Қазақстан мен Германия үкіметтері екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуде 

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған Қазақстанның үкіметтік делегациясы Германия астанасы Берлин қаласына жұмыс сапарымен барды. 

Сапардың негізгі мақсаты – екі елдің көшбасшылары: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйек айында ГФР-ға, Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің маусым айында Қазақстанға мемлекеттік сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен жоспарларды пысықтау. 

Сапар аясында қазақстандық делегацияның вице-канцлер – ГФР экономика және климатты қорғау министрі Роберт Хабекпен, федералды канцлер ведомствосының статс-хатшысы Йорг Кукиспен ресми келіссөздері өтті. Сонымен қатар Германия экономикасы шығыс комитетінің басшылығымен және мүшелерімен дөңгелек үстел, бірқатар неміс компанияларымен екіжақты кездесулер өткізілді. 

Вице-канцлер Роберт Хабекпен кездесу барысында бірлескен жұмыс жоспарлары қаралып, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша бірқатар ұсыныс талқыланды. Тараптар «жасыл» трансформация аясында Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Бұл республикадағы арзан энергия көздеріне ғана емес, сонымен қатар біздің еліміздің ауқымды «жасыл» жобаларды, соның ішінде энергияны көп қажет ететін өнім түрлерін өндірудегі тартымдылығына байланысты.

Мысалы, Қазақстанның батысында Svevind Energy Group компаниясы «жасыл» сутегі өндіру кешенінің құрылысын бастайды. Инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен $50 млрд, бұл аталған сала бойынша әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Жоспарларды тиімді іске асыру үшін биыл Астанада сутегі дипломатиясының неміс кеңсесі ашылды. 

Келіссөздер барысында өнеркәсіп, энергетика, сауда, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы сияқты және басқа да екі ел үшін басым бағыттар бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

«Қазақстанның инвестициялық кепілдіктер берудің жеңілдікті тәртібі бекітілген 34 елдің тізіміне енгізілуін құптаймыз. Бұл біздің республикамыздағы инвестициялардың жоғары саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігін мойындаудың маңызды белгісі ғана емес, сонымен қатар іскерлік әріптестікті кеңейтуге мүдделіліктің дәлелі деп санаймыз», — деп атап өтті Р.Скляр.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Германия арасында «шикізат, өнеркәсіп және технология» формуласы бойынша тиімді ынтымақтастық үшін негіздік шарттар мен институционалдық тетіктердің кешенді архитектурасы қалыптасуда. Бұл екі тарап үшін де ұтымды нәтиже береді.

Өз кезегінде Р.Хабек Қазақстанмен энергетика және ресурстар саласындағы кооперацияны Германия экономикасы үшін аса сұранысқа ие ынтымақтастық секторларының бірі деп атады. Вице-канцлер бүгінгі таңда Геоғылымдар және табиғи ресурстар федералды институты мен ҚР Ұлттық геологиялық қызметі арасында өзара іс-қимыл жолға қойылғанын атап өтті. 2024 жылдың жазына қарай бірлесіп іске асыру үшін нақты жобалардың тізбесін қалыптастыру күтілуде.

Делегация Федералдық канцлер ведомствосының статс-хатшысы Йорг Кукиспен алдағы ауқымды міндеттерді тиімді іске асыру мақсатында екі елдің үкіметтері арасындағы бірлескен жұмыс тетіктерін нығайтуды талқылады.

Қазақстандық делегация басшысы Роман Скляр Бундестагтың экономика жөніндегі комитеті төрағасы М.Гроссе-Бремермен кездесті, ол Германия тарапының Қазақстанмен экономикалық қатынастарды тереңдетуге мүдделі екенін растады.

ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Болатқызы Сүлейменова Германия бастаған G7 Климаттық клубы шеңберінде екі елдің өзара іс-қимылы, «Жасыл Орталық Азия» федералды үкіметінің бастамасын іске асыру және бірқатар қолданыстағы кооперациялық экологиялық жобалар мәселелері бойынша неміс әріптестерімен пікір алмасты.

Үкіметтік делегация мүшелері неміс контр-серіктестерімен де табысты әңгімелесулер өткізді.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Тамабек пен ГФР федералдық азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрінің парламенттік хатшысы О.Ник екі ведомствоның «Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалогы» екіжақты кооперациялық жобасы шеңберінде ынтымақтастықты дамыту және тереңдету ниеті туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Қазақстанның көлік вице-министрі Т.Ластаев пен Германия Көлік және цифрлық инфрақұрылым министрлігінің статс-хатшысы Х.Хепнердің кездесуінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейту және неміс тарапының көлік жүйесін дамыту жөніндегі жобаларға қатысу перспективалары басты назарда болды.

Жүргізілген келіссөздер Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ГФР-ға ресми сапары барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі іске асыру үшін нақты шараларды белгілеуге мүмкіндік берді.

#Ауыл шаруашылығы #ЖЭК #Инвестициялар #Логистика #Роман Скляр #Халықаралық ынтымақтастық #Экология #Үкіметтік делегация

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу