09 Маусым 2026, 11:57
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту мәселелері қаралды. Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев және Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Жетісу облыстарының әкімдері баяндама жасады.
«Мемлекет басшысы туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажеттілігін атап өтті. Бүгінде салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Салық түсімдерінің көлемі 18%-ға артып, 630 млрд теңгеге жетті. Шетелдік туристердің шығындары $2,9 млрд құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрап отыр. Саланың ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңге деңгейінде», — деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Оның айтуынша, саланы одан әрі дамыту мақсатында наурыз айында заңнамалық түзетулер қабылданған. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігі енгізілуде. Бұл ұйымдастырылған туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Визит-орталық ұғымы заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, оларды құру мен жұмыс істеудің негізгі талаптары айқындалды. Туристік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілетін болады. 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық саябақтарға кіру тегін. Бұл шара ішкі туризмнің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ каникул кезеңінде өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның төрағалығымен Үйлестіру кеңесі құрылған. Оның құрамына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдардың өкілдері мен салалық сарапшылар кірді.
25 мамырда өткен Кеңес отырысында Туризм саласын дамытудың тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының жаңартылған жобасы таныстырылды. Құжат 6 негізгі бағыт бойынша 61 іс-шараны қамтиды. Жоспарда инженерлік, көліктік және туристік инфрақұрылымды дамыту көзделген. Сондай-ақ инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау, визалық-көші-қон режимін жетілдіру, бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастыру, маркетингті күшейту және саланы кадрлармен қамтамасыз ету шаралары қамтылған. Тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі – жағажай туризмін дамыту. Жазғы маусымға дайындық аясында өңірлерде инфрақұрылымды жетілдіру, сервистің сапасын арттыру, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және курорттық аумақтарды жаңғырту бойынша шаралар қабылдануда. Бұл бағыттағы жұмыстың жақсы үлгісі ретінде Алматы облысын атап өткім келеді. Қапшағай су қоймасының жағалауында коммуналдық жағажайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде заманауи әрі жайлы инфрақұрылым қалыптасуда. Аумақтарды абаттандыруға, санитариялық жағдайға және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Әкімдіктер шомылу маусымы басталғанға дейін, яғни 15 маусымға дейін осындай жұмыстарды барлық өңірлерде аяқтау қажет.
«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өңірлерде туристік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер әлі де шешімін таппай отыр. Республикалық деңгейде қосымша қаржыландыру мен қолдауды қажет етеді. Мәселен, Жетісу облысында Алакөл көлінің жағалауында өткен жылдан бері жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Алайда қазіргі қаржыландыру көлемі жұмысты қажетті қарқынмен жүргізуге жеткіліксіз. Қарағанды облысындағы Торанғалық кентінде магистральдық су құбырын салу үшін қосымша қаржыландыру қажет. Щучинск-Бурабай курорттық аймағында Громотуха өзені арқылы өтетін көпір салу және курорттық аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет. Абай облысында электрмен жабдықтау, жағалауды бекіту, айналма автомобиль жолын, блокты-модульдік тазарту құрылыстарын және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу сияқты бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары әлі күнге дейін басталған жоқ. Сонымен қатар, жағалаудың жазғы маусымға дайындығы бойынша бірқатар мәселелер сақталып отыр. Кейбір учаскелерде жағажай инфрақұрылымы әлі де ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Қалқымалы белгілер, құтқару мұнаралары, киім ауыстыратын кабиналар және санитарлық тораптар жеткіліксіз. Сондықтан әкімдіктер аталған мәселелерді жазғы маусым басталғанға дейін толық шешуі қажет. Аталған жобалардың барлығы 2026–2029 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі жол картасына енгізілген», — деді министр.
Экологиялық туризм саласында тұрақты өсім байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге келушілер саны 3,7 миллион адамға жетті. Туристік жүктемені тиімді басқару және табиғи экожүйелерді сақтау мақсатында 2025 жылы экотуризмнің ұлттық стандарты жаңартылды. Осы бағытты одан әрі дамыту үшін ұлттық парктердегі инфрақұрылымды жетілдіруді, сондай-ақ туристік соқпақтар мен маршруттарды абаттандыруды жалғастыру қажет.
Экспорттық әлеуеті жоғары бағыттардың бірі – конгрестік-іскерлік туризм. Өткен жылы елімізде 13 халықаралық іс-шара өткізіліп, экономикаға шамамен $18 млн көлемінде пайда әкелді. Қазақстанның халықаралық нарықтағы орнын нығайту үшін қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою қажет. Атап айтқанда, Алматы қаласы іскерлік белсенділіктің негізгі орталығы ретінде халықаралық деңгейдегі заманауи конгресс-көрме кешеніне мұқтаж. Бұл мәселе бойынша тиісті шешім қабылдау қажет.
«Саланың өсуіне серпін беретін перспективалы бағыттардың бірі – медициналық туризм. Қазақстанның басты артықшылығы – көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімді құнының үйлесуі. Өткен жылы Қазақстан шамамен 80 мың шетелдік пациентті қабылдады. Отандық 10 медициналық ұйым халықаралық JCI (ДжейСиАй) аккредитациясына ие. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған медициналық туризмді дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленуде.
Еліміздің бірегей туристік өнімдерінің тағы бірі – әлемдегі алғашқы әрі ең ірі ғарыш айлағы Байқоңыр кешені. Үкімет тапсырмасы бойынша Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оны жүзеге асыру шеңберінде шетелдік туристерге рұқсат алу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл кешеннің қолжетімділігін арттырып, туроператорларға зымыран ұшыруды көруге апару бағдарламалары мен ұшулар арасындағы бағдарламаларды дамытуға мүмкіндік берді. Қазақстанға кейін қайтарылған Гагарин ұшқан алаң, монтаждап орнату және жанармай құю кешені мен динамикалық сынақтар стенді жоғары туристік әлеуетке ие. Алайда оларды жаңғырту үшін елеулі инвестициялар қажет. Әлеуетті инвесторлар үшін тизерлер әзірленді. Сонымен қатар ұшулар арасындағы кезеңде оқиғалық туризмді дамыту маңызды. Бұл туристер ағынын жыл бойы қамтамасыз етіп, қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», — деді Ербол Мырзабосынов.
2025 жылғы желтоқсанда туристерді тартуға бағытталған ірі іс-шаралардың күнтізбесі бекітілген. Бүгінгі таңда жоспарланған 55 іс-шараның 17-сі өткізілді. Олардың жалпы келушілер саны 150 мың адамнан асты. Өткізілген іс-шараларды ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өткен жөн. Олардың қатарында Сиверс алмасының гүлдену фестивалі, PGL (ПиДжиЭл) киберспорттық турнирі және «Тары Фест» этнофестивалі бар. Жыл соңына дейін өткізілетін іс-шаралар барысында да қол жеткізілген ұйымдастыру деңгейін сақтау маңызды. Өңірлердің алдында өткізілетін іс-шаралардың туристік және экономикалық тиімділігін арттыру, сондай-ақ олардың саланы дамытуға қосатын үлесін күшейту міндеті тұр.
«Осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында өтетін «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі. Оған әлемнің 50-ден астам елінен 900-ге жуық спортшы, халықаралық спорт ұйымдарының, цифрлық индустрияның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жанкүйерлер қатысады деп күтілуде. Турнир туристік ағынның ұлғаюына ықпал етпек, сондай-ақ Астананың қонақ үй, көлік және сервистік инфрақұрылымына қосымша сұраныс туғызбақ. Туроператорлар ойындарды тамашалау мен елордамыздың мәдени көрікті жерлерін аралауды қамтитын арнайы туристік пакеттер әзірледі. Жарыстар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Астананың 4 спорт нысанында, ашылу салтанаты 2026 жылғы 29 шілдеде «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді», — деді ол.
Министр туризм саласының тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда инвестициялар тарту маңызды екенін атап өтіп, бүгінде бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін айты. Жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың қатарында Алматы облысындағы инвестиция көлемі 57 млрд теңгені құрайтын «Oi-Qaragai» тау курорты, Қонаев қаласындағы құны 11 млрд теңге «ASP Arena» спорттық-ойын-сауық кешені, құны 2 млрд теңге «PetroRetail PFS» (ПетроРитэйл ПиЭфЭс) көпфункционалды жол бойы сервис нысаны бар. Аталған нысандардың пайдалануға берілуі туристік инфрақұрылымды нығайтуға, сервистің сапасын арттыруға және өңірлердің туристік әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі 25 қонақүй пайдалануға беріледі. 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған ірі жобалардың қатарында Шымкент қаласындағы құны 17,5 млрд теңге болатын «Hilton» (Хилтон) қонақүйі, Қонаев қаласындағы құны 28 млрд теңге болатын «Marriott» (Мэриот) қонақүй кешені және құны 53,3 млрд теңге болатын «Жібек жолы» курорттық-ойын-сауық кешені бар.
«Қазақстанды халықаралық деңгейде ілгерілету шеңберінде телевизиялық жобалар, халықаралық онлайн және баспа басылымдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ цифрлық жарнамалық науқандар арқылы шетелдік медиа-алаңдарда кеңінен таныстырылды. Қытай Халық Республикасы, Үндістан, Жапония, Корея Республикасы және Ресей Федерациясынан келген тележобалардың түсірілімдеріне қолдау көрсетілді. Сондай-ақ Қазақстан туралы материалдар 9 шетелдік онлайн-басылыммен серіктестік аясында 8 цифрлық және баспа медиа-алаңында жарияланды. Жалпы аудиторияның қамтылуы 53 миллионнан астам оқырманды құрады. Цифрлық ілгерілету аясында «TikTok» (ТикТок) және «Qunar» (Кунар) платформаларында жарнамалық науқандар іске асырылып, 19 миллионнан астам қаралым жинады. Жыл басынан бері Үндістан, Қытай және Жапониядан келген 27 шетелдік БАҚ өкілі мен туроператор үшін 4 ақпараттық тур ұйымдастырылды. Қазақстанның туристік әлеуетін одан әрі ілгерілету мақсатында Қытай нарығында маркетингтік жобаларды жүзеге асыру және оңтүстіккореялық «Хана Тур» туристік платформасымен ынтымақтастықты дамыту жоспарлануда», — деді Ербол Мырзабосынов.
Саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі – цифрландыру және бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыру. «eQonaq» – туристік ағындарды есепке алу және мониторинг жүргізуге арналған ақпараттық жүйе. Бүгінгі таңда жүйеде 900 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған.
Туристік ақпараттық ресурстарды ЭйАй-ассистенті бар бірыңғай Kazakhstan.travel порталына біріктіру жұмыстары жалғасуда. Портал 8 тілде қолжетімді және іс-шаралар күнтізбесін, туристік жарияланымдарды, фотобанкті, еліміздің туристік нысандары бойынша 3D-турларды қамтиды. Порталды іске қосу 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларын көрсету процестерін автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл рәсімдердің ашықтығын арттырады, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартады және бизнес үшін қолайлы жағдай жасайды. Аталған бастамаларды жүзеге асыру туристік қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге және заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
#Инвестициялар #Салық саясаты #Туризм #Қаржы #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу