бастамалардың арқасында 43 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын атап өтті. 11 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Барлық қабылданған шаралар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін 4,1%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл елдегі ең төменгі көрсеткіш.
Бұдан бөлек, брифингте Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысындағы инвестициялық жобалар туралы да баяндады.
Оның айтуынша, Қарағанды облысында 1,5 трлн теңгеге 56 инвестициялық жоба іске асырылуда. 13 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
«Биыл бес жоба іске қосылды. 380-ден астам адам жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін тағы алты жаңа өндіріс ашылады, олардың ішінде тұрмыстық техника мен автомобиль шиналарын шығаратын зауыттар бар. 1900-ден астам қарағандылық жұмыспен қамтамасыз етіледі», — деді облыс әкімі.
Өңірде Saran индустриялық аймағының дамуы жалғасуда. Мұнда инфрақұрылым бойынша жұмыстар аяқталуда. «Сары-Арқа» және Saran өнеркәсіптік аймақтарының аумақтарында болашақ инвесторлар үшін 400 гектарға жуық бос алаң дайындалды.
Биылғы жылдың 10 айында облыс өнеркәсібінің көлемі 2,8 трлн теңгені құрады. Үшінші жыл қатарынан өңірді дамытуға жеке инвесторлардың инвестициялары ұлғаюда. Аталған кезеңде облысқа шамамен 641 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 86%-ы жеке инвестициялар.
Сонымен қатар Ермағанбет Бөлекпаев ең жоғары өсім байқалатын салаларды атап өтті. Бұл машина жасау, жеңіл және қағаз өнеркәсібі, фармацевтика, қара металлургия.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев 2025 жылға дейін Қарағанды облысында 22 мектеп салынатынын хабарлады. Оның 18-і «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында. Бүгінде 10 жайлы мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар Қарағандыда тағы бір заманауи оқушылар сарайы пайда болады.
Сондай-ақ жыл соңына дейін 400 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр, нәтижесінде кезекте тұрғандар саны 700 адамға қысқаруы тиіс.
«Біз тек облыс орталығын ғана емес, моноқалалар мен аудандарда да үйлер саламыз. Облыста барлығы 392,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 400 мың шаршы метрге жеткіземіз», — деді Қарағанды облысының әкімі.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету – өңірдегі басым міндеттердің бірі. «Жас отбасыларға арналған ипотека» бағдарламасын 97 отбасы пайдаланды, 153 қарыз беру жоспарда бар. Сондай-ақ кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдетілген ипотеканың өңірлік бағдарламасы жұмыс істейді, 2 млрд теңгеге 121 ипотекалық несие берілді.
Ермағанбет Бөлекпаев денсаулық сақтау нысандарын салуға және ауылдық аудандар мен моноқалаларға дәрігерлерді тартуға басымдық беріліп отырғанын да атап өтті. Ауылдарда 92 денсаулық сақтау нысаны салынуда, оның 14-і осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Балқаш пен Теміртауда орталық ауданаралық ауруханалар ашылады.
Аймақ басшысының айтуынша, ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту үшін қосымша қаржылық қолдау бөлінді – әрбір медицина қызметкеріне 5 млн теңгеге дейін берілді. 69 маман шетелде оқудан өтті.
Қорытындылай келе, Ермағанбет Бөлекпаев облыстағы туризм саласы туралы айтты. Оның сөзінше, өңірде барлық мақсат пен міндет көрсетілген 2025 жылға дейінгі бағдарлама бар. Туризмді дамытудың негізгі нүктелері Балқаш пен Қарқаралы ұлттық табиғи паркі болып табылады. Биылғы жылы жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден аса инвестициямен 110 номерлі (344 төсек орын) сегіз туризм нысанын іске қосу күтілуде (Балқашта 4 демалыс зонасы, 1 қонақ үй, Қарқаралы ауданында 2 қонақ үй, 1 глэмпинг). Келер жылға (Балқаштағы демалыс зоналарында) 1,4 млрд теңгеден аса сомаға (219 номерлі бірлік, 476 төсек орын) 7 жобаны іске асыруды жоспарланған.
Сондай-ақ Ермағанбет Бөлекпаев Балқашта жаңа жобалар үшін 169 гектар бос жер телімдері қалдырылғанын хабарлады. Әлеуетті инвесторлар үшін Қарқаралы ауданында 20 жер телімі бар. Сол сияқты, Қарқаралы ауданында туризмді дамыту мақсатында «Бұғылы» рекреациялық аймағы белгіленген. Ол Қарқаралының батыс тарапында орналасқан.
«Көріп отырғандарыңыздай, бізде жақсы демалатын жерлер бар. Сондықтан, сіздерді біздің облысқа демалуға шақырамын», — деп түйіндеді Ермағанбет Бөлекпаев.
Баспасөз конференциясының соңында журналистер облыс әкіміне сұрақтарын қойды.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу