Түрлі форматтағы экономикалық ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл үшін Қазақстанның есігі ашық - Үкімет Басшысы С.Ахметов
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов VI-шы Астана экономикалық форумы аясында өткен «G-Global» форматындағы экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ету» тақырыбындағы Көшбасшылар диалогына қатысып, сөз сөйледі.
Үкімет басшысы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен өткен Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның мақсатына назар аударды. Оның айтуынша, әлемдік экономикадағы проблемаларды шешуде «әлемдік қауымдастыққа қауіп төндіретіндей ірі қатерлердің алдын алуды жүйелі шешуге мүмкіндік беретін көпжақты қарым-қатынас ұстанымдарын қалыптастыру маңызды әрі көкейкесті».
С.Ахметовтің айтуынша, Астана экономикалық форумының алаңдарында қазіргі жағдайдағы халықаралық және ұлттық дамудың түрлі аспектілерін қамтитын, көптеген мәселелер қаралуда. Оның ойынша, дағдарысқа қарсы конференция аясында талқыланған сындарлы идеялар ортақ іс-әлемдік экономиканы теңгерімді экономикалық өсімнің жаңа кезеңіне шығаруға жәрдем етеді.
Қазақстанға келер болса, елімізде бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасалып отыр. Дүниежүзілік Банктің бағалауынша Қазақстан 2012 жылы «Doing Business» рейтингі бойынша 49 орынды иеленді. Соңғы жылдары елімізге 170 млрд-тан астам шетел инвестициясы тартылды. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында құрылған Бірыңғай экономикалық кеңістік инвестиция мен әріптестік үшін үлкен әлеует ашып отыр.
«Бұл 170 млн. адамды қамтитын жаңа рынок. Мұнда бай табиғи қорлар, сондай-ақ қуатты өндірістік, адами, аграрлық-азық-түліктік және сервистік технологиялық әлеует бар», - деп сөзін толықтырды С.Ахметов.
«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің негізгі тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады. «Бұл «жасыл» экономика принципіне өтудің нақты қадамы болады», дей келе С.Ахметов, инвесторлар мен елдерді бірлескен жұмыс пен халықаралық іс-қимыл үшін үлкен алаң болып табылатын осы салада әріптестікке шақырды.
«Тұтастай алғанда, Қазақстанның түрлі форматтағы өзара іс-қимыл мен экономикалық ынтымақтастық үшін есігі ашық, Қазақстанда бизнесін жүргізуге ынталылардың бәрін шақырамыз», - деді сөзін қортындылай келе С.Ахметов.
Сондай-ақ, Көшбасшылардың диалогына Польша Республикасының бұрынғы Президенті Александр Квасьневский, Халықаралық валюта қорының бұрынғы Басшысы Доминик Стросс-Кан, Герман экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Экхард Кордес, Болгарияның бұрынғы Президенті Георгий Пырванов, Македония Республикасының Премьер-Министрі Никола Груевский, Италияның бұрынғы Премьер-Министрі Романо Проди және басқалары қатысты.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз