17 Ақпан 2026, 14:10
Энергетикалық секторды нығайту үшін Үкімет мұнай өңдеу қуатын ағымдағы 18,4 тоннадан жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыруда. Жұмыс істеп тұрған МӨЗ-ді жаңғырту барысы және қуаты 10 млн тонна жаңа зауыт салуға дайындық туралы энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев баяндады.
Вице-министрдің сөзінше мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасына сәйкес еліміздің негізгі мұнай өңдеу зауыттарында қуаттылықтарды кеңейту және өңдеу мерзімін 1-ден 3 жылға дейін ұлғайту жобалары арқылы ҚазМұнайГаз компаниясы мұнай өңдеуді жылына 18,4-тен 27,7 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруда.
Мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жобалары автокөлік бензинінің болжамды өндірісін жылына 5,6-дан 9 млн тоннаға дейін, авиакеросинді 0,7-ден 1,7 млн тоннаға дейін, дизель отынын 6,2-ден 9,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 2026 – 2033 жылдарға қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу жоспарланған. Бұл еліміздің мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Министрлік жобаның үйлестірушісі ретінде жаңа мұнай өңдеу зауытына шикізат көздері мен өнім желісі бойынша бастапқы деректерді сұраныс болжамдары мен жанар-жағармай өткізудің әлеуетті нарықтарына байланысты дайындауды бастады. Болашақта бұл зауыттың конфигурациясын, технология лицензиарын және жаңа мұнай өңдеу зауытының орналасу жерін таңдауға мүмкіндік береді. Кешенді жұмыс уақытты қажет етеді, сәйкесінше зерттеу нәтижелері қосымша бірнеше ай аралығында ұсынылатын болады», — деді энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
Вице-министрдің мәліметінше кеңейту жобаларын жүзеге асыру және жаңа мұнай өңдеу зауытын салу ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартуға мүмкіндік береді. 2028-2030 жылдары 3 мұнай өңдеу зауытының көмегімен авиакеросиннің тапшылығы жылына 500-ден 300 мың тоннаға дейін қысқарады және дизель отынының тапшылығы жойылады. 2033 жылы Төртінші мұнай өңдеу зауыты есебімен авиакеросиннің тапшылығын жою және көршілес елдерге дизельдік отын мен бензинді экспорттау жоспарланған. Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу тереңдігі 89-дан 94%-ға артады, ал жаңа зауытта 95%-ды құрайды, отынның сапасы да К4-тен К5-ке дейін көтеріледі.
Мемлекет басшысының газ өңдеу қуатын арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Қашаған кен орнында зауыттар салу бойынша стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобаларды жүзеге асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жыл сайын шамамен 2,5 млрд м3 тауарлық газды, шамамен 400 мың тонна сұйытылған мұнай газын, 17 мың тонна композитті тұрақты газ өнімін, шамамен 760 мың тонна түйіршіктелген күкіртті өндіруге мүмкіндік береді. Қуаттылығы жылына 1 млрд м³ Газ өңдеу зауыты жобасы аясында құрылыс алаңына шамамен 1 500 адам және 300-ден астам техника жұмылдырылған. Жалпы жеткізілу көлемінің 95%-ын құрайтын, 900-ден астам бірлік жабдықтар жеткізілді. Нысанда негізгі конструкциялардың құрылысын, жабдықтарды монтаждау және коммуналдық инфрақұрылымды жүргізу сияқты іс-шараларды қамтитын бірқатар кешенді құрылыс және технологиялық жұмыс жүргізілуде, қажетті сынақтар кезең-кезеңімен өткізілуде.
«Сонымен қатар бүгінгі күні іргетастарды, металл конструкцияларын, механикалық жабдықтарды, резервуарларды және жер асты құбырларын орнату бойынша бетон жұмыстары жалғасуда. Құрылыс-монтаждық жұмыстардың жалпы барысы 30%-дан астам, ал EPC жалпы барысы 55%-ды құрайды. Барлық құрылыстық және механикалық жұмыстардың аяқталуы және нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Қуаттылығы жылына 2,5 млрд м³ Газ өңдеу зауыты жобасы үшін pre-FEED кезеңі 100% аяқталды. Қазіргі уақытта жобаның келісімшарт стратегиясына қатысты тәсілдер Катарлық серіктес UCC Holding компаниясымен әзірленуде. Сонымен қатар жауапты тараптарды анықтау және электр энергиясы мен су жабдықтау нысандарын әрі қарай іске қосу, сондай-ақ кіреберіс жолдарын салу бойынша кешенді жұмыстар қатар жүргізілуде», — деді энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
2025 жылғы 23 желтоқсандағы Инвестициялық штабтың хаттамалық тапсырмасы аясында Министрлікпен Инвестициялық келісімнің жобасы әзірленіп мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. Инвестициялық келісімге қол қойылды. Осы жылы сыртқы инфрақұрылымның құрамдас бөліктері бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу, сараптау және бекіту жоспарлануда, бұл әрбір инфрақұрылым нысандарының техникалық параметрлері, құны мен іске асыру мерзімдері туралы нақты деректерді анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, жоғарыда көрсетілген газ өңдеу қуаттарын енгізуді ескере отырып, тауарлық газ өндіру 2032 жылға қарай жылына 32,3 млрд м3 дейін артады.
Мұнай-газ секторындағы құрылымдық трансформация бағыттарының бірі – шикізатқа негізделген даму моделінен қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу. Бұл тұрғыда көмірсутек шикізатын терең өңдеудің негізі ретінде мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамытудың басым маңызы бар. Жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіруде технологиялық тізбек шартты түрде келесі төрт кезеңге бөлінеді. Өнімнің өзіндік құны 2-ші өңдеу кезеңінен кейін 6 есеге, 3-ші кезеңнен кейін 10 есеге, 4-ші өңдеуден кейін 20 есеге өседі, бұл терең өңдеуді дамытудың жоғары экономикалық тиімділігін және өнеркәсіптің осы саласын ынталандыру қажеттілігін көрсетеді. 2025 жылдың соңына қарай 426,3 мың тонна полипропилен, 42,5 мың тонна жағармай, 53,7 мың тонна метил-трет-бутил эфирі, 61,1 мың тонна параксилол, 35,4 мың тонна бензол өндірілді. Осылайша, 2025 жылы мұнай-газ-химия өндірісінің көлемі 600 мың тоннадан астам өнімді құрады. Өндіріс көлемін ұлғайту үшін жаңа жобаларды іске қосу қамтамасыз етіледі. Карбамид жобасы бойынша 2025 жылғы желтоқсанда техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу аяқталды. Қазіргі уақытта «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» бен «KMG PetroChem» арасында жаңа бірлескен кәсіпорын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның аяқталуы осы жылдың 2 тоқсанының соңына дейін жоспарлануда. Бутадиен және оның туындыларын өндіру жобасы жобалау сатысында тұр. Қазіргі уақытта бірінші технологиялық блок бойынша EPC-мердігерді іріктеу жүргізілуде. Полиэтилен жобасы бойынша белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде және ұзақ циклді жабдықтарға тапсырыстар орналастырылған. Пиролиз қондырғысы бойынша EPC-шарт шеңберіндегі жалпы прогресс 35,2%-ды, полимерлеу қондырғысы бойынша 6,9%-ды құрайды. 2025 жылдың 2 желтоқсанында Павлодар облысында қуаттылығы 100 мың тоннаға дейін алкилатты өндіретін зауыттың құрылысы басталды. 2026 жылға іргетастарды әзірлеу және монтаждау, металл конструкцияларын орнату, әкімшілік және шаруашылық ғимараттарын салу жоспарлануда. Бұл жобаларды жүзеге асыру бір мезгілде саланың экспортқа бағдарлануына мүмкіндік беріп, елдің ішкі қажеттіліктерін 100% қамтамасыз етеді.
Жоғарыда аталған жобалардың барлығы Министрліктің тұрақты бақылауында.
#Энергетика #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу