05 Мамыр 2026, 11:35
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде өткен жылыту маусымының қорытындысы мен алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Жиында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, сондай-ақ Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады. Өз кезегінде энергетика вице-министрі Өткен кезеңнің қорытындылары мен энергия нысандарының техникалық жай-күйі туралы айтып берді.
«2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы аяқталды. Әріптестермен бірігіп жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың арқасында ол тұрақты өтті. Жылыту кезеңінде ірі технологиялық бұзушылықтар орын алған жоқ. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді. 2025 жылы электр стансаларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру алдыңғы кезең деңгейінен 348 млрд теңгеге дейін 6%-ға ұлғайтылды. Жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 16%-ға ұлғайтылып 129 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Электр стансаларында жөндеу кестесіне сәйкес 10 энергоблокта, 63 қазандықта, 39 турбинада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр желілерінде 17 мың шақырым электр беру желісі, 420 қосалқы станса жөнделді. 323 шақырым жылу желісі реконструкцияланып, ауыстырылды. Бұл электр стансаларының негізгі жабдықтарының тозуын 53%-ға, электр желілерінің тозуын 66,2%-ға және жылу желілерінің тозуын 50%-ға төмендетуге мүмкіндік берді», — деді Сұңғат Есімханов.
Аталған шаралар жылыту маусымының тұрақты өтуіне және елдің энергетикалық кәсіпорындарының сенімді жұмысына қамтамасыз етуге тікелей әсер етті. Мәселен, 2025 жылғы желтоқсанда электр генерациясының максимумына қол жеткізілді және ол 17 273 МВт құрады, бұл өткен кезеңдегі деңгейінен 7%-ға артық.
Жылу желілерінің температуралық кестесін сақтамау жағдайларының саны 65-тен 21 жағдайға дейін 3 есе қысқарды. Электр желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар 12%-ға, ал электр стансалары бойынша 15%-ға қысқарды. Көрсетілген технологиялық бұзушылықтар бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті құзыреті шеңберінде тиісті тексеру шараларын жүргізді және осындай жағдайлар қайталанбас үшін тиісті ұсынымдар берілді.
Жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу электр орталықтарының рейтингі жақсарды. Осылайша, 5 жылу электр орталығы қызыл аймақтан сарыға және 3 жылу электр орталығы сарыдан жасылға көшті. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
«Өткен күзгі-қысқы кезеңде энергия көздерінің отын қоймаларында 5,6 млн тоннаға дейін көмір және 152 мың тонна мазут жинақталды. Уәкілетті мемлекеттік органдармен, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен және көмір өндіруші кәсіпорындармен үйлестірілген жұмыстың арқасында барлық энергия көздеріндегі отын қоры нормативке сәйкес келді. Коммуналдық-тұрмыстық сектор, әлеуметтік объектілер және халық үшін көмір дайындау жоспары 7,5 млн тонна көмір деңгейінде айқындалған, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 1,6 млн тонна, халық үшін 5,8 млн тонна. Өткен жылыту кезеңінде 8 млн тоннадан астам көмір немесе кезең жоспарынан 110% дайындалды», — деді энергетика вице-министрі.
Оның айтуынша, энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі – маңызды проблемалық мәселе. Энергия өндіруші ұйымдардың «QazaqGazAimaq» акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 37 млрд теңгеден асты.
Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде электр стансаларында бекітілген кестеге сәйкес биыл 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 4 энергоблокта, 18 қазандықта және 7 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізілуде. 1 қазандық пен 1 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Электр стансаларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 384 млрд теңге деңгейінде жоспарланған, бұл өткен жылғы деңгейден 9%-ға жоғары. Электр желілерінде 1,2 мың шақырым электр беру желісі, 54 қосалқы станса жөнделді.
Жылу желілері бойынша реконструкциялау және жөндеу жоспары 377 шақырым құрайды. Жұмыстар гидравликалық және температуралық сынақтар аяқталғаннан кейін басталып жатыр. Қазіргі уақытта 7 өңірде басталды, қалғандарында алдағы аптада басталады. Жөндеу жұмыстары график бойынша жүргізілуде. Бүгінде артта қалушылық жоқ.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік басқа да мүдделі органдармен бірлесіп Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Осы жылы Ұлттық жоба бойынша жалпы сомасы 626,8 млрд теңгеге 130 шақырым жылу желісін және 10 490 шақырым электр желісін жаңғырту көзделген. Негізгі міндет - желілердегі шығындар мен тозуды азайту, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау.
Жылумен және электрмен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысы үшін өңірлердің өтінімдері бойынша Үкімет резервінен 7 өңір үшін 25,4 млрд.теңге бөлу алдын ала жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу, Абай облыстарына қаражат бөліну қаулылары қабылданды. Қалған өңірлерге жуық арада бөлінеді. Мысалы, Мемлекет Басшысының тапсырмасымен Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысында Риддер ЖЭО-да № 5 және 6 қазандықтарға және Риддер қаласындағы жылу желілерінің 12 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Абай облысында Семей қаласының қазандықтарын жөндеуде», — деді баяндамашы.
Алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін министрлік барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады. Энергетикалық қадағалау комитеті іс-шаралардың орындалуын қатаң қадағалайтын болады. Энергетика министрлігі әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп энергетикалық кәсіпорындарды алдағы күзгі-қысқы кезеңге сапалы дайындау бойынша жұмысты жалғастырады.
#Жылу беру маусымы #Президенттің тапсырмасы #Энергетика #ҚаржыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу