Қазақстанның 20 өңірінде жаңа форматтағы арнайы мектептер салынады

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту, арнайы ұйымдар желісін кеңейту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу үшін мамандар даярлау жалғасуда. Мемлекет басшысының Жолдауда берілген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жаңа форматтағы арнайы мектептер салу көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады.

Мемлекет басшысы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау міндетін жүктеген болатын. 

«Бүгінгі таңда олардың саны 237 мыңнан асады. Соңғы төрт жылда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны 26%-ға өсті. Сонымен бірге арнайы педагогтерге деген кадрлық қажеттілік 3 мыңнан астам маманды құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау еліміздің 17 педагогикалық жоғары оқу орнында және 9 колледжде жүзеге асырылады. Балаларға жеке қолдау көрсетуде педагог-ассистенттер де маңызды рөл атқарады. Білім беру ұйымдарында 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында 6 колледжде педагог-ассистенттерді даярлау басталды. Ерекше білім беру қажеттіліктерін уақтылы анықтау мақсатында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды ашу нормативтері 40 мың балаға шаққандағы есеппен қайта қаралады, бүгінде 1 ПМПК ашу нормативі 50 мың балаға шаққандағы есеппен айқындалады», — деді министр.

Бұдан бөлек, арнайы білім беру ұйымдарының желісі жыл сайын кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда 541 ұйым жұмыс істейді.

Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында 20 өңірде 1 мың орындық жаңа форматтағы арнайы мектептер, сондай-ақ облыстарда 600 орындық оңалту және сауықтыру кабинеттері бар ұйымдар салынатын болады. Сонымен бірге 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 99 арнайы мектептің оқу кабинеттері мен шеберханалары жаңартылды. «Қазақстан халқына» қорымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасатын болады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдаудың тиімді ведомствоаралық жүйесін қалыптастыру мақсатында Инклюзивті білім беруді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспары бекітілді.

Педагогтердің кәсіби қызметіне тән емес жүктемесін азайту және олардың қоғамдағы мәртебесін нығайту мәселесі өте өзекті. 2020 жылы №130 бұйрықпен білім беру ұйымдары педагогтері жүргізуге міндетті 25 құжаттың тізбесі бекітілген. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес педагогтердің жұмысын бюрократиядан арылту мақсатында Министрлік бұл құжаттар тізбесін 5-ке дейін қысқартуды көздеп отыр. Министрлік тарапынан қайталанатын функцияларды анықтау, деректерді интеграциялау және шығыстарды оңтайландыру мақсатында орта білім беру саласындағы цифрлық жүйелердің тиімділігіне бағалау жүргізілді.

Бағалау нәтижесінде электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізуді, білімді бағалауды, мемлекеттік қызметтер көрсетуді және білім алушылар контингентін есепке алуды қамтамасыз ететін 70-ден артық әртүрлі цифрлық жүйелер мен сервистердің пайдаланылатыны анықталды. Бір өңірде орта есеппен 10-ға жуық жүйе. Осыған байланысты Министрлік Бірыңғай цифрлық архитектураны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. LMS-жүйелерін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялауды міндеттеу жоспарлануда.

Электрондық журналдар, білім беру платформалары, сабаққа қатысуды, тамақтануды және кіруді бақылауды есепке алу жүйелері қажетті мәліметтерді Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау арқылы ақпарат қайталанбай алынатын болады. Министрлік педагогтерге қысым көрсету, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жанжалдарға қатысты жағдайлар зерделенетін болады. Әрбір өтінішті объективті әрі жан-жақты қарауға, мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге, сондай-ақ білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Талдау нәтижелері бойынша тиісті нормативтік құқықтық актілер жетілдірілетін болады.

Мемлект басшысы Жолдауда келесі жыл Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Біздің міндетіміз – өңірлік еңбек нарығының сұранысы мен инвестициялық жобалардың қажеттіліктеріне сай кадр даярлау. 

«Бүгінде Қазақстанда 763 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 577 мыңға жуық адам білім алуда. 2030 жылға қарай білім алушылар контингенті 681 мың адамға дейін (17%-ға) өседі деп күтілуде. Жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлау 480 колледжде жүзеге асырылады, онда 131 мыңнан астам студент білім алуда. Жыл сайын 51 мыңнан астам маман даярланады. Құрылыс мамандықтары бойынша шамамен 13 мың студент оқиды, ал соңғы бес жылдағы жыл сайын орташа бітіруші түлектер саны 3 мыңнан аса адамды құрайды. Сонымен бірге сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайтып, колледждердің жұмыс берушілермен өзара іс-қимылын күшейтетін боламыз», — деді министр.

Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының білім беру инфрақұрылымын дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді әрі қолайлы орта қалыптастыру, педагогтердің кәсіби қызметіне тән емес жүктемесін азайту және мұғалімнің қоғамдағы мәртебесін нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындауды жалғастырады.

#Білім беру #Мемлекет басшысының Жолдауы #ҚР Оқу-ағарту министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу