01 Шілде 2026, 10:57
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.
Отырыс барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.
«Бүгін еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енді. Осы күннен бастап оның ережелері еліміздің құқықтық жүйесінің, мемлекеттік билік институттары қызметінің және ұзақ мерзімді прогресске бағытталған жаңа қоғамдық келісімнің одан әрі дамуына берік негіз болады. Жаңа Конституциямен бекітілген Әділетті Қазақстан идеясының өзегінде – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары орналасқан. Адамға бағдарланған қағидатқа сәйкес Конституцияда адам құқықтарының кепілдіктері едәуір кеңейтілді. Алғаш рет Ата заң деңгейінде азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тікелей тыйым салынды. Бұл құқықтық айқындықты күшейтіп, қоғамның заңдарға деген сенімін арттырады. Қоғамның цифрлық даму жағдайында адамның дербес деректерін қорғау – конституциялық деңгейде бекітілді», — деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Сондай-ақ әр азаматқа мемлекеттің заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды өтетіп алу құқығы конституцияда айқын көрсетілді. Осындай және өзге де ережелер адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін күшейтіп қана қоймай, заңнаманың тиісті салаларын одан әрі жетілдіруді талап етеді.
Өз кезегінде, Конституция мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі жаңартты. Ол «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген.
«Кеше біз екі палаталы Парламенттің 30 жылдық тарихи миссиясының аяқталғанына куә болдық. Тамыз айында Құрылтайға сайлау өтіп, мемлекеттік билік жүйесі толықтай қайта құрылады. Конституцияны заңнамалық тұрғыда жүзеге асырпуға келетін болсақ, бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілуде. Конституцияны жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес алғашқы кезеңде заңдардың тоғыз «топтамасы» қабылданды. Атап айтқанда, 5 дербес конституциялық заң қабылданды. Қолданыстағы 9 конституциялық заң, 15 кодекс және 51 заң жаңа Конституцияға толықтай сәйкес келтірілді. Нәтижесінде мемлекеттік институттардың қызметіне және Құрылтайға сайлауды өткізуге қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды. Бір мезгілде мемлекеттік органдармен көптеген заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша, Конституцияның толыққанды күшіне енуіне қажетті барлық нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды», — деді ол.
Келесі кезең – жаңа конституциялық құндылықтар мен қағидаттарға сүйене отырып, бүкіл құқықтық жүйені кешенді түрде дамыту. Бұл бағыттағы жұмыстар басталды. Үкімет бекіткен Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізуде. Әділет министрлігі тиісті үйлестіру жұмысын қамтамасыз етуде. Мысалы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, цифрлық ортада дербес деректерді қорғау және мемлекеттің әлеуметтік саясатын жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер әзірленуде.
«Басты міндеттердің бірі – Конституцияға енгізілген новеллаларды Әділетті Қазақстан призмасы аясында жүзеге асыру. Кеше Парламент сессиясының жабылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шынайы әділетті қоғам – игілікті тең дәрежеде бөлу емес, ол – әр азаматқа тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған тиімді жүйе екендігін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы норма шығару процесіне жаңа көзқараспен қарап, болжамдық талдауға, құқықтық және экономикалық салдарларға сүйену қажеттігіне ерекше назар аударды. Аталған тезистерді ескере отырып, Құрылтай қалыптасқанға дейін, сайлау кезеңінде мемлекеттік органдар заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша барлық қажетті тәсілдерді әзірлейтін болады», — деді министр.
Оның айтуынша, өз кезегінде жаңа Конституция мемлекеттің жаңа философиясын қалыптастырды. Сондықтан құқықтық саясаттың да философиясы өзгеруі тиіс.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы бұрынғы конституциялық модельге сәйкес қабылданған болатын. Ал бүгін жаңа Конституцияның күшіне енуімен түбегейлі өзгерістер орын алды.
Конституцияда алғаш рет:
· «Заң мен Тәртіп» қағидаты;
· адами капиталды дамыту;
· жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы;
· білім беру, ғылым және инновация мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекітілді.
«Осыған байланысты біз құқықтық жүйенің ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындап, оның тұтастығын қамтамасыз етуіміз тиіс. Демек, Конституция Әділетті Қазақстанның қандай болуы керектігін айқындаса, жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы оған жетудің құқықтық жолын көрсетуі тиіс», — деді ол.
Осыған байланысты Әділет министрлігі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту бойынша тиісті тәсілдер әзірлеуде.
Жаңартылған тұжырымдама:
· құқықтың адамға бағдарланған моделіне және мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді;
· цифрлық құқықты, жасанды интеллектіні, ғылым мен инновацияны дамытуды;
· жаңа буындағы экологиялық құқықты және басқа да маңызды бағыттарды қамтуы тиіс.
Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту дегеніміз – 2026 жылғы Конституция негізінде Қазақстанның жаңа құқықтық архитектурасын қалыптастыру. Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа Конституцияны сапалы жүзеге асыру бағытындағы жұмысты жалғастыратын болады.
#Заң жобалары #Президенттің тапсырмасыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу