Қазақстандық геология жаңа технологиялар мен стандарттарды қажетсінеді - ҚР Премьер-Министрі
Қазақстанда геология саласын тиімді дамыту үшін халықаралық тәжірибелер, жаңа технологиялар мен стандарттарды енгізу қажет, деді ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде.
Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Шелпековтың Қазақстанда геология саласын дамыту перспективалары туралы қойған сауалына С.Ахметов «Геологиялық барлауға қатысты мәселе, алдағы кезеңде біз үшін аса маңызды болмақ. Сондықтан, «Қазгеология» АҚ тұжырымдамасы қайта қаралды. Бұл компания өткен жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің басқаруына берілген болатын. Мен мұны дұрыс шешім деп есептеймін. Қазір геологиялық барлау жұмыстары тұжырымдамасы жасалуда», - деді .
Сонымен қатар, Премьер-Министр бұл салада халықаралық тәжірибені үйрену қажеттігі, Қазақстан геологиясына кен қойнауын зерттеудің жаңа әдістер мен технологияларын тарту қажеттігін баса айтты.
«Бұл тәжірибені біз қазір мұқият қарастырып жатырмыз, біздің ойымызша, Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейін минералдық-шикізат базасын дамытудың үлкен бағдарламасына кірісуге мүмкіндік беретін, Геологиялық зерттеу орталығын құру қажет», - деді Үкімет басшысы.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз