30 Маусым 2026, 21:04
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан-Америка» іскерлік дөңгелек үстеліне қатысты. Іс-шара екі елдің бизнес-қауымдастығы арасындағы байланысты жандандыруға бағытталған. АҚШ-пен өзара іс-қимылды нығайту Қазақстан Үкіметінің негізгі сыртқы экономикалық басымдығының бірі болып қала береді.
Ынтымақтастықтағы өзекті мәселелерді талқылауға ҚР Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, АҚШ-тың ҚР-дағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев және АҚШ Сауда Палатасының аға вице-президенті Куш Чокси және т. б. қатысты.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин әріптестеріне осындай жоғары мәртебелі делегацияны қалыптастырғаны үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз ауқымды ұлттық жаңғырту бағдарламасын дәйекті түрде іске асырып жатқанын атап өтті.

«Ұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді. Бұл реформалар орнықты экономикалық өсу мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру үшін берік негіз жасайды. Заң мен тәртіптің конституциялық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, біз елдегі іскерлік ахуалды одан әрі жақсартуға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше мән береміз. 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы шеңберінде сапалы инвестиция тарту жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда. Республиканың халықаралық қатысуы басым инвестициялық нарықтарда Kazakh Invest толыққанды кеңселерін құру есебінен күшейтілетін болады. Бас прокуратура жанынан бизнестің заңды мүдделерін қорғауды және тең жағдайларды қамтамасыз етуге арналған инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Сондай-ақ жаңа арнайы визалық режим – Altyn Visa енгізіледі. Оның иелері кірістер мен мүліктерді декларациялаудан, сондай-ақ салық төлеуден босатылады», — деп атап өтті Қазақстан вице-премьері.
Серік Жұманғарин бірегей іскерлік ортаны құру аясында ағылшын жалпы құқық қағидатында жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктерін атап өтіп, жаңа ауқымды жобаны таныстырды.
«Қазақстанның инвестициялық күн тәртібінде Алатау қаласы ерекше орын алады. Ол болашақтың мегаполисі және жаңа бизнес, инновация және инвестиция орталығы ретінде ойластырылған. Оның дамуын қолдау үшін салықтық жеңілдіктерді, бизнесті жүргізудің оңайлатылған ережелерін және цифрлық активтерді бөлек реттеуді көздейтін арнайы құқықтық режим енгізілді. Бұл шаралар Қазақстанда инвестициялық белсенділікті ынталандыруға және жоғары технологиялық салалардың жаңа буынын жедел дамытуға бағытталған», — деді Серік Жұманғарин.
Қазақстан вице-премьері ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың төрт перспективалық бағытын атап өтті. Бірінші вектор – мыс, алюминий, сирек жер металдары, мұнай-химия және бидай өңдеу секілді шикізатты терең өңдеу. Жобалардың әлеуетті портфелі $95 млрд көлемінде. Екінші бағыт импорт үлесі 50%-дан жоғары салаларда өндірістерді жергіліктендіруді көздейтін импортты алмастыру болмақ. Мұндағы коммерциялық перспективалы жобалар пулы қазірдің өзінде $20 млрд-тан асып отыр. Үшінші маңызды бағыт – $80 млрд көлеміндегі ұлттық инвестициялық жоспардың жобаларын және тағы $25 млрд көлеміндегі энергетикалық секторды жаңғырту бағдарламасын біріктіретін инфрақұрылым мен энергетика. Төртіншіден, Қазақстан жетекші халықаралық компаниялардың қатысуымен экспортқа бағдарланған өнеркәсіптік бастамаларды жан-жақты қолдауға бағытталған. Қаржыландыруға келсек, Қазақстанның даму институттары борыштық қаржыландырудың 80%-на дейін қамтамасыз ете алады. Бұл ретте «Бәйтерек» ҰИХ АҚ холдингі де жоба капиталында бірлескен инвестор бола алады. Бұл дегеніміз, стратегиялық инвесторлар икемді меншік құрылымын сақтай отырып, жоба құнының 10-20%-ын ғана инвестициялай алады.
АҚШ-тың ҚР-дағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон өз тарапынан тауар айналымының өсуі аясында елдер технологиялық алмасуға баса назар аудара отырып, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырып жатқанын айтты.
«Осы залда отырғандардың ішінен таныс жүздерді көргенде сауда-экономикалық әріптестігіміздің қандай деңгейге жеткені туралы зор мақтанышты сезінбеу мүмкін емес. Біз бұрынғы бизнес миссиялар кезіндегі қол жеткен нәтижелердің күшті серпінін әлі де сақтаймыз әрі бұрынғы келісімдердің қол қойылған келісімдер мен жаңа іскерлік қатынастарға қалай айналғанын көру де аса қуаныш. Бұл әсер тек статистика емес. Олардың артында мыңдаған жұмыс орындары, маңызды технологиялар мен біздің мемлекеттер арасында қалыптасқан терең, ұзақ мерзімді сенім бар», — деп атап өтті Дебора Робинсон.
Дебора Робинсон сондай-ақ Қазақстанның Pax Silica халықаралық бастамасына, яғни жасанды интеллектіні дамыту мен аса маңызды технологияларды жеткізудің сенімді тізбегін қалыптастыру үшін АҚШ құрған технологиялық альянсқа қосылған Орталық Азияның бірінші елі болғанын атап өтті.
Қазақстан өзінің сенімді әріптес ретіндегі мәртебесін дәлелдеуде: еліміздегі ЖІӨ $300 млрд-тан асады. Ал өткен жылы экономикалық өсім жыл сайын 5-6% болжаммен 6,5% болды. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $20,5 млрд-қа жетті.






Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу