19 Шілде 2016, 15:50
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет отырысы кезінде мемлекеттік органдарға Баян-Өлгей қаласында тұратын этникалық қазақтарға қолдау көрсету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
«Баян-Өлгейдегі қазақтарды қолдау бойынша тапсырмалар бердім», - деп жазды К.Мәсімов өзінің твиттердегі парақшасында.
Еске салайық, өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Кәрім Мәсімов 10 шілде күні сел жүрген Моңғолиядағы Баян-Өлгей округінің Өлгей қаласында болды. Табиғи апат салдарынан 100-ден астам үй бұзылып, 700 адам баспанасыз қалды.
Өлгей қаласындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесу кезінде Кәрім Мәсімов ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі сел салдарынан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсететінін айтқан еді.
Моңғолияға сапарының және қала басшылығымен кездесулерінің қорытындылары бойынша Қазақстан Премьер-Министрі қазақстандық мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігіне қазақстандық-моңғолдық гуманитарлық қор құру туралы мәселені қарастыру, сондай-ақ «Алтай - біздің ортақ үйіміз» экономикалық және мәдени-гуманитарлық жобасын құру бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов Баян-Өлгей қаласындағы музыкалық драма театрының сахнасын және өлкетану мұражайын қайта жөндеуге қаражат бөлу мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.
Инвестициялар және даму министрлігіне Баян-Өлгей - Алматы, Баян-Өлгей - Өскемен бағыттары бойынша әуе қатынастарын ашу туралы мәселені пысықтау жүктелді.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігіне Семей ет комбинаты үшін Моңғолиядан ет сатып алу жайы мен мал шаруашылығы кластерін құру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Сыртқы істер министрлігіне Баян-Өлгей қаласында консулдық қызмет ашып, сонымен қатар Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан елшілігінің ғимаратын салу тапсырылды.
Премьер-Министр сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігіне Моңғолияда тұрып жатқан этникалық қазақтарды Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқыту үшін квоталар санын арттыруды жүктеді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу