Қазақстан, Өзбекстан және БАӘ Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан теміржол бағытын дамытуға ниетті

Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан (CASA) бағыты бойынша Пәкістанның теңіз порттарына шығатын жаңа теміржол бағытының жобасын бірлесіп пысықтауды көздеп отыр.

CASA теміржол жобасы аясындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі, Өзбекстан Республикасының Көлік министрлігі және Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрлігі қол қойды.

CASA жобасы Орталық және Оңтүстік Азияның көлік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа теміржол бағытын қалыптастыруды, сондай-ақ халықаралық тасымалдарды, сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашуды көздейді. 

Меморандум аясында тараптар техникалық, экономикалық зерттеулер мен талдау жұмыстарын жүргізуді, қажетті теміржол инфрақұрылымын және онымен байланысты нысандарды дамытудың орындылығын зерделеуді көздейді.

Қазақстан мен Өзбекстанның дамыған теміржол инфрақұрылымы және айтарлықтай транзиттік әлеуеті бар. Біріккен Араб Әмірліктері көлік инфрақұрылымы, логистика және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру саласында халықаралық тәжірибеге ие. Осылайша тараптардың ынтымақтастығы CASA жобасын жан-жақты пысықтауға және оны іске асырудың оңтайлы тетіктерін айқындауға мүмкіндік береді.

Тараптар одан әрі атқарылатын қадамдар мен бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын да талқылады. Атап айтқанда, жобаның техникалық, экономикалық және қаржылық мәселелерін кешенді түрде пысықтау үшін Жұмыс тобын құру мүмкіндігі қарастырылуда.

#Көлік #Логистика #Президенттің тапсырмасы #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу