Қазақстанда ЖИ көмегімен жер қойнауының интерактивті картасы әзірленді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі қаралды.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ мен астық консорциумының басшылығы және «Ascle» ІТ стартап жетекшісі баяндама жасады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінде жасанды интеллектіні енгізу министрліктің барлық негізгі бағыттарында жүзеге асырылуда екенін айтты.

«Геология саласында архив деректерін электрондық форматқа көшіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде геологиялық ақпараттың 97%-дан астамы, яғни шамамен 250 терабайт дерек цифрландырылды.  Жұмысты жеделдету үшін архив материалдарын автоматты өңдеп, геологиялық модельдер қалыптастыратын жасанды интеллект жүйесі әзірленді. Цифрланған деректер бірыңғай Big Data жүйесінде жинақталуда. Қазірде жүйеге 1 терабайт дерек жинақталып, олар жасанды интеллект арқылы өңделіп, жіктелуде. Жасанды интеллект координаттарды анықтап, маңызды деректерді іріктейді, бұл деректерді жүйелеу уақытын қысқартып, шешім қабылдау сапасын арттырады», — деді ол.

Өңделген деректер негізінде жер қойнауы картасы әзірленген. Жүйе ақпаратты ыңғайлы форматта сүзуге, талдауға және перспективті учаскелерді тез анықтауға мүмкіндік береді.  Мысалы, Ұлытау облысының интерактивті жер қойнауы картасында жасанды интеллект мыс әлеуеті жоғары учаскелерді автоматты түрде анықтап көрсеткен. Әр блокты детализациялау барысында жекелеген учаскелер туралы кеңейтілген мәліметтер, соның ішінде геологиялық қабаттың деректерін алуға болады. Осылайша жасанды интеллект шешім қабылдауға қажетті деректерге жылдам қолжеткізуге мүмкіндік береді.

«Құрылыс саласында жасанды интеллект жобалаудан бастап құрылыс барысын бақылауға дейінгі барлық кезеңдерде енгізілуде. Жоспарлау және құрылыс кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен нақты жоспарлау жобаларының орындалуын бақылау үшін machine vision технологиясы мен жасанды интеллектіні біріктірген пилоттық жоба іске қосылды. Жүйе нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады.  Бұл жоба ауытқуды анықтау уақытын үш күннен төрт сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Қазақтелекоммен» бірлесіп, қалалардың цифрлық сыңарын (digital twins) жасау үшін дрон қолдану жұмыстары жүргізілуде», — деді министр.

Жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM жобаларын тексеру үшін жасанды интеллект енгізу жоспарлануда. Осы мақсатта құрылыс нормалары машина оқи алатын форматқа көшірілуде.  Бұл жобаларды алдын ала тексеруге мүмкіндік беріп, сараптама мерзімін қысқартуға жағдай жасайды Сондай-ақ әр өңірдің ерекшелігі мен сейсмикалық жағдайын ескере отырып, типтік жобаларды қарау уақытындағы айырмашылықты жояды. Яғни бүкіл ел бойынша мемлекеттік сараптаманың бірыңғай әрі ашық болуын қамтамасыз етеді. Қосымша BIM жүйесін (Building Information Modeling) жобалаудың міндетті стандарты ретінде енгізу жоспарлануда. Бірінші кезең құрылыстан басталмақ.

Құрылыс кезеңінде нысандарды цифрлық мониторингілеу қолданылады. Мысалы, «Қазақстан тұрғын үй компаниясында» machine vision технологиясын қолданатын видеомониторинг жүйесі енгізілген.  Ол техника қозғалысын, жұмыс күшін және құрылыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде құрылысқа толық әрі үздіксіз бақылау қамтамасыз етіледі.

«Өнеркәсіпте жасанды интеллект қазірдің өзінде өнім сапасын бақылау мен өндірісті тиімді етуге қолданылуда. ERG, Astana Motors және KAZ Minerals сияқты ірі кәсіпорындар өндірістік алаңда цифрлық сыңар (digital twins) технологиясын енгізіп жатыр.

IIoT (Industrial Internet of Things) технологиялары қазірдің өзінде жетпістен астам кәсіпорында қолданылуда. Атап айтқанда, «Astana Motors» компаниясында дәнекерлеу жұмыстарын автоматты бақылауға арналған жасанды интеллект-талдау жүйесі енгізілген.  Сонымен қатар, өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде модельдеу және оңтайландыру үшін жасанды интеллектімен қолдау көрсетілетін цифрлық сыңар (digital twins) моделі қолданылады. Нәтижесінде өнім ақаулары азайып, өндіріс тиімділігі артады», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Сондай-ақ тау-кен саласында да жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілуде. Мысалы, «Solidcore Resources» кәсіпорнында оператордың цифрлық көмекшісі енгізілген.  Ол өндірістік көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде талдап, диспетчерлер мен машинистерге ұсыныстар береді. Жүйе интерактивті қабырға мен планшеттер арқылы жүзеге асырылады. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, өндіріс шығындарын азайтады.

Министрлік бұдан әрі жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын жалғастырып, негізгі назарды салалардың тиімділігін арттыруға және инвестиция тартуға бағыттайтын болады.

#Президенттің тапсырмасы #Цифрландыру #Үкімет отырысы #ӨҚМ

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу