Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Қытайдың Қазақстандағы елшісімен кездесті

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Хань Чуньлиньмен кездесу өткізді. Кездесу барысында өнеркәсіп, құрылыс, энергетика салаларындағы қазақ-қытай ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру барысы, оларды одан әрі нығайтудың перспективалық бағыттары қаралды.

Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда зор әлеуетін атап өтті. 

Тауар айналымының көлемін жай ғана ұлғайтудан оның құрылымын сапалы өзгертуге көшудің маңыздылығын, терең өңделген өнімдердің, машина жасау, химия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің өзара саудасын кеңейту қажеттілігіне назар аударды.

Өз кезегінде Хань Чуньлинь екіжақты қарым-қатынастардың даму қарқынына жоғары баға беріп, биыл жоғары деңгейде өткен сапарларды ерекше атап өтті. Қытай тарапының өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін растады.

Кездесудің соңында тараптар екіжақты өзара ықпалдасудың өзекті мәселелері бойынша байланыстарды қолдауға келісті.

#Инвестициялар #Нұрлыбек Нәлібаев #Халықаралық ынтымақтастық #Энергетика #Құрылыс #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу