Қазақстан Біріккен ядролық зерттеулер институтымен ынтымақтастықты нығайтып келеді

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Біріккен ядролық зерттеулер институтының Бас директоры Григорий Трубников бастаған делегациясымен кездесуі өтті.

Біріккен ядролық зерттеулер институты – ядролық физика, жоғары энергиялар физикасы және басқа да салалар бойынша іргелі әрі қолданбалы зерттеулер жүргізу мақсатында 1956 жылы құрылған халықаралық үкіметаралық ғылыми ұйым. Қазақстан аталған институтқа 1992 жылдан бері мүше.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен институт арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы перспективаларын, сондай-ақ ғылыми кадрлар даярлау және бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады.

Аида Балаева институт ұжымын 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның әлемдік ғылымның дамуына қосып келе жатқан елеулі үлесін атап өтті.

Бүгінде қазақстандық ғалымдар институттың бірегей зерттеу инфрақұрылымын пайдаланып, ірі халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға және кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік алып отыр. Біріккен ядролық зерттеулер институтындағы Қазақстан Республикасының ұлттық тобы 84 маманнан тұрады және сан жағынан екінші орында.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ғылыми алмасуды кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін растады.

#Халықаралық ынтымақтастық #Энергетика #Ғылым

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу