Қазақстан мен ЭЫДҰ 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық стратегиясын талқылады

Өңірлік экологиялық саммит аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ЭЫДҰ Бас хатшысының орынбасары Фабриция Лапекорелламен кездесті.

Келіссөздердің басты тақырыбы – ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайту және экономиканың тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға көшу.

Вице-премьер Серік Жұманғарин ЭЫДҰ тарапына Саммит даярлауға белсенді қатысқаны және Орталық Азиядағы тұрақты инфрақұрылымға арналған сессия ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Тараптар климаттық күн тәртібі мен тұрақты инфрақұрылымды дамыту өзара іс-қимылдың басым бағыты болып қала беретінін растады.

15 жылдан астам уақытқа созылған ынтымақтастықта ЭЫДҰ Қазақстандағы реформаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосқаны атап өтілді. Атап айтқанда, Ұйымның ұсынымдары мемлекеттік басқару, салық саясаты, инвестициялар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экологиялық саясат салаларындағы прогреске ықпал етті. Қазақстан ЭЫДҰ стандарттарын, соның ішінде тиісті статистикалық тәжірибе және мемлекеттік басқарудағы адалдық ұсынымдарын енгізуді жалғастыруда. 

Салық саясаты мен әкімшілендіру саласындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде ашықтық және салық мақсаттары үшін ақпарат алмасу жөніндегі Жаһандық форум шеңберіндегі өзара іс-қимылға, сондай-ақ ЭЫДҰ/G20-ның салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге (BEPS)  қарсы іс-қимыл стандарттарын енгізуге ерекше назар аударылды. Ішкі ресурстарды жұмылдырудың тиімділігін арттыру және әлеуетті одан әрі нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу барысында тұрақты және климатқа төзімді инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ негізгі салаларды, оның ішінде энергетика мен көлік салаларын декарбонизациялау мәселелері талқыланды.

Қазақстан тарапынан өңірлік байланысты, экономикалық интеграцияны және орнықты дамуды нығайтудың маңызды құралы ретінде қарастыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) дамытуға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар қаржыландыруды тарту құнына әсер ететін ЭЫДҰ тәуекелдерінің елдік жіктемесі тақырыбы да қозғалды. Қазақстан аталған мәселе бойынша ЭЫДҰ-мен диалогті жалғастыруға мүдделі екенін білдірді. 

Фабриция Лапекорелла ағымдағы ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асырудың жоғары деңгейін атап өтіп, ЭЫДҰ-ның өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, цифрландыру, жасанды интеллект және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру сияқты бағыттардағы ынтымақтастықты күшейту ұсынылды.

Кездесуді аяқтай отырып, тараптар өзара түсіністік туралы Меморандумды ұзартуға және бәсекеге қабілеттілік жөніндегі Еуразиялық бағдарлама шеңберінде өзара іс-қимылды кеңейтуді қосқанда, 2026-2030 жылдарға арналған жаңа іс-қимыл Жоспарын әзірлеуге мүдделілік танытты. 

#Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық #Экология #Экономика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу