Қазком «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-мен 250 млрд теңгеге келісімге қол қойды
«Казкоммерцбанк» АҚ «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-мен (ПКҚ) 10 жылдық мерзімге 250 млрд теңге көлемінде шартты қаржыландыруды бөлу жөніндегі келісімге қол қойды, деп хабарлайды қаржы институты.
«ҚР Ұлттық Банкі және Үкіметі қабылдаған шешімдерге сәйкес Ұлттық Банкі ПКҚ-мен Қазкоммерцбанктің несиелік қоржынының сапасын жақсарту мақсатында шартты қаржыландыру тәсімін іс-жүзіне асыру бойынша мәміленің шарттарына келісімін берді. Аталған мәміленің нәтижесінде Казкомда және жалпы банк саласында жұмыс істемейтін қарыздардың деңгейі төмендейді деп күтілуде», - деп хабарлайды баспасөз қызметінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың сөзіне сілтеме жасап.
«БТА-мен бірігуді аяқтаған Казком үшін маңызды нәтижеге қол жеткізілді. Мемлекеттің қолдауы біріктірілген банкке балансты проблемалық кредиттерден тазалауға көмектеседі. Бұл біз үшін басым міндет болып табылады», - деді Қазкоммерцбанк басқармасының төрағасы Мағжан Әуезов.
«Осы келісімге қол қоюдың алдында реттеуші орган, ПКҚ және Қазкоммерцбанк арасында ауқымды жұмыстар атқарылды, барлық қажетті процедуралар мен мақұлдаулар сәтті аяқталды. Біз аталған мәміле Қордың негізгі міндетін іс-жүзіне асыруға себептесіп, Қазақстанның банк жүйесінде жұмыс істемейтін қарыздардың үлесін азайтуға және активтердің сапасын арттыруға елеулі үлесін қосады деп күтеміз», - деді ПКҚ АҚ басқармасының төрағасы Ардақ Тиес.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз