Қазақстанда су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар күшейтілді

Үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министр Кеген Тұрсынбаев балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол жазғы кезең дәстүрлі түрде су айдындарында, демалыс орындарында, туристік маршруттарда және көпшілік жиналатын нысандарда балалардың белсенділігі артатынын атап өтті. Осыған байланысты тәуекелдердің алдын алу және ескерту мәселелері министрліктің ерекше бақылауында тұр.

«Мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бірқатар іс-шара кешені жүзеге асырылуда. Ең алдымен, балаларға арналған лагерьлер мен жазғы демалыс орындары тексеріліп, комиссиялық зерделеуден өтеді. Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын, хабарлау және эвакуациялау жүйелерінің жарамды болуын, сондай-ақ персоналдың төтенше жағдайларда әрекет ете білу дайындығын қамтамасыз етуге назар аударылады. Тексеріс жүргізу барысында нұсқаулықтар мен практикалық жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі балалардың жазғы лагерьлердегі өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», — деді ол. 

Сонымен қатар вице-министр су нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілгенін атап өтті.

Суға батқан азаматтарды құтқаруға жедел ден қою үшін құтқару бөлімшелерін салу мен оларды жабдықтау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Екі жылдың ішінде су қоймаларында 8 құтқару стансасы салынған. Келесі жылы тағы 5 станса салынады. Құтқарушыларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, кезең-кезеңмен жақсарып келеді. Заманауи жүрдек катерлер мен техникалар сатып алынуда.  Жыл сайын әкімдіктермен бірлесіп, балаларды жүзуге және алғашқы көмек көрсетуге үйретудеміз. Соған қарамастан, суға шомылу маусымында бала өлімі жиі орын алады, оның негізгі себебі – балаларды қараусыз қалдыру. Көбінесе бала өлімінің фактілері каналдар мен арық жүйелері сияқты шағын су объектілерінде тіркеледі. Сондықтан, мүдделі мемлекеттік органдарға ата-аналар мен балалар арасындағы профилактиканы күшейту қажет. Бүгінгі таңда мобильді бекеттер қойылып, демалыс орындарын патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылды, рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, балалардың қауіпті жерлерде ата-анасыз жүруін анықтау және оны болдырмау шаралары қабылдануда», — деді вице-министр. 

Сондай-ақ ол әкімдіктерге рұқсат етілген суға шомылу орындарын құруды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Тұрмыста, суда, табиғи ортада және төтенше жағдайлар кезінде өзін қауіпсіз ұстау ережелерін білім беру ұйымдары, цифрлық алаңдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жеткізу жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

#ҚР ТЖМ #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу