08 Мамыр 2026, 19:38
Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы жөніндегі Денсаулық сақтау министрлігінің есептері тыңдалды.
Ең алдымен, Аида Балаеваға денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау жұмыстары туралы баяндалды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов e-Densaulyq бірыңғай архитектурасы аясында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді кезең-кезеңімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Негізгі мақсат – бытыраңқы цифрлық шешімдерден бас тартып, деректер бір рет қалыптастырылып, салаға қатысушы барлық тарап қайта енгізусіз пайдалана алатын бірыңғай жүйеге көшу.
Осылайша, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйелер 7 негізгі цифрлық компонентке біріктірілуде. Жүйелерді кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр: жыл соңына дейін Бірыңғай денсаулық сақтау порталын және Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар Бірыңғай медициналық деректер қоймасын енгізу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске асыру процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және саланы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа архитектураның негізгі элементі Бірыңғай медициналық деректер қоймасы болмақ. Қазіргі уақытта оған 12-ден астам медициналық ақпараттық жүйе қосылған. Соның негізінде пациенттің Электрондық денсаулық паспорты қалыптастырылады. Онда өңіріне немесе медициналық ұйымына қарамастан, пациентке көрсетілген медициналық көмектің толық тарихы жинақталады.
Бұл дәрігер үшін әртүрлі жүйелер арасында ауысып отырмай, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге жол ашады. Медицина қызметкері пациенттің ауру тарихын, талдау нәтижелерін, тағайындауларды және бұған дейін көрсетілген қызметтерді бір жерден көре алады. Ал пациент үшін бұл медициналық қызмет алу уақытын қысқартып, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар практикалық цифрлық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында жедел медициналық көмек бригадалары мен алғашқы медициналық-санитариялық көмектің мобильді бригадалары үшін смарт-бейнежетондарды енгізу, интеллектуалды бейнеаналитика элементтері бар кешенді бейнебақылау жүйесін құру, дәрілік заттар мен вакциналарды сақтау жағдайын бақылауға арналған «Суық тізбек» жүйесін дамыту, сондай-ақ ауылдық медициналық ұйымдар үшін телемедицина сервистерін кеңейту бар.
Кеңес барысында ауылдық елді мекен тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, алғашқы медициналық-санитариялық көмек инфрақұрылымын дамытуға, орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуға және саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған Ұлттық жобаны іске асыру нәтижелері де қаралды.
Бүгінде жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы толық аяқталды. Оның 639-ы аудандық ауруханалардың балансына берілді, 587 нысан бойынша медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензия алынды. Сонымен қатар 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева денсаулық сақтау саласының цифрлық инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыруды, Ұлттық жоба аясындағы іс-шаралардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бұл бағыттағы жұмысты облыс әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде жеке бақылауға алуды тапсырды.


Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу