19 Мамыр 2026, 11:37
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, көлік вице-министрі Гүлзат Көбенова, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел, сондай-ақ Air Astana, TransInfoTech компанияларының, Жалпы мақсаттағы авиация пилоттары қауымдастығының және Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау және Қостанай облыстары әкімдіктерінің басшылығы баяндама жасады. Авиация саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы көлік министрі баяндады.
«2025 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады. Биылғы алғашқы 4 айда жолаушылар саны 4 млн-нан асты. 2025 жылы әуежайлар 32 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Сондай-ақ 173 мың тонна жүк өңделді. Биылғы 4 айда жүк көлемі азайды. Ал жолаушылар саны өзгеріссіз қалды. Бұған Таяу Шығыстағы жағдай әсер етті.
Қазір азаматтық авиация саласының дамуына қажетті негізгі институцианалдық база толықтай қалыптасқан. Қазақстан ICAO талаптарына жоғары деңгейде сәйкес келеді. Әуежай қауіпсіздігі 95,7%, авиакомпаниялардың қауіпсіздік деңгейі 82% құрайды. Осы нәтижелердің арқасында еліміз авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ең үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді. Қауіпсіздікті одан әрі арттыру мақсатында Әуе апаттарын тергеу орталығы құрылды. Авиациялық әкімшілікке халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылды. ICAO-мен бірлесіп 2050 жылға дейінгі Мастер-план әзірленуде, оны осы жылдың соңына дейін қабылдаймыз», — деді Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша, транзиттік ұшулар тұрақты өсуде. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 4 есеге артты. Бүгінгі таңда транзит саласы аэронавигациялық қызмет көрсетуден түсетін кірістің негізгі бөлігін құрайды.
2025 жылы әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңғырту үшін америкалық жетекші LEIDOS корпорациясымен келісімшарт жасалды. Алдағы 5 жылда аэронавигацияның инфрақұрылымы түгелдей жаңартылмақ. Бұл қазақстандық әуе дәліздердің тиімділігін арттырады.
Ішкі әуе рейстері Қазақстан аймақтарын байланыстыру үшін өте маңызды рөлге ие. 2026 жылы 24 әлеуметтік маңызы бар бағытты қолдауға 6,4 млрд теңге бөлу көзделген. Сонымен бірге, туристік орындарды дамытуға авиация бойынша қолдау көрсету де өңірлік маршруттардың дамуына қосымша серпін береді. Министр ішкі тасымалдарды одан әрі дамыту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылуда екенін айтады. Атап айтқанда, жергілікті органдарға облысаралық рейстерді өз есебінен субсидиялауға рұқсат беру керек. Сонымен қатар тұрақты рейстерге қосылған құн салығын алып тастау қажет.
Тағы бір қуанарлық жайт, отандық және шетелдік авиакомпаниялар Қазақстанның халықаралық бағыттарын көбейтіп жатыр. 2026 жылы жаңа халықаралық бағыттарды ашу жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде 4 жаңа рейс ашылды. Сонымен қатар, 2026 жылы тағы 11 халықаралық бағытты ашу немесе қайта іске қосу жоспарланып отыр.
«Қазір әлемдік авиациядағы басты мәселелердің бірі - ұшақ жетіспеушілігі. Жаңа іуе көлігінің жасалып шыққанын күту өте ұзақ: мысалы, бүгін тапсырыс берсе, оны тек 8–10 жылдан кейін ғана алуға болады. Өткен жылы өздеріңіз көргендей Америкада Boeing компаниясымен отандық компаниялар $15 млрд-қа келісімге отырды. 2026 жылы 3 самолет сатып алынды, онын ішінде өзіңіз білетіндей осыдан бір ай бұрын «Scat» авиакомпаниясына бір күнде 2 жаңа заманауи Boeing келген болатын. Осы жылдың аяғына дейін қазақстандық авиакомпаниялардың паркіне тағы 6 самолет қосылады», — деді көлік министрі.
Әуежай инфрақұрылымына келетін болсақ, алдағы үш жылдың ішінде оларды қата жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Ірі әуежайлармен қатар аймақтардағы шағын әуежайларға да ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес туристік Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі әуежайларының құрылысы және Арқалық әуежайының қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрдің айтуынша, аэрохабтарды дамыту жұмысы 6 ірі әуежайға бағытталған. Ол үшін институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасалып жатыр. Әуежайларды жаңарту жұмыстарының көп бөлігі жеке инвестиция есебінен жүзеге асуда. Атап айтқанда, 14 мамырдағы Түркия Республикасы Президентінің сапары барысында Алматы әуежайын жаңғырту бойынша инвестициялық келісімге қол қойылды.
Жүк авиациясын дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтеді, сондай-ақ халықаралық логистикаға қосуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шараларды жүзеге асырылуда. Мысалы, жүк ұшақтарын кедендік салықсыз әкелу режимі енгізілді.
Сондай-ақ, авиаотынмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ауыр жүк ұшақтарын қабылдау үшін әуежайлар жаңғыртылып жатыр. Бұдан бөлек, жүк авиациясын дамытуға арналған 5 жылдық жоспар әзірленген.
«Саланы авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл авиаотынды жеткізу көлемін арттыруға және транзиттік әлеуетті күшейтуге бағытталған. Импорттық отын бағасының өсуіне қарамастан, «ҚазМұнайГазАэро» компаниясы өнімдерінің бағасы бәсекеге қабілетті деңгейде сақталып отыр, тоннасына $1,2 мың. Компанияның нарықтағы үлесі 33%-ға дейін өсті. Авиакомпанияларға мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей отын алуға мүмкіндік берілді. Импортқа салынатын төлемдерден босатылды. Нәтижесінде транзиттік рейстер саны 16,3%-ға өсті», — деді ол.
Сонымен қатар Air Astana авиакомпаниясының транзиттік жолаушылар ағынының өсуі байқалады. Шағын авиацияны дамыту үшін мемлекет жағдай жасап жатыр.
Сертификат алу ақысы 50%-ға азайтылды. Сақтандыру жүйесі де жаңартылып жатыр. Сонымен қатар осы бағытты реттеу үшін жеке ережелерді әзірлеу, туристік ұшуларды реттеу, пилоттардың әскери авиациядан көшуін жеңілдету мәселелері пысықталуда.
Авиация саласының дамуы кадрларды алдын ала даярлауды талап етеді. Қазіргі таңда салада 23 мың адам жұмыс істейді. Жыл сайын 500 маман қажет. Осыған байланысты шетелдік серіктеспен бірге сертификатталған оқу орталығын ашу жоспары қарастырылып жатыр.
Озық технологияларды енгізу және қалалық аэротаксиді дамыту мәселесі пысықталуда. «Аллюр» және «Алатау Эдвансд Групп» компаниялары тестілік пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алу процесін жүргізуде. Сонымен қатар қону алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысы басталған.
#Азаматтық авиация #Көлік #Логистика #Үкімет отырысы«Авиацияда цифрландыруды енгізіп жатырмыз. Q-Gate жүйесі бақылаудан өту уақытын 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқартады. Қазіргі уақытта Астана және Алматы әуежайларында 16 терминал жұмыс істейді. Биыл Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтауда тағы 16 терминал орнату жоспарлануда.
Келесі кезеңде ішкі рейстерде биометрияны енгізу көзделген. Пилоттық жоба Астана–Шымкент бағыты бойынша жүзеге асырылады.
Жүк сегментінде e-Freight жүйесі енгізілуде. Бұл жүк өңдеу уақытын 1 күннен 1 сағатқа дейін қысқартуға және процестерді толық цифрландыруға мүмкіндік береді.
Айтылған үш жылдық жоспарды толық және сапалы орындаймыз», — деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу